Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар
жөніндегі агенттiгiнiң, "Қазпатент" және "Қазақстан Республикасының
Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі
агенттiгiнiң Статистика және талдау жөніндегі комитетiнiң Ақпараттық-есептеу
орталығы" республикалық мемлекеттік кәсiпорындарын
құру мәселелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
қаулысы 1997 жылғы 12 қарашадағы № 1552
"Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқарудың пәрмендiлiгiн одан әрi арттыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 10 қазандағы № 3655 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етедi:
1-5.
ЕСКЕРТУ. 1-5-тармақтары күшiн жойды - ҚРҮ-нiң 1998.12.15. № 1287
қаулысымен.
6.
ЕСКЕРТУ. 6-тармақ өзгердi - ҚРҮ-нiң 1998.02.25. № 142
қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 6-тармақ өзгердi - ҚР Үкіметінiң 2000.08.23. № 1295
қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 6-тармақ күшiн жойды - ҚР Үкіметінің 2001.03.29. № 411
қаулысымен.
7. Пайдаланушыларға жедел және сенiмдi қызмет көрсету үшiн бiрыңғай статистикалық ақпарат жүйесiн жетiлдiру, қазiргi заманғы ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында, шаруашылық жүргiзу құқығы бар. "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттiгiнiң Статистика және талдау жөніндегі комитетiнiң Ақпараттық-есептеу орталығы" республикалық мемлекеттік кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттiгiнiң Статистика және талдау жөніндегі комитетi Кәсiпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың уәкiлеттi органы, сондай-ақ мемлекеттік меншiк құқығы субъектiсiнiң функцияларының жүзеге асырушы органы болып белгiленсiн.
Уәкiлеттi орган белгiленген тәртiппен Кәсiпорынның жарғылық капиталын қалыптастырсын және оның жарғысын бекiтсiн.
8. "Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысына мынадай толықтыру енгiзiлсiн (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
аталған қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың тiзбесi мынадай мазмұндағы бөлiммен, реттiк нөмiрлерi 413, 414 жолдармен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттiгi
"Қазпатент" патенттер және тауарлық белгiлер жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсiпорны (шаруашылық жүргiзу құқында) Алматы қаласы;
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттiгiнiң Статистика және талдау жөніндегі комитетiнiң Ақпараттық-есептеу орталығы (шаруашылық жүргiзу құқында), Алматы қаласы".
9. "Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігінiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1997 жылғы 23 мамырдағы № 875 қаулысының 1-тармағының екiншi абзацының және 3-тармағының күшi жойылған деп танылсын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 21, 189-құжат).
10.
ЕСКЕРТУ. 10-тармақ күшiн жойды - ҚРҮ-нiң 1998.12.15. № 1287
қаулысымен.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 12 қарашадағы
№ 1552 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және
реформалар жөніндегі агенттiгi туралы
ЕРЕЖЕ
Миссиясы: Қазақстанның тұрақты даму стратегиясын әзiрлеу, министрлiктер мен ведомстволардың оны және әлеуметтiк-экономикалық реформаларды iс-жүзiне асыру жөніндегі жұмыстарын үйлестiру.
I. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттiгi (бұдан әрi - Агенттiк) стратегиялық жоспарлар және жекелеген бағдарламалар әзiрлеп, оларды жүзеге асыру кезiнде жалпыұлттық дамудың бiртұтас мемлекеттік саясатын әзiрлейтiн, мемлекеттік басқару органдарының қызметiн ведомствоаралық және салааралық үйлестiрiп отыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
2. Агенттiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң актілеріне, өзге де нормативтiк құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Агенттiктiң аппаратын ұстауға арналған шығыстар республикалық бюджетте орталық атқарушы органдарды ұстауға көзделген қаржының есебiнен қаржыландырылады.
4. Агенттiктiң құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
5. Агенттiк заңды тұлға болып табылады, оның банкте шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өз атауы мемлекеттік тiлде жазылған мөрi болады.
II. Басымдықтары
6. Агенттiктiң басымдықтары мыналар болып табылады:
стратегиялық жоспарлау;
стратегиялық бақылау;
әлеуметтiк-экономикалық реформаларды жүзеге асыру және үйлестiру;
стратегиялық жоспарларды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттік басқару органдарының қызметiн үйлестiру;
бюджет саясатын және елдiң дамуына сыртқы көмектi стратегиялық жоспарлармен үйлестiру.
III. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi
7. Агенттiктiң қызмет саласындағы негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасының ұлттық дамуының стратегиялық жоспарларын әзiрлеу;
елдiң қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi кезеңдерге арналған әлеуметтiк-экономикалық даму жоспарларын және болжамдарын әзiрлеу;
әлеуметтiк-экономикалық реформаларды жүзеге асыру және үйлестiру;
стратегиялық бақылауды жүзеге асыру;
мемлекеттік бюджеттiң негiзгi көрсеткiштерi мен жiктемелерiн жоспарлау мен әзiрлеу, бюджет саясатының негiзгi бағыттары мен басымдықтарын жасау;
дамуға ресми көмек тартуда мемлекеттік саясат жүргiзу;
мемлекеттік баға, монополияға қарсы, аймақтық, сыртқы экономикалық, әлеуметтiк саясатты әзiрлеу мен жүзеге асыру;
статистика саласында мемлекеттік саясатты жүргiзу және оған басшылық жасау, ғылыми әдiстер және халықаралық өлшемдер негiзiнде бiрыңғай статистикалық және ақпарат жүйесiнiң құрылуын, жұмыс iстеуiн және жетiлдiрiлуiн қамтамасыз ету;
стандарттау саласында стратегиялық жоспарлар жасау, "Қазақстан-2030" Стратегиясын жүзеге асыру үшiн қажеттi әлемдiк деңгейдегi мемлекеттік стандарттарды жасауды үйлестiру және олардың енгiзiлуiн және қолданылуын бақылау;
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсырмасы бойынша айрықша маңызды мемлекеттік бағдарламаларды әзiрлеу.
ЕСКЕРТУ. 7-тармақтың 11 абзацы алынып тасталды - ҚРҮ-нiң
1998.02.25. № 142 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 7-тармақтың 10 абзацы жаңа редакцияда - ҚРҮ-нiң
1998.02.24. № 136 қаулысымен.
IV. Агенттiктiң функциялары
8. Агенттiк өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
Қазақстан Республикасы экономикасының және әлемдiк экономиканың жай-күйiн талдап, болжайды;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарының стратегиялық жоспарларды және реформаларды жүзеге асыруын үйлестiредi және бақылайды;
министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң, өзге орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың ұзақ мерзiмдi, орта мерзiмдi және ағымдағы жоспарларды әзiрлеу жөніндегі жұмыстарын үйлестiредi;
республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын талдайды;
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен және Ұлттық Банкiмен бiрлесе отырып мемлекеттік бюджет жобасының негiзгi көрсеткiштерiн белгiлейдi;
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен бiрлесе отырып республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң өзара iс-қимылдарының тетiктерiн әзiрлейдi және реттеуге қатысады;
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен және Ұлттық банкiмен бiрлесе отырып мемлекеттiң сыртқы берешегiн талдап, оның лимитiн белгiлейдi;
Қазақстан Республикасының дамуына ресми көмек шеңберiнде берiлген бағдарламалық және жобалық заемдарды тарту, пайдалану, мониторинг жасау және есепке алу саласында жоспарлау мен үйлестiрудi жүзеге асырады;
стратегиялық инвестициялық басымдықтарды айқындайды;
мемлекеттік тұрғын үй саясатын iске асырудың тетiгiн жетiлдiру жөніндегі жұмысты үйлестiредi;
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен бiрлесе отырып мемлекеттік қызметтi реформалауды жүзеге асырады;
сыртқы экономикалық стратегияны және мемлекетаралық экономикалық кiрiгу саясатын әзiрлейдi;
аймақтардың әлеуметтiк-экономикалық ахуалын талдайды және оларды дамыту бағдарламаларын әзiрлеуге қатысады;
жер қойнауын пайдалану келісім-шарттарына техникалық-экономикалық баға бередi және олардың экономикалық моделiн айқындайды;
кәсiпкерлiктi мемлекеттік қолдаудың тетiгiн әзiрлейдi;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарының және шаруашылық субъектiлерiнiң қызметтерiн статистикалық деректермен ақпараттық қамтамасыз етедi;
"Қазақстан-2030" Стратегиясын iске асыру үшiн қажеттi әлемдiк деңгейдегi мемлекеттік стандарттарды жасау тапсырмаларын қалыптастырады, орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдардың оларды енгізуiн және қолдануын бақылайды;
табиғи монополияшы кәсiпорындардың өнiмдерiнiң және орталық, жергiлiктi атқарушы органдардың көрсететiн қызметтерiн, бағасы мен тарифтерiн бақылап, реттеп отырады;
инфрақұрылымды дамытудың және өнеркәсiп өндiрiсiн диверсификациялаудың негiзгi бағыттарын әзiрлеудi үйлестiредi;
мемлекеттік iшкi саясатының негiзгi бағыттарын қалыптастыруға қатысады;
Қазақстанның халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарының қызметiне қатысуына байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының саясатын жасауға және iске асыруға, шетелдермен экономикалық ынтымақтастық жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге қатысады;
өз қызметiнiң саласында заңдарды қолдану тәжiрибесiн талдап, қорытады, оны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi, заңдық және өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеуге қатысады, оларды Үкiметтiң қарауына ұсынады;
халықаралық шарттар мен келісімдердiң жобаларын әзiрлеуге қатысады;
Үкiметтiң тапсыруы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына қол қояды;
Қазақстан Республикасының әскери-стратегиялық дамуының негiзгi бағыттарын әзiрлеудi үйлестiредi;
жұмылдыру даярлығы саласында бiрыңғай саясат жүргiзiледi, жұмылдыру жоспарларын әзiрлеудi үйлестiредi;
өзiне Қазақстан Республикасының заңдары, Президентi мен Үкіметі жүктеген өзге де функцияларды атқарады.
