«Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архивтік құжаттарды мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 9 тамыздағы № 215 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 1-НҚ бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архивтік құжаттарды мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 9 тамыздағы № 215 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33290 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архивтік құжаттарды мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің жинақтау, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидаларында:
2-тармақта:
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) архивтік көшірме - архивтік құжат мәтінін сөзбе-сөз дәл беретін сақтау бірлігінің архивтік шифрі мен парақтар нөмірлері көрсетілген, осы Қағидалардың 460-тармағына сәйкес ресімделген көшірме;»;
мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
«10-1) архивтік құжаттарды пайдалану қоры (бұдан әрі - пайдалану қоры) - түпнұсқалардың орнына пайдалануға арналған архивтік құжаттардың көшірмелерінің жиынтығы;»;
21) және 22) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«21) ғылыми-анықтамалық аппарат (бұдан әрі - ҒАА) - архивтік құжаттарды және олардағы құжаттық ақпаратты іздеуге арналатын архивтік анықтамалықтардағы архивтік құжаттар сипаттамасының жиынтығы;