Все сервисы
Zanger
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзі
(Астана қ., 2026 жылғы 12 наурыз)
Құрметті депутаттар!
Ең алдымен, баршаңызға және жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Салмақты, пайдалы ой-пікірлер айтылды. Оның бәрі Парламенттің, Үкіметтің алдағы жұмысында ескерілетін болады. Шын мәнінде, бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Бүгінгі форумға барлық аймақтан жергілікті билік өкілдері арнайы келді. Қазір осы залда миллиондаған азаматтарымыздың мүддесін қорғап жүрген екі мыңға жуық депутат отыр. Сіздер халықпен тығыз жұмыс істеп жүрсіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жақсы білесіздер. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Сіздер атқарып жатқан жұмысты ұдайы басты назарда ұстаймын. Жалпы, мұндай жиын өңірлік саясаттың тиімділігін бағалап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия - айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді.
Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар - қуатты ел» қағидатына сәйкес, мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек. Алдымен сол міндеттерге қысқаша тоқталайын.
БІРІНШІ міндет. Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс.
Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі - елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл - жақсы көрсеткіш.
Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады.
Менің тапсырмама сәйкес, қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл - өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек. Мәслихаттарға жүктелетін міндет - осы қаражаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау.
Аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру айрықша маңызды. Мен мұны Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында айттым. Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қана ұсынылады, тиісті түсініктемелер берілмейді. Сондай-ақ бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Сол себепті оны депутаттар үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді. Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейді, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар пайда болды. Ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң, мәселе сұраусыз қалады. Демек жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз. Соның бәрі жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызады. Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек. Бірақ бюджет бойынша барлық талқылау тек мемлекет пен өңірлік мүдделерге негізделуге тиіс, лоббизмге немесе популизмге жол бермеу керек. Басты ұстаным - бәрі де халық үшін.
Әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн. Осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болады. Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет.
Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет. Жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл - барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз. Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті.
ЕКІНШІ мәселе. Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет. Бұл - айрықша маңызы бар міндет.
Олардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту қажет. Әкімдер халықпен кездескенде азаматтардың көбі нақты мәселелерді айтып, бірнеше сұрақ қояды. Сондай түйткілдер дұрыс шешімін табуы үшін депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр.
Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Біз басқарудың ротациялық тәртібін мемлекеттік биліктің барлық деңгейіне біртіндеп енгізіп жатырмыз. Қазіргі таңда сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Енді мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу керек деп санаймын. Бұрын мәслихаттарды басқаратын хатшылары болды, енді төрағалар басқарып отыр. Бұл, меніңше, дұрыс шешім болды. Алайда, олардың өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы қажет. Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді.
Барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат орната білуі керек. Шағымданатын азаматтардың арасында түрлі адам болады, бұл - белгілі нәрсе. Десек те, шын мәнінде, мұқтаж адамдар аз емес, оларға қолғабыс етуіміз керек. Бүгінде орталыққа аймақтардан жолданатын арыз-шағымдар көбейіп кетті. Бұл мәселе туралы мен Жолдауымда айтып өттім. Былтыр Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл - алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.
Шағымдардың басым бөлігін жергілікті деңгейде қарап, дер кезінде шешуге болатын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі. Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым деген мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды, қиналады. Содан соң азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мәнісінде, олардың арасында үнемі арыз жазатын «кәсіби» шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақордаға шағымдануға мәжбүр. Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс. Олар тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті толық жетеді.
Былтыр облыстық деңгейде атқарушы органдарға 6 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды. Бірақ оның саны емес, сапасы маңыздырақ, яғни, мәслихаттар осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға тиіс. Түптеп келгенде, аймақтардың дамуы, тұрмыс сапасының жақсаруы, жұрттың билікке зор сеніммен қарауы Сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты. Осыны әрдайым басты назарда ұстаған жөн.