ЕСКЕРТУ. 8-тармақтың 20-шi абзацы алынып тасталды - ҚРҮ-нiң
1998.02.25. № 142 қаулысымен.
ЕСКЕРТУ. 8-тармақтың 18 абзацы жаңа редакцияда - ҚРҮ-нiң
1998.02.24. № 136 қаулысымен.
V. Агенттiктiң құқықтары
9. Агенттiк өзiне жүктелген тапсырмаларды жүзеге асырғанда және мiндеттердi атқарғанда:
Қазақстан Республикасының Үкіметіне елдi дамытудың мақсаттары, басымдықтары және стратегиясы жөнiнде ұсыныстар енгізуге;
мемлекеттік басқару органдарының елдiң даму стратегиясын және олардың қысқа мерзiмдi стратегиялық жұмыс жоспарларының орындауына бақылау жасауға;
елдiң даму стратегиясын және стратегиялық жұмыс жоспарларын iске асыруға кедергi болатын, өздерi қабылданған актілерін жою немесе өзгерту туралы орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға ұсыныстар енгізуге;
қолданылып жүрген заңдарға сәйкес бақылау жасауға, қадағалауға, сондай-ақ заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тартуға;
өз құзыретiнiң шегiнде орындалуы мiндеттi нұсқаулар беруге және нормативтiк құқықтық актiлер шығаруға;
Агенттiк белгiлеген мерзiмдерде мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, лауазымды адамдар мен азаматтардан ақпарат сұратуға және алуға;
өз құзыретiнiң шегiнде халықаралық шарттар жасасуға, шет елдердiң тиiстi ведомстволарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдiк заңды тұлғалармен келiссөздер жүргiзуге және келісімдерге қол қоюға;
мемлекеттік басқарудың басқа органдарының мамандарын, сондай-ақ шетелдiк және жергiлiктi сарапшылар мен мамандарды жұмысқа тартуға;
өз құзыретiнiң шегiнде мемлекет меншiгіндегі мүлiктi иеленуге, пайдалануға және билiк етуге;
заңдарда белгiленген жағдайлар мен тәртiпте лицензиялауды жүзеге асыруға;
мемлекеттік кәсiпорындарды және өзге де ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерi жөнiнде Үкiметке ұсыныстар енгізуге;
мемлекеттік кәсiпорындардың құрылтайшысы болуға, олардың жарғыларын бекiтуге, оларға қатысты мемлекеттік меншiк құқығы субъектiсiнiң функциясын жүзеге асыруға;
мемлекеттік кәсiпорындардың басшыларын тағайындауға;
өз өкiлеттiктерi мен функцияларының бiр бөлiгiн ведомстволық бағынысты ұйымдарға беруге құқығы бар.
VI. Агенттiктiң және оның лауазымды адамдарының
жауапкершiлiгi
10. Агенттiк заңды тұлға ретiнде Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарының нормаларына сәйкес өзiне жүктелген мiндеттердiң уақытылы және сапалы орындалуына жауап бередi.
Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруы Агенттiктiң төрағасы - Министр жеке жауап бередi.
Агенттiктiң жүйесiне кiретiн департаменттерге, комитеттерге, ұйымдарға және аумақтық органдарға жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен функцияларының жүзеге асырылуына олардың басшылары жеке жауап бередi.
11. Агенттiктiң орталық аппаратының, оның жүйесiне кiретiн комитеттердiң, ұйымдардың және аумақтық органдардың қызметкерлерi тәртiптiк ағаттықтары үшiн қолданылып жүрген, заңдарда белгiленген тәртiппен жауапкершiлiкте болады.
VII. Агенттiктiң қызметiн ұйымдастыру
12. Агенттiкке Төраға - Министр (бұдан әрi - Төраға) басшылық жасайды, оны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Агенттiк төрағасының үш орынбасары, оның iшiнде - Атқарушы директор болып табылатын бiр орынбасары, сондай-ақ Парламентпен байланыс жасау жөніндегі хатшысы болады, оларды Төрағаның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Төраға Агенттiктiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, оның жүйесiне кiретiн комитеттердiң, ұйымдардың және аумақтық органдардың қызметiне бақылау жасайды.
