"Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі
туралы" Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық
бөлімінің Қазақстан Республикасының 2000 жылғы
25 желтоқсандағы № 132 Конституциялық заңына түсініктемесі
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.
Аталған Конституциялық заңды қабылдаудың негізгі мақсаты елде сот-құқықтық реформаны одан әрі жетілдіру болды.
Сот жүйесінің қазіргі даму кезеңінде басым міндеттер биліктерді бөлудің конституциялық принциптерін неғұрлым толық және дәйекті іске асыру, билік тармақтарының "тежемелік" әрі "тепе-теңдік" жүйесін пайдалана отырып, өзара іс-қимыл жасауы болып табылады.
Конституциялық заңда Жоғарғы сот төрағасының өкілдіктерін кеңейтуге, судьялардың құқықтық мәртебесін көтеру мен әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар прогресшіл ережелер бар. Судьялар әкімшілігі - судьяларды ұйымдық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі функциялар түсінігі енгізілді, бұл функциялар Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы қайтадан құрылған Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке жүктелді, бұл өкілеттік бұрын Әділет министрлігінің құзыретіне кіргізілген болатын.
Заңда облыстық соттардағы және Жоғарғы соттағы алқалар мен Жоғарғы сот пленумының орнына қадағалау төралқалары мен жалпы отырыстар құру көзделді. Аталған жаңа енгізулер төралқа сияқты органдар белгіленбеген Конституция нормаларына сәйкес келтіру мақсатында жүзеге асырылды.
Сөйтіп, соттардағы сот төрелігін тек Конституцияда көрсетілген сот органдары - алқалар ғана жүзеге асырады, ал судьялардың жалпы отырыстарына сот төрелігін жүргізу құқығы берілмейді, олар сот қызметіндегі жалпы ұйымдастыру мәселелерін шешетін болады.