Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің міндетін
атқарушының
2026 жылғы 29 қазандағы
№ 544 бұйрығына
5-қосымша
Кәсіптік стандарт: «Сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне арналған құбырлардың құрылысы»
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: Стандарт құрылыста сумен жабдықтау және су бұру құбыр жүйелерін монтаждауды, баптауды және пайдалануды жүзеге асыратын қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер, анықтамалар мен қысқартулар қолданылады:
1) білім - кәсіби міндет шеңберінде іс-қимылдарды орындау үшін қажетті зерделенген және меңгерілген ақпарат;
2) дағды - кәсіби міндетті толық орындауға мүмкіндік беретін білім мен іскерлікті қолдану қабілеті;
3) кәсіптік стандарт - формальды және (немесе) формальды емес және (немесе) ақпараттық білімді, біліктілік пен құзыреттілік деңгейін, кәсіптік қызметтің нақты саласында еңбек мазмұны, сапасы мен жағдайларын ескере отырып, білімге, іскерлікке, дағдыға, жұмыс тәжірибесіне қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін жазбаша ресми құжат;
4) іскерлік - кәсіби міндет шеңберінде жеке-дара іс-әрекеттерді физикалық және (немесе) ақыл-оймен орындау қабілеті;
5) салалық біліктілік шеңбері - салада танылатын сараланған біліктілік деңгейлерінің негіздемелік құрылымы болып табылатын ұлттық біліктілік жүйесінің құрамдас бөлігі (кіші жүйесі);
6) құбыр - су мен сарқынды суларды тасымалдауға арналған құбырлардан, жалғастырушы бөлшектер мен арматурадан жасалған құрылыс;
7) траншея - жерасты құбырлары мен коммуникацияларын төсеуге арналған уақытша ашық тау-кен қазбасы (қазба).
3. Осы кәсіптік стандартта мынадай қысқартулар қолданылады:
1) БТБА - бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы;
2) БА - біліктілік анықтамалығы;
3) КС - кәсіптік стандарт;
4) СБШ - салалық біліктілік шеңбері;
5) ҚОАМТ - құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологиялары;
6) ЖИ - жасанды интеллект.
2-тарау. Кәсіптік стандарттың паспорты