«Қазғарыш» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 17 наурыздағы № 242 Қаулысы
(2022.19.08. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасы Президентінің «2005 - 2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметiн дамыту туралы» 2005 жылғы 25 қаңтардағы № 1513 Жарлығын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Қазғарыш» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) құрылсын.
2. Қоғам қызметiнiң негізгі бағыттары:
Қазақстан Республикасының ғарыш қызметi саласында ағымдағы, ұзақ мерзiмдi салааралық бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық мiндеттерiн шешуге және ұлттық қауiпсiздiгін қамтамасыз етуге бағытталған тиiмдiлiгi жоғары ақпарат және ғарыш технологияларын құру;
ғылымды қажетсiнетiн ғарыш технологиялары мен техникасын құру жөнiнде ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргізу;
халықаралық ғарыш станциясында iргелi және қолданбалы зерттеулердi орындау үшiн ұшқыш басқаратын ғарыш ұшыруларын пайдалану;
ұлттық қауiпсiздiкті, қорғанысты, қоршаған ортаны қорғауды, төтенше жағдайларды болжауды және мониторингтеудi қамтамасыз ету жөнiндегі мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысу болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыру үшiн 2005 жылға арналған республикалық бюджетте кезек күттiрмейтiн шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінiң резервiнен 100000000 (бip жүз миллион) теңге бөлсiн.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінiң Аэроғарыш комитетiне Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетiне иелік ету және пайдалану құқықтарын берсiн.
5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгінiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінiң Аэроғарыш комитетiмен бiрлесiп, заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) осы қаулының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінiң резервiнен бөлiнетiн қаражат есебiнен Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды;
2) Қоғамның Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттік тiркелуiн;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсiн.
6. Қоса берілiп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінiң кейбір шешiмдерiне енгiзiлетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсiн.
7. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.