Все сервисы
Zanger
30.03.2026
Сот ісін жүргізу тілі
Сот ісін жүргізу тілі - құқықтық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде, әділ сот төрелігін жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады. Қазақстан Республикасында сот ісін жүргізу тілі мәселесі Конституциямен және тиісті заңнамалық актілермен реттеледі.Ең алдымен, сот ісін жүргізу тілінің негізгі қағидаты - мемлекеттік тілдің басымдығы. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, мемлекеттік тіл - қазақ тілі болып табылады. Сондықтан сот ісін жүргізу негізінен қазақ тілінде жүзеге асырылады. Бұл - мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және оны қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолдануға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар, заңнамада сот ісін жүргізуде орыс тілін немесе басқа да тілдерді қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Егер іске қатысушы тұлғалар қазақ тілін білмесе, оларға өз тілінде сөйлеу, түсінік беру және аудармашының көмегін пайдалану құқығы беріледі. Бұл қағида - сот процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етудің кепілі.
Сот ісін жүргізу тілінің тағы бір маңызды аспектісі - тараптардың теңдігі. Әрбір азамат сотта өз ойын еркін жеткізуге, дәлелдерін ұсынуға және өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік алуы тиіс. Тілдік кедергілер бұл құқықтарды шектемеуі керек. Сондықтан сот органдары қажет болған жағдайда аудармашыларды тартуға міндетті.
Практикада сот ісін жүргізу тілін таңдау нақты істің ерекшеліктеріне байланысты жүзеге асырылады. Мысалы, егер іс бойынша барлық қатысушылар белгілі бір тілді меңгерсе, сот сол тілде жүргізілуі мүмкін. Алайда бұл мемлекеттік тілдің рөлін төмендетпейді, керісінше азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған икемді тәсіл болып табылады.
Қорытындылай келе, сот ісін жүргізу тілі - әділ сот төрелігінің маңызды кепілі. Қазақстанда бұл салада мемлекеттік тілдің дамуына басымдық берілгенімен, басқа тілдерді қолдануға да заңды негіздер бар. Бұл өз кезегінде көпұлтты қоғам жағдайында әр азаматтың құқықтарын толық әрі тең дәрежеде қорғауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы
Тастанбаева Г.О.