Введите номер документа
Прайс-лист

Азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі – жаңа конституциялық басымдық ретінде (Шегебаева Айгерім Рысбайқызы, философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор (доцент))

Информация о документе
Датапятница, 27 февраля 2026
Статус
Действующийвведен в действие с
Дата последнего измененияпятница, 27 февраля 2026

Азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі - жаңа конституциялық

басымдық ретінде

 

Шегебаева Айгерім Рысбайқызы,

философия докторы (PhD),

қауымдастырылған профессор (доцент),

Қазақстан Республикасы

Бас прокуратурасының жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясының

аға оқытушысы, әділет кеңесшісі

 

Бүгінгі таңда Конституцияны зерделеу мен реформалау мәселелері айрықша өзектілікке ие болып отыр, өйткені теориялық және ғылыми-тәжірибелік жұмыстар Негізгі Заңның мемлекет өміріндегі рөлін тереңірек түсінуге жол ашады.

Осы тұрғыда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған жасанды интеллект дәуірінде саяси жүйені жаңғырту және әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беру мақсатында бір палаталы Парламент құру жөніндегі стратегиялық бастамасынан бастау алады.

Мұндай реформалардың негізінде жатқан конституциялық-құқықтық ықпал заңнаманың дамуына, мемлекеттік және жария құрылымдардың қалыптасуына, қоғамдық институттардың өркендеуіне, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына тигізер маңызын асыра бағалау мүмкін емес. Конституция нормативтік құқықтық актілер иерархиясында ең жоғары заңдық күшке ие бола отырып, заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдірудің стратегиялық векторын айқындайды.

Осы ретте академик Г.С. Сапарғалиев әділ атап өткендей, Конституция - зор саяси-құқықтық әлеуетке ие, мемлекет пен қоғамның басты нормативтік құқықтық актісі. Ол конституциялық құқықтың қайнар көзі болумен қатар, жалпы алғанда, барлық құқық салаларының негізі болып табылады [1].

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның моделін әзірлеуде Конституциялық комиссияның ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа Конституцияның ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін трансформациялау процесінің аяқталғанын және мүлде жаңа конституциялық модельге көшуді білдіреді [2].

Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы елдің даму тарихын, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қатынастардың трансформациялануын, сондай-ақ ішкі және сыртқы саясаттың бағыттарын ескере отырып қалыптасқан жаңа конституциялық модель. Ол жаһандану жағдайындағы елдің негізгі саяси идеялары мен құқық қорғау тетіктерінің өзара үйлесімді бірлігін айқындайды.

Осы тұрғыда Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып, адам, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына деп таныды және де олардың ерекше қорғалуы мен сақталуын конституциялық деңгейде бекітеді. Дәл осы іргелі ұстанымдардың аясында, азаматтардың жеке өміріне қолсұғылмаушылық құқығын қорғау мәселесі қолданыстағы Конституция мен оның жаңа жобасындағы сабақтастықты сақтайтын іргелі конституциялық кепілдіктердің бірі ретінде көрініс тапқан. Бұл ретте теориялық және ғылыми-тәжірибелік зерттеулер Негізгі Заңның мемлекет өміріндегі рөлін тереңірек түсінуге жол ашып, конституциялық реформаның құқықтық негіздерін нығайта түседі.

Аталған құқықтық негіздерді нығайтудың бүгінгі таңдағы басты бағыттарының бірі мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын қамтыған жаппай цифрландыру үдерісі болып табылады. Осыған байланысты, конституциялық реформаның маңызды мағыналық векторы ретінде Негізгі Заңның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Қазақстанның жаңа конституциялық моделі аясында адам құқықтарын қорғау тетіктерін трансформациялау заманауи құқық ғылымының өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы тұрғыда қолданыстағы Конституцияның 18-бабы мен ұсынылып отырған жаңа жобаның 21-бабын салыстыру құқықтық реттеудің сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды.

Қолданыстағы 18-баптың 1-тармағында жеке өмір мен отбасы құпиясына ие болу құқығы декларативті сипатта бекітілген. Ал жаңа жобаның 21-бабында бұл норма айтарлықтай кеңейтіліп, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы енгізілген.