Тағы бір мәселе - толық цифрлық мемлекет құру. Бұл мақсаттың еліміз үшін маңыздылығын жақсы білесіздер. Мәслихаттар бұл үдерістен тыс қалмауға тиіс. Озық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына енгізу стратегиялық маңызы бар мақсатқа айналды. Еліміздің жарқын болашағы осы мақсаттың табысты іске асуына тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда, мәслихаттардың осы жұмысқа белсенді атсалысқаны абзал.
Сондай-ақ депутаттардың кәсіби білігін арттырып, цифрлық құзыретін кеңейту өте маңызды, онсыз істелген жұмыстың бәрі бос болмақ. Бұл шаруамен Мемлекеттік басқару академиясы белсенді және тиімді түрде айналысуға тиіс. Менің білуімше, таяу арада нәтижелер де белгілі болмақ. Бүгінге дейін 1200-ге жуық депутат арнайы оқу курсына шақырылып, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. Енді биыл басталған AI Governance 500 бағдарламасының аясында облыстық мәслихаттардың аппарат басшыларын оқыту қажет.
Жалпы, елімізде жасалып жатқан цифрлық өзгерістер орталық пен аймақтар арасындағы алшақтықты мейлінше азайтуы қажет.
ҮШІНШІ міндет. Мәслихаттар жоғары заң шығарушы органға қажетті кадрларды даярлауға белсене атсалысуы керек.
Референдумға шығарылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары пропорциялы өкілдік жүйе негізінде сайланады деп көрсетілген. Бұл қадам саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұмысының сапасын арттыратыны күмәнсіз. Мұндай ұстаным озық халықаралық тәжірибеге толық сай келеді. Біз көптеген мемлекеттердің пропорциялы сайлау жүйесіне көшіп жатқанын көріп отырмыз. Дамыған елдерде де осындай жүйе бар. Себебі бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті.
Конституция жобасын әзірлеу кезінде кейбір партия барлық деңгейдегі мәслихаттарды да осы жүйемен жасақтауды ұсынды. Бірақ менің бұл мәселеге қатысты көзқарасым - нақты. Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталады. Бұл - өте маңызды. Себебі дәл осы мәслихат депутаттары жергілікті жерде сайлаушылармен үнемі байланыста болып, қоян-қолтық жұмыс істейді. Сонымен бірге мұндай жүйе ешқандай партияға кірмейтін, бірақ халық сенетін іскер азаматтар үшін тағы бір тиімді саяси баспалдақ болмақ. Сол арқылы мәслихаттардың рөлі арта түседі.
Азаматтар референдумда Конституция жобасын қолдап жатса, еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді. Біз мүлдем жаңа конституциялық үлгіге немесе модельге көшеміз. Бұл қадам пропорционалдық және мажоритарлық жүйе арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Бұған қоса, сайлау үдерісін барынша жүйелеп, сайлауға түсетін азаматтардың жауапкершілігін арттыра түседі. Осылайша, мәслихаттар Құрылтайға қажетті білікті мамандар даярлауға белсенді түрде атсалысады.
Ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін мейлінше тиімді әрі кәсіби заң шығару қызметін жолға қоюымыз керек. Ал еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады. Сондықтан мәслихаттардың қызметі айрықша маңызды екенін үнемі есте ұстаған жөн. Себебі жұрт өз мәселесін ең алдымен депутаттарға айтады. Ал халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ. Түптеп келгенде, депутат болу - ел адамы болу деген сөз. Бұл - мәртебесі биік, жауапкершілігі зор қызмет. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел игілігі үшін еңбек ететін азаматтар нағыз депутат деген атқа лайық, осындай азаматтар міндетті түрде халықтың сенімі мен құрметіне ие болады. Депутат халықтың сеніміне сызат түсіретін әрекеттен аулақ болуы қажет. Өйткені мұндай әрекет бүкіл мемлекеттік аппараттың, тұтас билік жүйесінің беделіне нұқсан келтіреді. Сіздер осы жауапкершілікті дұрыс түсініп, терең сезініп, қызметтеріңізді адал атқара бересіздер деп кәміл сенемін.