13. Агенттiктiң Төрағасы:
Төрағаның орынбасарлары арасында мiндеттердi бөледi, Агенттiк департаменттерi директорларының және басқа да жауапты қызметкерлердiң өкiлеттiктерi мен мiндеттерiн белгiлейдi;
Агенттiктiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
қолданылып жүрген заңдарға сәйкес барлық органдар мен ұйымдарда Агенттiктi бiлдiредi;
департаменттер мен аумақтық органдардың құрылымын және олар туралы ережелердi бекiтедi;
өз құзыретiне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
14. Агенттiкте Агенттiк Төрағасынан, Төрағаның орынбасарларынан, Парламентпен байланыс жөніндегі хатшыдан және департаменттер мен комитеттердiң басшыларынан тұратын Директорлар кеңесi құрылады.
Директорлар кеңесiнiң жеке құрамын Агенттiктiң төрағасы бекiтедi.
15. Агенттiк өз құзыретіндегі мәселелер бойынша орталық және жергiлiктi атқарушы органдар үшiн мiндеттi шешiмдер қабылдайды.
Агенттiк қабылдайтын шешiмдер Төрағаның бұйрығымен ресiмделедi.
16. Агенттiктiң Атқарушы директоры Агенттiктiң төрағасы болмаған кезде оны ауыстырады.
17. Агенттiктiң жүйесiне департаменттер, комитеттер, аумақтық органдар, сондай-ақ оның қызметiн қамтамасыз ететiн ұйымдар кiредi.
Комитеттер мен аумақтық органдар заңды тұлғалар болып табылады. Агенттiктiң қызметiн қамтамасыз ететiн комитеттердiң, аумақтық органдардың және ұйымдардың тiзбесiн Үкiмет айқындайды.
18. Комитет төрағасын Агенттiктiң ұсынуы бойынша Қазақстан
Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайды және қызметтен
босатады. Департаменттi Агенттiктiң төрағасы қызметке тағайындайтын
және қызметтен босататын Директор басқарады. Аумақтық органды тиiстi
облыстың немесе Алматы қаласының әкімімен келiсе отырып Агенттiктiң
төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын бастық
басқарады.
19. Департамент Директоры (Комитет төрағасы, аумақтық органның бастығы) Департаменттiң (Комитеттiң, аумақтық органның) жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды.
20. Комитеттердiң қызмет саласындағы негiзгi мiндеттерi, функциялары мен құқықтары, комитет төрағаларының жауаптылығы, олардың өкiлеттiктерi комитеттер туралы ережелермен айқындалады.
Комитеттер туралы ережелерi және олардың құрылымын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
21. Комитеттердi ұстауға арналған шығыстар республикалық бюджетте Агенттiктi ұстауға көзделген қаржы, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алатын басқа да қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
22. Комитеттiң аумақтық органының басшысын тиiстi облыстың немесе Алматы қаласының әкімімен келiсе отырып Комитет төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 12 қарашадағы
№ 1552 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және
реформалар жөніндегі агенттiгiнiң
ҚҰРЫЛЫМЫ
Басшылық
Стратегиялық талдау департаментi
Макроэкономикалық саясат және болжамдау департаментi
Стратегиялық жоспарлау департаментi
Сыртқы экономикалық стратегия департаментi
Сыртқы көмектi үйлестiру департаментi
Әлеуметтiк-экономикалық саладағы реформалар департаментi
Ұйымдастыру-талдау жұмысы департаментi
Статистика және талдау жөніндегі комитет (заңды тұлға құқығында)
Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі комитет (заңды
тұлға құқығында)
ЕСКЕРТУ. Құрылым өзгердi - ҚРҮ-нiң 1998.02.24. № 136 қаулысымен.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінiң
1997 жылғы 12 қарашадағы
№ 1552 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және
реформалар жөніндегі агенттiгiнiң қарауындағы
аумақтық органдар мен ұйымдардың тiзбесi
Облыстық экономика басқармалары және Алматы қалалық экономика басқармасы
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттiгi комитеттерiнiң аумақтық органдары және комитеттерге ведомстволық бағынысты ұйымдар
Экономикалық зерттеулер институты
Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры
Әкiмшiлiк-шаруашылық басқармасы
Ақмола қаласына орналастыру және объектiлердi салу дирекциясы
ЕСКЕРТУ. Тiзбе өзгердi - ҚРҮ-нiң 1998.02.25. № 142 қаулысымен.