Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 30 қарашадағы
№ 1518 қаулысымен
бекітілген
Жеке табыс салығы бойынша салық есептілігін (декларацияны) жасау
қағидалары
(220.00-нысан)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке табыс салығы бойынша салық есептілігін (декларацияны) жасау қағидалары (220.00-нысан) (бұдан әрі - Қағидалар) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық Кодексі), «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Енгізу туралы Заң) сәйкес әзірленген және жеке табыс салығын есептеуге арналған жеке табыс салығы бойынша салық есептілігі нысанын (декларацияны) (бұдан әрі - декларация) жасау тәртібін айқындайды. Декларацияны Салық кодексінің 20-тарауы 183-бабына, 21-тарауына сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салықтарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын жеке тұлғалар - дара кәсіпкерлер, сондай-ақ Салық кодексінің 7-бөліміне сәйкес резидент емес жеке тұлғалар жасайды.
2. Декларация декларацияның өзінен (220-нысан) және салық міндеттемесінің есептелуі туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналған оған қосымшалардан (220.01-ден 220.04-ке дейінгі нысандар) тұрады.
3. Декларация толтыру кезінде түзетуге, өшіруге және тазалауға жол берілмейді.
4. Көрсеткіштер болмаған кезде тиісті торкөздері толтырылмайды.
5. Декларацияға қосымшалар декларациядағы тиісті көрсеткіштерді көрсетуді талап ететін жолдарды толтыру кезінде міндетті тәртіпте жасалады.
6. Декларацияға қосымшалар оларда көрсетілуі тиіс деректер болмаған кезде жасалмайды.
7. Декларацияға қосымшалардың парағында бар жолдардағы көрсеткіштердің саны асып кеткен жағдайда декларацияға қосымшаның осындай парағы қосымша толтырылады.
8. Осы Қағидаларда мынадай арифметикалық белгілер қолданылады: «+» - қосу; «-» - алу; «х» - көбейту; «/» - бөлу; «=» - тең.
9. Сомалардың теріс мәндері декларацияның тиісті жолының (бағанының) бірінші сол жақтағы торкөзінде «-» белгісімен белгіленеді.