Қымбатты отандастар!
Құрметті форумға қатысушылар!
Жер шарындағы барша адамзат «турбуленттілік» деген сөзді жақсы біледі. Әуе кемесі «турбулентті» аймаққа енген сәтте жолаушыларды сабырға шақыратын ұшқыштарға қарағанда, саясаткерлер мен сарапшылар халықаралық ахуалды сипаттауда осы сөзді жиі қолданып жүр.
Шынында, бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір сүруге мәжбүр. Соңғы он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен бірі асып түседі. Бұл үдеріс әлеуметтік желідегі талқылаулардың өзегіне айналды. Онда ақиқат пен аңыз, конспирология мен жалған мәлімет, қайғы-қасірет пен қуаныш қатар көрініс табуда. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан әлемнің бүгінгі кейпі осындай. Өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелеңнің шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсетті. Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды. Тіпті, экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, егер әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, соғыстың ортасында қалды. Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес елдің аумағынан шықты.
Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгені анық. Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысының күшеюі, ірі елдер мен блоктардың жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптерінің тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқықтың сақталмауы, БҰҰ беделінің бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі жағдайға себеп болды.
Осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлемнің жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын. Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек.
Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы, Жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын. Әлем технологиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан түбегейлі өзгергенін мойындауымыз керек. Ал ол жақсы жаққа өзгерді ме, әлде кері кетті ме? Оған өркениет болашақта жауап береді. Бірақ Қазақстан азаматтарының әлемдік даму көшінен шет қалуға қақысы жоқ.
Егер әлем өзгерген болса немесе жаңаруды бастан өткеріп жатса біз де соған сай бейімделіп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет. Сондықтан Қазақстан ұлттық мүддесін қорғай отырып, стратегиялық ұстамдылық танытады.
Ең бастысы, еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет.
Латын Америкасындағы, Таяу Шығыстағы оқиғалар геосаясатқа өзгерістер әкелгеніне қарамастан, еліміз жақын және алыс орналасқан мүдделес мемлекеттердің барлығымен жан-жақты ынтымақтастықты ұдайы дамыта береді. Қазір сыртқы саясат пен дипломатияның рөлі арта түсті. Бұл Қазақстан үшін де маңызды. Ел ішіндегі ахуалға, экономикаға немесе саяси реформаларға белгілі дәрежеде халықаралық жағдайлар ықпал етеді. Осы орайда Қазақстанның табысты дамуына бірлік пен тұрақтылық негіз болмақ. Бұл - біздің бұлжымас қағидаттарымыз.
Дегенмен аталған факторлардың орнықтылығы - өткеннің мұрасы емес, отандастарымыздың жоғары азаматтық және саяси жауапкершілігінің жемісі. Ішкі саясаттың осынау нәзік саласында биліктің де, қоғамның да қателесуге құқы жоқ. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл арада құйтырқылық пен бос мақтанға орын жоқ.
Бүгінде ескілікті аңсайтын, діни әрі ұлттық құндылықтар мен елдік мүдде турасында қате түсінікке негізделген әсіре консервативті саяси жүйе заман талабына сай келмейтініне, сәтсіздікке ұшырататынына көз жеткізіп отырмыз. Алға қадам басқанның аяғынан шалу - кері кету, тіпті, тіршілік заңына қарсылық саналады. Алайда асығыс, сарапқа салмай қабылданған өзгерістер мен шешімдердің салдары тым ауыр. Сондықтан мен құр ұранмен реформа жасауға түбегейлі қарсымын. Барлық бастама ақылға қонымды болғаны жөн. Егер өзеннің арғы жағасына өткің келсе, тереңге бойлай алатыныңа сенімді болуың керек.
