Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында
(Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы,
Астана қ., 2005 жылғы 18 ақпан)
Құрметті қазақстандықтар!
Ардақты ағайын!
1. Бiз неден бастадық?
Бiздiң өмiрiмiздi түбегейлi өзгертiп, Қазақстан тәуелсiздiкке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезiмнің шиеленiсi мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл бiздің мемлекетімiздің алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешiмдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бiр ғана бұрыс шешiм елiмiздiң жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулi өзгерiске ұшыратуы әбден ықтимал еді. Осы уақыттың iшiнде халық менің елiмiзге басшылық етуiме өзiнiң шынайы сенімiн білдiрдi. Мен болсам, Сiздердің сенімдерiңiздi ақтауға тырысып, бiздің стратегиялық бағытымыздың негiзгi бағдарларын әр жыл сайын өздерiңiзбен бiрге саралап келемiн.
Мiне, бүгiн, араға он бес жылдай уақыт салып, мен сiздердi бiздiң бiрлесе атқарған жұмысымыздың қорытындысын шығаруға шақырып отырмын. Бiздiң мақтан тұтарлық iстерiміз жеткiлiктi.
Бiз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегi бiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз қандай едi?
Әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуал шын мәнiнде сын көтермес күйде еді. Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкiндiктерi сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесi балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмiр сүрiп жатқан, одан бар болғаны белгілi бiр әскери әлеует қана еншiлеген ел саналдық.
Былайғы дүние бiздi көзге де iлген жоқ, әлемдiк қоғамдастықты бiздiң ядролық қару-жарағымыз ғана алаңдатты.