Введите номер документа
Прайс-листВидеоинструкция
Старая версия сайта

«Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 2 шілдедегі № 332-VIII Заңы

Скачать в Word

Скачать документ в формате .docx

Информация о документе
«Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 2 шілдедегі № 332-VIII Заңы
Датачетверг, 2 июля 2026
Статус
Действующий
введен в действие с 2 сентября 2026, 1 января 2028
Дата последнего изменениячетверг, 2 июля 2026

Документ входит в комплект(ы):

Документы на государственном языке, Мастер, СтройМастер, Профессиональная правовая информация, Юрист-VIP

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ЗАҢЫ

 

Психологиялық қызмет туралы

 

1-бап. Негізгі ұғымдар

2-бап. Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасы

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

4-бап. Осы Заңның негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары

5-бап. Психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат

6-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

7-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

8-бап. Хабардарлығы туралы келісім

9-бап. Психологиялық көмек

10-бап. Медициналық емес психотерапия

11-бап. Психологтың негізгі құқықтары мен міндеттері

12-бап. Психологиялық көмек алушының негізгі құқықтары мен міндеттері

13-бап. Психологтардың мемлекеттік тізілімі

14-бап. Психологтардың кəсіптік стандарты

15-бап. Психологты кəсіптік даярлау мен біліктілігін арттыру

16-бап. Психологтың ғылыми қызметі

17-бап. Психологтарды сертификаттау

18-бап. Психологиялық қызмет саласындағы шектеулер

19-бап. Онлайн-платформаларды пайдаланып психологиялық көмек көрсету

20-бап. Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

21-бап. Өтпелі ережелер

22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тəртібі

 

 

 

1-бап. Негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

1) кəсіптік құпия - психолог психологиялық қызмет процесінде алған, психологиялық көмек алушының жазбаша келісімінсіз жария етуге болмайтын ақпарат;

2) психолог - психология саласында жоғары жəне (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі жəне (немесе) ғылыми дəрежесі, тиісті біліктілігі бар жəне психологиялық қызметті атқаратын адам;

3) психологиялық көмек алушы - психологиялық көмек көрсетілетін жеке тұлға, отбасы немесе адамдар тобы;

4) психологиялық көмектің сапасы - психологиялық көмектің уақтылы көрсетілуін, психологиялық көмек көрсету əдістерін дұрыс таңдауды, жоспарланған нəтижеге қол жеткізу дəрежесін көрсететін сипаттамалар жиынтығы;

5) психологиялық қызмет - психологтың профилактика, диагностика, коррекция, консультация, психологиялық саламаттылықты сүйемелдеу мен қолдау түріндегі психологиялық көмекті қамтитын кəсіптік қызметін жүзеге асыруы кезінде туындайтын құқықтық қатынастар жиынтығы;

6) психологиялық саламаттылық - жеке тұлғаның психоэмоциялық жай-күйінің тұрақтылығы, өмірдегі қиын жағдайларды еңсеру қабілеті қамтамасыз етілген жай-күйі;

7) Психологтардың əдеп кодексі - психологтардың психологиялық қызметті атқару кезіндегі мінез-құлқы əдеп қағидаларының бірыңғай жиынтығы;

8) психолог супервизиясы - психологты кəсіби қолдаудың психологиялық қызметтің сапасын қамтамасыз етуге, құзыреттерді дамытуға бағытталған нысаны.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық міндеттемелерінен тұрады.

2. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттардың қолданылу тəртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

 

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында психологиялық қызмет атқару процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарға қолданылады.

2. Осы Заңның күші:

1) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сəйкес реттелетін мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласындағы қатынастарға;

2) «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін психологиялық көмек көрсетуге қолданылмайды.

3. Осы Заңның 4-бабының 3-тармағы 2) жəне 3) тармақшаларының, 8-бабының, 9-бабы 2 жəне 4-тармақтарының, 11-бабының 1-тармағы 6) жəне 7) тармақшаларының, 2-тармағы 2), 3), 5), 7), 9) жəне 10) тармақшаларының, 12-бабының 1-тармағы 2), 3), 4) жəне 6) тармақшаларының, 2-тармағының, 14, 17 жəне 19-баптарының ережелері Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарында, азаматтық қорғау органдарында жəне Қарулы Күштерінде жүзеге асырылатын психологиялық қызмет саласындағы қатынастарға қолданылмайды.