Тұрақтылықты бірер күнде, тіпті санаулы сағатта бұзуға болады. Ал оны қалпына келтіруге ондаған жылдар қажет. Сол себепті Заң мен тәртіп тұжырымдамасын ұстану өте өзекті деп білемін. Бұл тұжырымдама саяси жүйеміз бен өмір салтымыздың негізі. Еш популизм емес.
Ортақ Отанымыз, Қазақстан Республикасының тағдыры тек өзіміздің қолымызда екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал. Шынын айтқанда, біздің жаһандық дүрбелеңдерге төтеп беруге дайын не дайын емес екеніміз, қоғамымымыздың қандай мәселеге бас қатыратыны ешкімге маңызды емес.
Жаңа дәуірге қадам бастық. Озық ойлы ұлт ретінде қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, оған жасампаздықпен жауап беруіміз қажет. Елімізде ауқымды реформалар жүргізуде бір ғана мақсатты көздейміз. Бұл - мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халқымыздың әл-ауқатын жақсарту.
Қазір әлемдегі саяси-экономикалық ахуал аса күрделі болып кеткенін көріп отырсыздар. Әскери қақтығыстар, «сауда соғысы» жылдан жылға ушығып барады. Бұл әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысының, олардың халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілікті елеп-ескермеуінің нәтижесі деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі еліміздің мүмкіндіктерін шектеп отыр. Бірақ соған қарамастан, біз ұлттық стратегиямызды табанды түрде әрі біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Барлық сын-қатер мен қиындықты еңсеріп, тұрақты дамып келеміз.
Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болды. Бұл - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы екінші орын, ал осы аймақтағы елдер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Соның нәтижесінде біз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 елдің қатарына қосылдық. Беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының болжамына сәйкес, биыл осы көрсеткіш 320 миллиард доллар болады.
Шетелден тартылған таза инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр, яғни 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Бұл - Орталық Азиядағы тікелей шетел инвестициясының 69 пайызы деген сөз.
Еліміздің алтын-валюта қоры - 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті. Бір сөзбен, ұлттық экономикамыз жалпы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыздысы, мұны сапалы өсім деуге болады.
Ондаған жылдар бойы экономикамызда тапшылық, біржақтылық көп болғанын білесіздер. Бұл еліміздің одан әрі дамуына үлкен кедергі болды, әлі күнге дейін осындай келеңсіз үрдіс бар. Өндіріс және ауыл шаруашылығы саласы баяу дамыды. Коммуналдық-шаруашылық, энергетика, су, жол инфрақұрылымының әбден тозығы жетті. Қазір ахуал Үкіметтің нақты мақсаттарға сай жұмысының арқасында біртіндеп өзгеріп жатыр.
Біз мемлекетіміздің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық арқауын, яғни каркасын жасауға кірістік. Мысалы, өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны екі жыл қатарынан 6 пайыздан асып отыр. Бұл үдеріс аймақтардың мықты экономикалық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Былтырдың өзінде еліміздің әр түкпірінде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 190 өндіріс орны іске қосылды. 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал биыл Үкіметтің болжамы бойынша құны 1,7 триллион теңге болатын 200 кәсіпорын қызметін бастайды. Онда 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша, Қазақстанның бұрынғы индустриялық қуаты жандана түседі.
Өнеркәсіптің мүлде жаңа салалары пайда болды. Мысал ретінде машина құрастыру және электр техникасының жабдықтарын жасау саласын айтуға болады. Агроөнеркәсіп секторын жан-жақты дамыту мемлекет саясатындағы негізгі басымдық болып қалады. 7,4 миллион азаматымыздың тұрмыс-тіршілігі, яғни, тұрғындардың 36 пайызы және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы саланың өркендеуіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары бұл салаға бөлінген қаржы көлемі еселеп артты. Атап айтқанда, былтыр шаруаларға жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне бұрын-соңды дәл осындай орасан зор қолдау көрсетілмеген. Мұны шаруалардың өздері де айтып жүр.
