Қызметкерге сыйақы төлеу - жұмыс берушінің міндеті емес, құқығы болып табылады
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының 2014 жылғы 13 ақпандағы № 3гп-4-14 қаулысынан үзінді
Талапкер Д. жауапкер «Медиа орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі-Серіктестік) 2012 жылғы 6 желтоқсандағы, 2012 жылғы 7 желтоқсандағы әкімшілік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күшін жоюға, Тәуелсіздік күніне арналған және жыл қорытындысы бойынша тағайындалған сыйақыларды төлеуге және 700 000 теңге көлемінде моральдық зиян өндіруге міндеттеу туралы сотқа талап арыз берген.
Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2013 жылғы 23 мамырдағы шешімімен Д.-ның талаптары ішінара қанағаттандырылған. Серіктестік директорының әкімшілік жаза қолдану туралы бұйрықтарының күші жойылып, өзге талаптар қанағаттандырусыз қалдырылған.
Астана қалалық соты апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, Д.-ның пайдасына Серіктестіктен 700 000 теңге сыйақы және мемлекеттің пайдасына 7 000 теңге сот шығыны өндірілген.
Астана қалалық сотының кассациялық сот алқасы апелляциялық сатының қаулысын өзгеріссіз қалдырған.
Серіктестік екі сот алқасының қаулыларын заңсыз және негізсіз деп санайтынын, мерекелік күндерге сыйақы тағайындау әкімшіліктің жеке құзырында екенін, ал есептік кезеңге сыйақы үнемделген қаржы есебінен төленетінін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жою туралы Жоғарғы Соттың қадағалау сот алқасына өтініш берген.
Талапкер Д. өтінішке қарсы пікір ұсынбаған.
Серіктестік өкілінің өтінішті қолдаған пікірін, прокурордың сыйақылар өндіру жөніндегі бөлігінде сот шешімін бұзу туралы қорытындысын тыңдап, азаматтық істің материалдарын зерттеп, қадағалау сот алқасы төмендегідей тұжырым жасады.