 

4-бап. Осы Заңның негізгі мақсаты, міндеттері мен қағидаттары

1. Осы Заңның негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасында психологиялық қызмет атқарудың құқықтық, ұйымдастырушылық негіздерін, сондай-ақ психологиялық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

2. Осы Заңның негізгі міндеттері:

1) психологтардың кəсіптік біліктілігіне, оларды даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін растауға жəне арттыруға қойылатын талаптарды айқындау;

2) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

3) психологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

4) сапалы психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету.

3. Осы Заңның негізгі қағидаттары:

1) заңдылық;

2) психологиялық көмекке жүгінудің еріктілігі;

3) құпиялық;

4) кəсіптік құзыреттілік;

5) ғылыми негізділік.

 

5-бап. Психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат

Психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат:

1) Қазақстан Республикасы азаматтарының психологиялық саламаттылығын қамтамасыз ететін жағдай жасауға;

2) білікті психологтар даярлауға;

3) адамның тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мəн-жайларға қарамастан, əр адамның психологиялық көмек алу құқығын іске асырудағы тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге;

4) психологтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге жəне қорғауға;

5) психологиялық көмекке мұқтаж жеке тұлғаға, отбасыға немесе адамдар тобына қатысты өмірдегі қиын жағдай мен оның зардаптарының алдын алуға, оларды шешуге жəне еңсеруге ықпал ететін іс-шараларды өткізуге бағытталған.

 

6-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті

1. Кəсіптік біліктілікті тану саласындағы уəкілетті орган:

1) психологтардың кəсіптік біліктілігін тану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді əзірлейді жəне бекітеді;

2) психологиялық қызмет саласындағы шараларды əзірлеуге жəне іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың, мемлекеттік жəне үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;

3) психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу тəртібін əзірлейді жəне бекітеді;

4) Психологтардың əдеп кодексін əзірлейді жəне бекітеді;

5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Орталық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:

1) психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жəне Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

7-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

Жергілікті атқарушы органдар:

1) психологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

2) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

8-бап. Хабардарлығы туралы келісім

1. Хабардарлығы туралы келісім - психологиялық көмек алушының немесе оның заңды өкілінің психологиялық көмек алуға жазбаша келісімі.

Егер психологиялық көмек алушы кəмелетке толмаған, сот əрекетке қабілетсіз немесе əрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам болса, психологиялық көмек алуға хабардарлығы туралы келісімді олардың атынан заңды өкілі береді.

Егер психологиялық көмек алушы кəмелетке толмаған болса, сот əрекетке қабілетсіз немесе əрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамды олардың атынан психологиялық көмек алуға ақпараттандырылған Келісімді заңды өкіл береді.

2. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психологиялық көмек алушыға қатысты кез келген психологиялық қызметке психологиялық көмек алушының немесе оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімін алғаннан кейін ғана жол беріледі.

3. Хабардарлығы туралы келісімнің нысанын кəсіптік біліктілікті тану саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

4. Суицидтік мінез-құлық белгілері, адамның дағдарыстық жағдайда болғанын куəландыратын мəн-жайлар, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы мəліметтер болған кезде психологиялық көмек алушының не оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімі талап етілмейді.

 

9-бап. Психологиялық көмек

1. Əр адамның Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес психологиялық көмек алуға құқығы бар.

2. Психологиялық көмек алушы немесе оның заңды өкілі психологиялық көмектің мақсаттары, əдістері туралы хабардар болуға тиіс.

3. Психологиялық көмек күндізгі нысанда, қашықтан жəне аралас нысанда жүргізіледі.

4. Психологтың қызметінде бейне- жəне (немесе) аудиожазба қолдану, сондай-ақ үшінші тұлғаларды олармен таныстыру психологиялық көмек алушы не оның заңды өкілі тарапынан бұған хабардарлығы туралы келісім алынғаннан кейін ғана мүмкін болады.

5. Психологиялық қызмет атқару кезінде психологиялық көмек алушының өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге жол берілмейді.

