Республиканың тұтыну рыногын адамдардың өмiрi мен денсаулығы
үшiн қауiп тудыратын сапасыз тауарлардың енуiнен қорғауды қамтамасыз
ету туралы Қазақстан Респубилкасы Премьер-Министрінің
өкімі 1996 жылғы 4 желтоқсан № 550
Мемлекеттік бақылауды күшейту және республиканың тұтыну рыногын адамдардың өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiп тудыратын сапасыз тауарлардың енуiнен қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетi:
мүдделi министрлiктермен, мемлекеттік комитеттермен және өзге де орталық атқарушы органдармен бiрлесiп 1997 жылдың 1 шiлдесiне дейiн мемлекетаралық және халықаралық стандарттарда келтiрiлген әдiстемелердi пайдалана отырып тамақ өнiмдерiн бiрдейлендiрудiң тәртібін айқындайтын нормативтiк құжаттарды әзiрлесiн және белгiленген тәртiппен қабылдасын;
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен және Қазақстан Республикасының баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетiмен бiрлесiп 1997 жылдың 1 ақпанына дейiн Қазақстан Республикасына әкелiнетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) сапасы мен қауiпсiздiгiне қажеттi талаптарды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды үйлестiрушi құжатты әзiрлесiн және оны белгiленген тәртiппен қабылдасын.
2. Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетi, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетi, Қазақстан Республикасының Өнеркәсiп және сауда министрлігі, Экономика министрлігі үш айлық мерзiм iшiнде азық-түлiктiң құрамын, тағамдық құндылығын, дайындалған күнiн, жарамдылық мерзiмiн, сақтау және қолдану шарттарын көрсете отырып республикаға әкелiнетiн тамақ өнiмдерiнiң қазақ және/немесе орыс тiлдерiнде жапсырмалары (арасына салатын парақтары) болуын қамтамасыз ету жөнiнде шара қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетi, Денсаулық сақтау министрлігі, Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлігі, Кеден комитетi, Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлігі, Өнеркәсiп және сауда министрлігі және Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетi 1997 жылдың 1 наурызына дейiн Мiндеттi сертификаттауға жататын тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) тiзбесiн бекіту туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын дайындасын және оны Үкiметке ұсынатын болсын.
4. Қазақстан Республикасының Кеден комитетi мен Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитетi 1997 жылдың 1 наурызына дейiнгі мерзiмде түсетiн өнiмдердiң сапасына бақылауды күшейту мақсатында Мiндеттi сертификаттауға жататын өнiмдердi әкелудiң тәртібіне қажеттi өзгерістер мен толықтырулар енгiзсiн.
5. Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі 1997 жылдың 1 ақпанына дейiн адамдардың өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiп тудыратын шетелдiк тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және сату үшiн жауапкершiлiк шараларын күшейту жөнiнде ұсыныс дайындасын және оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынсын.
Премьер-Министр