Бұл толыққанды ақпараттық-құқықтық циклді қамтиды. Егер бұрын дербес деректерді қорғау салалық заңдармен реттелсе, енді ол конституциялық кепілдік мәртебесіне ие болды. Бұл мемлекеттің цифрлық егемендік жағдайында азаматтың «ақпараттық бейнесін» қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді.

Коммуникациялық құпиялылықтың цифрлық трансформациясына байланысты қолданыстағы Ата Заңымыздың 18-бабының 2-тармағында хабарламалар құпиясы «почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына» кепілдік берсе, Конституцияның жаңа жобасында «цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі». Мұндай өзгеру құқықтық норманың әмбебаптық қасиетін ғана арттырып қоймай, сонымен қатар технологиялық прогресс қарқынына қарамастан кез келген жаңа цифрлық арнаны конституциялық қорғау аясына алуға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституцияның жобасында тағы бір позитивті басымдық қаржылық құпиялылық пен банктік операциялардың мызғымастығына арналған. Негізгі заңның жаңа жобасының 21-бабының 2-тармағында «банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың құпиясы» туралы норма нақтыланған.

Қолданыстағы редакцияда тек «жеке салымдары мен жинаған қаражаты» аталса, жаңа Конституцияның жобасында «банк операциялары» сөз тіркесінің қосылуы жеке тұлғаның қаржылық дербестігін заңсыз араласудан қорғауды күшейтеді. Бұл нарықтық қатынастар жағдайында жеке өмірдің құпиялылығын қорғаудың маңызды экономикалық-құқықтық тетігі болып табылады.

Ақпараттық ашықтық пен мемлекеттік жауаптылық тұрғысынан алғанда, қарастырылып отырған баптардың үшінші тармақтарында мазмұндық сабақтастық сақталған. Дегенмен, жаңа Конституция жобасының 21-бабы заманауи «ашық үкімет» тұжырымдамасымен концептуалды түрде тығыз байланысып отыр. Мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың азаматтарға өз құқықтары мен мүдделеріне қатысты ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету міндеті жаңа конституциялық модельдің демократиялық сипатын айқындап қана қоймай, мемлекеттік басқарудың транспаренттілігін нығайтады.

Қолданыстағы Конституция мен жаңа жобаның нормаларына жүргізілген салыстырмалы-құқықтық талдау нәтижесі көрсеткендей, 21-баптың мазмұны 18-баптың жай ғана логикалық жалғасы емес, ол адам құқықтарын қорғаудың сапалық тұрғыдан жаңа, прогрессивті парадигмасы. Цифрлық егемендік пен қаржылық дербестікті конституциялық деңгейде бекіту Қазақстанның құқықтық жүйесін халықаралық озық стандарттарға атап айтқанда, жеке деректерді қорғаудың жаһандық қағидаттарына сәйкестендіруге жол ашады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.                Сапаргалиев Г.С. Конституционное право Республики Казахстан: Академический курс. - Алматы: Жеті жарғы, 2002. - 528 с.

2.                Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды / 11 ақпан 2026 жыл. [Электронды ресурс] - Қолжетімділік режимі: https://www.akorda.kz/kz/konstituciyalyk-komissiya-memleket-basshysyna-zhana-konstituciyanyn-korytyndy-zhobasyn-usyndy-1115713 (жүгінген уақыт: 26.02.2026).

Укажите название закладки
Создать новую папку
Закладка уже существует
В выбранной папке уже существует закладка на этот фрагмент. Если вы хотите создать новую закладку, выберите другую папку.
Скачать в Word

Скачать документ в формате .docx

Доступ ограничен
Чтобы воспользоваться этой функцией, пожалуйста, войдите под своим аккаунтом.
Если у вас нет аккаунта, зарегистрируйтесь
Режим открытия документов

Укажите удобный вам способ открытия документов по ссылке

Включить или выключить функцию Вы сможете в меню работы с документом

Обратная связь
Оставьте свои контактные данные и наш менеджер свяжется с вами