 

10-бап. Медициналық емес психотерапия

1. Медициналық емес психотерапия - медициналық араласуды қажет ететін психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарды (ауруларды) емдеуді қамтымайтын, өмірдегі қиын жағдайларды еңсеру, психоэмоциялық жағдайды жақсарту бағытында психолог ғылыми негізі бар əдістерді қолдана отырып жүзеге асырылатын психологиялық көмектің ерекше түрі.

2. Медициналық емес психотерапияны медициналық емес психотерапия саласында қосымша даярлықтан өткен психологтар жүзеге асыруға құқылы.

3. Медициналық емес психотерапия саласындағы қосымша даярлықты аяқтаған психологтар психолог супервизиясы түріндегі практикалық жұмыс кезеңінен өтеді.

4. Медициналық емес психотерапия саласындағы қосымша даярлыққа жəне психолог супервизиясы түріндегі практикалық жұмысқа қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының кəсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасына сəйкес психологтың кəсіптік стандартында бекітіледі.

 

11-бап. Психологтың негізгі құқықтары мен міндеттері

1. Психолог:

1) психологиялық қызметтің тиісті саласында қолдану үшін сынақтан өткен, дəлелденген ғылыми негізі бар жəне сенімді əдістемелерді пайдаланып психологиялық диагностика жүргізуге;

2) психологиялық консультация беруге;

3) психологтарға олардың психологиялық қызметі шеңберінде əдістемелік көмек пен консультативтік қолдау көрсетіп отыруға;

4) психологиялық қызмет саласында ғылыми жəне сараптамалық қызмет атқаруға;

5) өзінің ар-намысын, қадір-қасиетін жəне іскерлік беделін қорғауға;

6) «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тəртіппен психологтардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;

7) осы Заңның 13-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сəйкес психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркеуден өткен жағдайда жеке психологиялық практика тəртібімен психологиялық қызмет атқаруға құқылы.

2. Психолог:

1) психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, психологиялық қызметті біліктілікпен атқаруға;

2) Психологтардың əдеп кодексін сақтауға;

3) осы Заңның 8-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс басталар алдында психологиялық көмек алушының немесе оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімін алуға;

4) психологиялық көмек алушыға өзінің біліктілігі, сондай-ақ оның құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беруге;

5) психологиялық көмек алушыға психологиялық көмек көрсетудің кез келген кезеңінде оны алудан бас тарту құқығы туралы хабар беруге;

6) егер психологиялық диагностика нəтижелері бойынша талап етілсе, психологиялық көмек көрсету үшін басқа кəсіптердің мамандарымен тиісті өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге;

7) жеке психологиялық практика шеңберінде психологиялық көмек алушымен психологиялық көмек көрсетуге шарт жасасуға;

8) мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда не өзінің кəсіптік құзыретінің шегінен асып кететін мəн-жайлар анықталған кезде психологиялық қызметті атқарудан бас тартуға;

9) психологиялық қызмет атқару процесінде алынған мəліметтердің, ақпараттың кəсіптік құпиясын сақтауға жəне құпиялығын қамтамасыз етуге;

10) психологиялық көмек алушының немесе үшінші тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда тиісті органдарды жедел түрде хабардар етуге міндетті.

3. Психологтың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары мен міндеттері бар.

 

12-бап. Психологиялық көмек алушының негізгі құқықтары мен міндеттері

1. Психологиялық көмек алушының:

1) өздері осы Заңда белгіленген талаптарды сақтаған кезде сапалы психологиялық көмек алуға;

2) психологты, психологиялық көмек түрін жəне оларды көрсету нысанын таңдауға;

3) психологиялық көмек алу кезінде өз құқықтары мен міндеттері туралы, сондай-ақ туындаған психологиялық проблемалардың сипаты туралы ақпарат алуға;

4) психологиялық көмек көрсетудің кез келген кезеңінде одан бас тартуға;

5) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;

6) ғылыми зерттеулер объектісі ретінде қатысуға, психологиялық көмек көрсету процесінде өзі туралы деректердің жиналуына, бейне- жəне (немесе) аудиожазбаның жүргізілуіне, сондай-ақ үшінші тұлғалардың олармен танысуына жəне осы процеске қатысуына келісім беруге не көмек көрсетілуінен бас тартуға құқығы бар.

