Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2017 жылғы 6 қаңтардағы
№ 2 бұйрығына
8 қосымша
Осы редакция 2025 жылғы 27 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Жылу электр станцияларының техникалық сумен жабдықтау жүйесінің гидротехникалық құрылыстарын пайдалану жөніндегі
әдістемелік нұсқаулар
(2021.27.12. берілген өзгерістермен)
1 бөлім. Жалпы ережелер
ҚР Энергетика министрінің 2021.27.12. № 411 бұйрығымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Жылу электр станцияларының техникалық сумен жабдықтау жүйелерінің гидротехникалық құрылыстарын пайдалану жөніндегі әдістемелік нұсқаулар (бұдан әрі - Әдістемелік нұсқаулар) «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 70-14) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Әдістемелік нұсқаулар жылу электр станцияларында (бұдан әрі - ЖЭС) техникалық сумен жабдықтаудың келесі гидротехникалық құрылыстарына таралады:
1) өзен және су қоймаларының тоғандары;
2) сорғыш станцияларының құрылыс бөлігі;
3) арынсыз және арынды су жолдары (каналдар, құбырлар) және турбина конденсаторларына суды әкелетін олардың жабдықтары;
4) арынсыз және арынды су жолдары (каналдар, құбырлар) және турбина конденсаторларына суды әкелетін олардың құрылыстары (сифонды құдықтар, акведуктар, дюкерлер, сарқырамалар және су шығаратын құрылыстар);
5) салқындатқыш су қоймалары;
6) арынды топырақты бөгеттер мен дамбалар;
7) суды ағызатын құрылыстар;
8) қысқы кезеңде тоғанды жылыту және температураны реттеу мақсатымен жылы суды беруге арналған құрылыстар;
9) жақын жатқан су көздерінен салқындатқыш су қоймаларын толықтыруды қамтамасыз ететін құрылыстар.
3. Аталмыш Әдістемелік нұсқауларда келесі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) техникалық сумен жабдықтау жүйесі - турбина конденсаторларын салқындатуға арналған суық судың көп мөлшерін тартуға және беруге арналған құрылыстар және жабдықтар;