Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және
құрылыс министрінің
2026 жылғы 4 қарашадағы
№ 560 бұйрығына 6-қосымша
Кәсіптік стандарт:
«Құрғақ құрылыс шебері (жұмысшы біліктілігі)»
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Құрғақ құрылыс шебері (жұмысшы біліктілігі)» кәсіби стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 5-тармағына және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) өзектендіру қағидаларына сәйкес әзірленді. Кәсіби стандарт құрғақ құрылыс конструкцияларын монтаждау бойынша жұмыстарды орындайтын қызметкерлердің біліктілігіне, біліміне, іскерлігіне және кәсіби дағдыларына қойылатын талаптарды, оның ішінде қаңқалы-қаптамалы конструкцияларды, қалқаларды, қаптамаларды, аспалы төбелерді және ғимараттар мен құрылыстардың ішкі әрлеуінің өзге де элементтерін орнатуды айқындайды. Кәсіптік стандарт білім беру бағдарламаларын әзірлеу, қызметкерлерді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру, кәсіптік біліктілікті тану, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен түлектерінің біліктілігін бағалау, сондай-ақ персоналды басқару және дамыту саласындағы міндеттерді шешу кезінде қолданылады.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер, анықтамалар мен қысқартулар қолданылады:
1) білім - кәсіптік міндет шеңберінде іс-әрекеттерді орындау үшін қажетті зерделенген және меңгерілген ақпарат;
2) дағды - кәсіптік міндетті толығымен орындауға мүмкіндік беретін білім мен машықты қолдану қабілеті;
3) кәсіп - жеке адам жүзеге асыратын және орындалуы үшін белгілі бір біліктілікті талап ететін қызмет түрі;
4) кәсіптік біліктілік - кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін құзыреттерді меңгеруді сипаттайтын кәсіптік даярлық дәрежесі;