2. Психологиялық көмек алушы:

1) жеке психологиялық практикамен айналысатын психологпен жасалған психологиялық көмек көрсету туралы шарттың талаптарын сақтауға;

2) осы Заңның 8-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, хабардарлығы туралы келісім беруге міндетті.

3. Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес психологиялық көмек алушының өзге де құқықтары мен міндеттері болады.

 

13-бап. Психологтардың мемлекеттік тізілімі

1. Кəсіптік біліктілікті тану саласындағы уəкілетті орган ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді.

2. Психологтар психологтардың мемлекеттік тізілімінде:

1) жеке психологиялық практика тəртібімен жəне (немесе) жұмыс берушімен еңбек қатынасындағы психологиялық қызмет атқаратын психологтар модулінде;

2) мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен алынған мəліметтері негізінде мемлекеттік ұйымдарда, дербес білім беру ұйымдарында психологиялық қызметті атқаратын психологтар модулінде тіркелуге тиіс.

3. Кəсіптік біліктілікті тану саласындағы уəкілетті орган психологтарды психологтардың мемлекеттік тізіліміне енгізу жəне одан алып тастау тəртібін əзірлеп, бекітеді.

4. Психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркеуден өтпеген адамдардың:

1) осы Заңда белгіленген психологиялық қызмет атқаруға жəне психологиялық көмек көрсетуге;

2) өзін психолог деп атауға, сондай-ақ «психо-» деген сөзге психологиялық қызмет атқаруда жаңылыстыратын өзге де туынды жəне ұқсас атауларды қолдануға;

3) медициналық диагностика жүргізуге жəне дəрі-дəрмекпен емдеуді тағайындауға, адамның санасына əсер ететін психикалық белсенді заттарды пайдалануға жəне (немесе) психикаға белсенді əсер ететін əдістерді, сондай-ақ адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін басқа да əдістерді қолдануға құқығы жоқ.

5. Психологтардың мемлекеттік тізілімінен:

1) осы Заңның талаптарын бұзуға жол берген;

2) сот əрекетке қабілетсіз немесе əрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

3) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық бақылауда тұрған;

4) психологиялық көмек алушының өмірі мен денсаулығына зиян келтірген психологтар алып тасталады.

Психологтардың мемлекеттік тізілімінде қайта тіркеуге одан алып тасталған күннен бастап алты ай өткен соң жол беріледі.

 

14-бап. Психологтардың кəсіптік стандарты

1. Психологтардың кəсіптік стандарты психологтардың кəсіптік даярлығының мазмұны мен деңгейлеріне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды, психологиялық қызметтің бағыттары мен қолданылу аясын көрсетеді, сондай-ақ психологиялық көмек əдістерін қолдануға қажетті құзыреттілікті сипаттайды.

2. Кəсіптік стандарт психологтарға қойылатын біліктілік талаптарын айқындауға, біліктіліктің, құзыреттіліктің жəне кəсіптік даярлықтың сəйкестігін бағалауға, даярлаудың, біліктілікті арттырудың, медициналық емес психотерапия саласындағы қосымша даярлайтын білім беру бағдарламаларын əзірлеуге, психологиялық қызмет саласындағы біліктілікті растауға негіз болады.

3. Психологтың кəсіптік стандарты Қазақстан Республикасының кəсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасына сəйкес бекітіледі.

 

15-бап. Психологты кəсіптік даярлау мен біліктілігін арттыру

1. Психологты кəсіптік даярлау психология саласында бейінді кафедралары бар жоғары жəне (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында жүргізіледі.

2. Психологтың біліктілігін арттыру жоғары жəне (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда, ғылыми ұйымдарда, біліктілікті арттыруды жүргізетін ұйымдарда өз қаражаты жəне (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қаражат есебінен кемінде бес жылда бір рет жүргізіледі.

 

16-бап. Психологтың ғылыми қызметі

1. Жеке тұлғалардың психологиялық қызмет саласындағы ғылыми зерттеулерге өз еркімен қатысуға құқығы бар.

2. Жеке тұлғалардың ғылыми зерттеулерге қатысуына осындай адамның не оның заңды өкілінің хабардарлығы туралы келісімі болған кезде жол беріледі.

