Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2024 жылғы 23 қаңтардағы
№ 60 бұйрығына
18-қосымша
«Әйнектен, керамикадан және силикат құрылыс материалдарынан жасалған бұйымдарды сот-сараптамалық зерттеу»
кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-тармағына сәйкес «Әйнектен, керамикадан және силикат құрылыс материалдарынан жасалған бұйымдарды сот-сараптамалық зерттеу» кәсіптік стандарты әзірленді, ол әйнектен, керамикадан және силикат құрылыс материалдарынан жасалған бұйымдарды сот-сараптамалық зерттеуін жүргізу жөніндегі сот сарапшысының біліктілік, құзыреттілік деңгейіне, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындауға арналған және сот-сараптама қызметі саласында қолданылады.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) әйнектен, керамикадан және силикат құрылыс материалдарынан жасалған бұйымдарды сот-сараптамалық зерттеуінің объектілері - әйнек, керамика, құрылыс материалдары мен олардан жасалған бұйымдар, бұйымдардың жекелеген бөліктері, әйнектен, керамикадан және құрылыс материалдарынан жасалған заттарды алуға арналған шикізат материалдары, тасымалдағыш-заттардағы әйнек, керамика және құрылыс материалдары бөлшектері қатпарларының іздері, белгілі бір өнімді алудың және дайындаудың технологиялық процестері;
2) әйнектен, керамикадан және силикат құрылыс материалдарынан жасалған бұйымдарды сот-сараптамалық зерттеуінің мәні - осы объектілерді өндіру технологиясы, құрамы және зерттеу әдістері саласындағы арнайы ғылыми білімді пайдалана отырып, сот сараптамасы теориясының жалпы ережелері негізінде тергеліп жатқан оқиғаның нақты деректерін, мән-жайларын анықтау;
3) білім - кәсіптік міндет шеңберінде іс-әрекеттерді орындау үшін қажетті зерделенген және меңгерілген ақпарат;
4) дағды - кәсіптік міндетті толығымен орындауға мүмкіндік беретін білім мен машықты қолдану қабілеті;