Әкімшілік қадағалау жөніндегі заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2026 жылғы 25 маусымдағы № 7 Нормативтік қаулысы
Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын сот практикасында дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Әкімшілік қадағалау туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі - Конституция) негізделген және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен (бұдан әрі - ҚК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен (бұдан әрі - ҚАК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінен (бұдан әрі - ҚПК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен (бұдан әрі - ӘҚБтК), «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII Қазақстан Республикасының Заңынан (бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Әкімшілік қадағалау соттың қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдардың құқықтары мен бостандықтарына уақытша шектеулер белгілеуі, оларға міндеттер жүктеуі (бұдан әрі - әкімшілік шектеу) және ішкі істер органдарының көрсетілген адамдардың (қадағалаудағы адамдардың) әкімшілік шектеулерді сақтауын қадағалауы арқылы олардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды қайталап жасауының алдын алуға бағытталған мәжбүрлі шара болып табылады. Әкімшілік қадағалау қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жаза болып табылмайды.
3. Әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы мәселені шешу кезінде соттар адамның Заңға сәйкес өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленуі мүмкін субъектісі болатын-болмайтынын тексеруі қажет.