Бірақ өндіріс көлемін ұлғайтумен шектелуге болмайды. Біз заман талабына сай келетін, озық технологияға негізделген аграрлық-индустриялық экономика құруымыз керек. Бұл - аса маңызды міндет. Өнімдеріміз ішкі нарықтың сұранысын толық өтеп, шетелге де тұрақты шығарылуға тиіс. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 250 өндіріс ашылды. Соның арқасында аймақтар тың серпінмен өсіп-өркендеп, халықтың әл-ауқаты арта түседі.
Мемлекеттің жүйелі жұмысының нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына әлемдегі озық компаниялар қызығушылық таныта бастады. Мысалы, шетел инвесторларының атсалысуымен Алматы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында шикізатты терең өңдейтін және азық-түлік шығаратын ірі кәсіпорындар іске қосылады. Бұл жобаларға 1 миллиард доллардан астам қаражат салынды. Осылайша, ондаған мың адам жұмыспен қамтылады.
Келесі маңызды мәселе. Мемлекет ел өміріне қажетті аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараларды қолға алды.
Су - тіршілік көзі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Қазақстан жер көлемі жағынан ірі мемлекет болғанымен, елімізде су көздері аз, тіпті, тапшы деуге болады. Сондықтан халыққа сапалы ауыз су беру, экономика салаларын су ресурсымен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттер саналады. Былтыр Кендірліде су тұшыту зауыты іске қосылды, соның арқасында Жаңаөзен қаласы тұрақты ауыз сумен қамтылды. Биыл күзде Шардара су құбыры жұмыс істей бастайды, яғни, қаланың 30 мың тұрғынына таза ауыз су беріледі.
Жалпы, мемлекет еліміздегі бүкіл су инфрақұрылымы жүйесін дамыту үшін нақты шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасында жаңғырту жұмыстары басталды, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарында су қоймалары салынып жатыр. Ауыл шаруашылығына орасан зор пайда әкелетін осы жобалар келесі жылы аяқталып, ел кәдесіне жарай бастамақ.
Биыл су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары бойынша 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Үкімет коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымдарды кең ауқымда модернизациялауға кірісті.
Жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр стансасы жөнделді, кейбіріне жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларына тездетіп жаңа жылу электр орталықтарын салу міндеті қойылды. Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы бу-газ қондырғылары базасында жаңа электр станциялары іске қосылмақ. Биыл 440-тан аса қосалқы станцияны және 17 мыңнан астам шақырымды құрайтын электр желісін жаңғырту қарастырылған.
Қазақстанды қуат көзімен жеткілікті қамтамасыз етудің және экономиканы әртараптандырудың басты факторы ретінде атом энергиясы өндірілмек. Еліміздің азаматтары 2024 жылы өткен референдумда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жөнінде стратегиялық шешім қабылдады. Бейбіт атом, сондай-ақ таза көмір өндірісі - еліміздің энергетикалық дербестігін қалыптастыратын сала.
Тағы бір маңызды міндет - көлік-транзит саласына қатысты. Біз еліміздің осы бағыттағы әлеуетін біртіндеп нығайта береміз. Бұл шаруа коммуналдық, энергетикалық және су саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмысымен қатар жүреді. Мысалы, былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөндеуден өтті. Бұл да - рекордтық көрсеткіш. Биыл 3700 шақырымнан астам жаңа теміржол желілері төселіп, пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда жолаушылар үшін жаңа бағыттар ашылып, вагондар паркі жаңартылып жатыр.
Сондай-ақ вокзалдар қайта жөндеуден өтуде. Себебі олар орташа есеппен алғанда 60 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Тіпті, еліміздегі он вокзал осыдан бір ғасыр бұрын салынған. Жалпы, біз былтыр Қазақстандағы 124 вокзалды түгел жаңғырта бастадық. Бұл жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталады. Мұндай ауқымды бастама алғаш рет қолға алынды.