Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет
істері агенттігі төрағасы
2025 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 196 бұйрығына 1-қосымша
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға ішкі конкурс өткізу
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған ішкі конкурс өткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына, 27-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға арналған ішкі конкурс өткізу тәртібін айқындайды (бұдан әрі - ішкі конкурс).
2. Ішкі конкурсты «Б» корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдары (бұдан әрі - бос лауазымдар) бар мемлекеттік орган өткізеді.
3. Мемлекеттiк орган бос лауазымға орналасуға кандидаттарды iрiктеу үшін конкурстық комиссияны қалыптастырады.
4. Конкурстық комиссияның шешімі бос лауазымға қабылдау немесе мұндай лауазымға қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
5. Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда, жарияланған ішкі конкурстар функциялары, өкілеттіктері мен штат сандары қандай да бір өзгерістерге жатпайтын мемлекеттік органның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің, ведомстволарының бос лауазымдарына орналасуға арналған ішкі конкурстарды қоспағанда, оларды өткізудің кез келген кезеңінде жойылады.
6. Денешынықтыру және спорт бойынша жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың бірінші басшыларының лауазымдарына ішкі конкурс әңгімелесу кезеңінің алдында ішкі конкурсқа қатысушыларды дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкiлеттi органмен келісудің кезеңін қамтиды.
Келісудің теріс нәтижесі бар қорытынды кандидаттарды конкурстық комиссиямен әңгімелесуге жібермеуге негіз болып табылмайды.
7. Азаматтар ішкі конкурсқа қатысу шығындарын (әңгімелесу өтетін жерге келу және қайту, тұрғын үй-жайды жалдау, тұру, байланыс қызметінің барлық түрлерін пайдалану) өздерінің жеке қаражаттары есебінен жүргізеді.