Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жолдауы
(2026 жылғы 18 қараша)
Осы Жолдау Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабының 14) тармақшасын орындау мақсатында дайындалды.
Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 35 жылдығында жаңа Конституцияны қабылдау қазақстандық мемлекеттіліктің дамуындағы маңызды кезең болды. Оның ережелері одан əрі конституциялық құрылыс, құқықтық мемлекетті нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін кеңейту, жария биліктің жауапкершілігін арттыру бағыттарын айқындайды.
Мемлекеттік тəуелсіздік мемлекеттік құрылыс негіздері мен қоғамдық даму бағыттарын айқындаудағы дербестікті ғана емес, сонымен қатар конституциялық құқықтық тəртіпті нығайту, ұлттық құқықтық жүйені дамыту жəне Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету жауапкершілігін білдіреді. Жаңа Конституция мемлекеттің, оның институттары мен қоғамның одан əрі дамуының құндылық бағдарларын айқындайды.
Конституциялық қағидаттар заңнаманы жаңарту процесінде ғана емес, оны əзірлеу, қабылдау жəне қолдану тəсілдерін өзгерту арқылы да жүзеге асырылады. Заң түсінікті, дəйекті жəне болжамды болуға, онда көзделген құқықтар мен кепілдіктер нақты жүзеге асырылатындай болуға тиіс.
Конституцияны жаңарту заңнаманы жүйелі əрі дəйекті түрде қайта қарауды, оны жаңа конституциялық қағидаттар мен құндылықтарға сəйкес келтіруді талап етеді. Құқықтық реттеуді жетілдіру анықталған қайшылықтар мен олқылықтарды жоюға да, сондай-ақ заңнамадағы конституциялық-құқықтық тəуекелдердің алдын алуға да бағытталуы тиіс.