ҚР Әділет министрінің 2018 жылғы 11 қазандағы № 1481 бұйрығымен күші жойылды
ҚР Әділет министрінің 2016.08.01. № 7 бұйрығымен (бұр.ред.қара); 2017.13.01. № 33 бұйрығымен (бұр.ред.қара) мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті жаңа редакцияда
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
міндетін атқарушысының
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 304 бұйрығына
5-қосымша
«Тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын тіркеу»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті
(2018.20.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1-Тарау. Жалпы ережелер
1. «Тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - сараптау ұйымы) арқылы, оның ішінде «электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz (бұдан әрі - портал) арқылы көрсетіледі.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 30 cәуірдегі № 251 бұйрығымен бекітілген «Тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын тіркеу» туралы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты (бұдан әрі - стандарт) негізінде көрсетіледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11407 болып тіркелген).
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нысаны - электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.
3. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі тауар шығарылған жердiң атауын және (немесе) тауар шығарылған жердiң атауын пайдалану құқығын ұсынуды тіркеу не стандарттың 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нәтижесін беру нысаны - электрондық және (немесе) қағаз түрінде.