«Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 15 мамырдағы № 229 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 4 қарашадағы № 671 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 15 мамырдағы № 229 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларында:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау кезінде Бюджет кодексін, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 мамырдағы № 223 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын (бұдан әрі - Бухгалтерлік есепке алу қағидалары), Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 15 мамырдағы № 230 бұйрығымен бекітілген Қаржылық есептілікті жасау мен ұсыну қағидаларын (бұдан әрі - Қаржылық есептілікті жасау мен ұсыну қағидалары) және осы Қағидаларды басшылыққа алынады.»;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Осыған ұқсас мәмілелер мен басқа да оқиғалар үшін шоғырландырылған қаржылық есептілік бірыңғай есептік саясат негізінде жасалады. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкілетті органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік мекемелер бірыңғай есепке алу қағидаларын қолданады.
Қаржылық есептілікті жасау мен ұсыну қағидаларына сәйкес жасалатын берешектің жай-күйі туралы қаржылық есептілік бухгалтерлік баланстардың деректерімен салыстырылады.»;