Қалдықтарды игеру жөніндегі ұлттық орталығының функцияларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2026 жылғы 9 қазандағы № 266 бұйрығы
Қазақстан Республикасының Экология кодексі 27-бабы 2-тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қалдықтарды игеру жөніндегі ұлттық орталығының мынадай:
1) техникалық сүйемелдеуді, функционалдық мүмкіндіктерді дамытуды, пайдаланушыларды қолдауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және өңірлік ақпараттық жүйелермен интеграцияны қоса алғанда, қалдықтарды есепке алу мен мониторингтеудің цифрлық жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
2) қалдықтардың пайда болуы, жинақталуы, жиналуы, тасымалдануы, қабылдануы, сұрыпталуы, қалпына келтірілуі (қайта өңделуі), кәдеге жаратылуы, залалсыздандырылуы және жойылуы туралы мәліметтерді қоса алғанда, қалдықтарды есепке алу мен мониторингтің цифрлық жүйесіне түсетін деректерді жинау, өңдеу, жүйелеу, сақтау және талдау;
3) қалдықтарды есепке алу мен мониторингтеудің цифрлық жүйесінің деректері негізінде қалдықтарды игеру жүйесін жетілдіру бойынша талдамалық материалдарды, жиынтық есептерді, болжамдар мен ұсыныстарды қалыптастыру, сондай-ақ қалдықтардың түрлері, өңірлер және қалдықтарды игеру инфрақұрылымының объектілері бойынша саланың жай-күйіне талдау жүргізу;
4) қалдықтардың мемлекеттік кадастрын, оның ішінде жойылуы қиын органикалық ластағыштары бар қалдықтар кадастрының бөлімін жүргізу, қалдықтардың мемлекеттік кадастрына енгізілген полигонға жеке тіркеу нөмірін беру;
5) қалдықтардың мемлекеттік кадастрын жүргізу нәтижелері бойынша жыл сайынғы шолуды жасау үшін материалдар дайындау және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 384-бабының 1-1-тармағында көзделген ақпаратты ұсыну;