Жеке тұлғалар кез келген кезеңде ғылыми зерттеулерге қатысудан бас тартуға құқылы.

3. Психолог ғылыми қызметті атқару кезінде ғылыми зерттеуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын, алынған деректердің құпиялығын жəне ғылыми зерттеуге қатысушылардың өміріне, денсаулығына жəне психологиялық саламаттылығына зиян келтіруге жол бермеуді қамтамасыз етуге міндетті.

4. Ғылыми зерттеулердің нəтижелері олардың ғылыми қоғамдастық үшін қол жетімділігін қамтамасыз ететін нысанда жазылуға жəне толық, анық болуға жəне олардың əртүрлі түсіндірілу ықтималдығын болғызбауға тиіс.

 

17-бап 2028 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі

17-бап. Психологтарды сертификаттау

1. Психологтарды сертификаттау кəсіптік даярлық деңгейін жəне біліктілік талаптарына сəйкестігін растауға бағытталған.

Сертификаттаудан сəтті өткен психологтарға олардың кəсіптік біліктілігін растайтын сертификат беріледі.

2. Психологтардың сертификаттаудан өту тəртібі Қазақстан Республикасының кəсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасында айқындалады.

 

18-бап. Психологиялық қызмет саласындағы шектеулер

Психологқа:

1) медициналық диагностика жүргізуге жəне дəрі-дəрмекпен емдеуді тағайындауға, санаға əсер ететін, психикаға белсенді əсер ететін заттарды пайдалануға жəне (немесе) психикаға белсенді əсер ететін əдістерді қолдануға;

2) медициналық араласуды талап ететін психикалық, мінез-құқықтық бұзылушылық (ауру) белгілері бар адамдарға психологиялық көмек көрсетуге тыйым салынады. Тиісті симптомдар анықталған кезде психолог психологиялық көмек алушыға психиатр дəрігерге жүгінуді ұсынуға міндетті;

3) психологиялық көмек алушыға психологиялық көмек көрсетудің нақты нəтижесіне, оның ішінде жарнамалық жəне өзге де мақсатта қол жеткізуіне кепілдік беруге тыйым салынады.

 

19-бап. Онлайн-платформаларды пайдаланып психологиялық көмек көрсету

1. Онлайн-платформалар арқылы психологиялық қызмет атқаратын психологтар психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркелгені туралы, сондай-ақ өздерінің білімі мен біліктілігі туралы мəліметтерді орналастыруға міндетті.

2. Психологтар онлайн-жарнама орналастыру кезінде «Онлайн-платформалар жəне онлайн-жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды сақтауға тиіс.

3. Психологиялық қызметті онлайн-платформалар арқылы атқару кезінде жалған ақпарат орналастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жауаптылыққа алып келеді.

 

20-бап. Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Психологиялық көмек алушының өмірі мен денсаулығына зиян келтіру жəне Қазақстан Республикасының психологиялық қызмет туралы заңнамасын өзге де бұзушылықтар Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жауаптылыққа алып келеді.

 

21-бап. Өтпелі ережелер

Психологтар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде осы Заңның талаптарына сəйкес психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркеуден өтуге міндетті.

 

22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тəртібі

Осы Заң 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 17-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Президенті

 

Қ. ТОҚАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2026 жылғы 2 шілде

№ 332-VIII ҚРЗ

 

 

 

 

 

 

 

Добавить в список основных источников в Google

Укажите название закладки
Создать новую папку
Закладка уже существует
В выбранной папке уже существует закладка на этот фрагмент. Если вы хотите создать новую закладку, выберите другую папку.
Режим открытия документов

Укажите удобный вам способ открытия документов по ссылке

Включить или выключить функцию Вы сможете в меню работы с документом

Доступ ограничен
Чтобы воспользоваться этой функцией, пожалуйста, войдите под своим аккаунтом.
Если у вас нет аккаунта, зарегистрируйтесь
Обратная связь

Уважаемый пользователь! Мы стремимся постоянно улучшать качество наших услуг. Пожалуйста, поделитесь своими предложениями — Ваше участие поможет нам стать ещё удобнее и эффективнее для Вас!