Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 нормативтік қаулысы
(2024.19.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Сот практикасында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы ережелерінің және Жалпы бөлігінің кейбір нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
ҚР Жоғарғы Сотының 2024.29.11. № 7 Нормативтік қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 19 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі - Конституция), халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына негізделетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен (бұдан әрі - ӘҚБтК) тұрады, әкімшілік жауаптылықтың шарттары мен негіздерін, әкімшілік жазалардың түрлерін, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібін, оның ішінде осы істердің ведомстволығы мен соттылығын анықтайды.
Соттар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелері Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сәйкес оның қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатынын негізге алуға тиіс. Істі қарау кезінде сот Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасының нормаларын, егер халықаралық шартпен өзге қағидалар белгіленсе, Қазақстан Республикасы үшін оның міндеттілігін келісу туралы шешім ратификациялау немесе қосылу арқылы қабылданған болса, қолдануға құқылы емес. Мұндай жағдайларда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.