Ескерту: Жақшаның ішінде қала шегінде орналасқан объектілер саны көрсетілген ("Инжиниринг" СК мәліметі бойынша).
Қолданушыларға жолбойы сервисі объектілерінің бар екендігі және орналасу жайындағы, сондай-ақ жүріс бағдарғысы бойынша жолдардың ағымдағы жай-күйі туралы ақпараттық қызмет көрсетулер жеткілікті дамымаған.
Аталған факторлар жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді және республиканың транзит-көлік әлеуетін төмендетеді, өйткені қазір қазақстандық бағдарғының ең қысқа арақашықтығының өзі шетелдік тасымалдаушылардың жүру бағдарғысын таңдаудағы анықтаушы факторы болып табылмайды.
Осылайша, транзиттік әлеуетті қолдану тиімділігін арттыру транзиттік дәліздердің жеткілікті өткізу қабілеттілігін, олардың көліктік-пайдалану және жолбойғы сервисі объектілерінің дамытуға жағдай жасауды қоса алғанда, жол бойғы сервистің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге негізделуі тиіс.
3. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның мақсаты автокөлік тасымалдарына тұрғындардың және еліміздің экономикасының қажеттілігін барынша қанағаттандыру үшін жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желісін дамыту болып табылады.
Бағдарламаның алға қойған мақсатына жету үшін мынадай міндеттерді:
автомобиль жолдары желісін сақтауды және дамытуды;
автомобиль жолдары желісін дамытудың басымдылықтарын анықтауды;
автомобиль жолдарының, көпірлердің көліктік-пайдаланымдық көрсеткіштерін жақсартуды және олардың тұтынушылық қасиеттерін арттыруды;
қайта жаңарту және күрделі жөндеуден кейін автомобиль жолдары учаскелеріндегі жөндеуаралық мерзімдердің сақталуын;
автомобиль жолдары бойындағы орманды қорғау көшеттерін дамыту, күту және күтіп ұстауды;
автомобиль жолдарының пайдаланымдық ресурсын көбейту есебінен автожол саласындағы инвестициялардың тиімділігін арттыруды, озық технологиялар мен материалдарды енгізуді, жол төсемесінің құрылымдарын жетілдіруді;
сапаны басқарудың халықаралық стандарттарын автожол саласына енгізуді;
саланың құқықтық және нормативтік-техникалық базаларын жетілдіруді, техникалық реттеуге көшуді;
саланың кадрлық әлеуетін арттыруды;
ақылы автомобиль жолдарының жүйесін қалыптастыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жасауды;
мемлекет-жеке әріптестігін қоса алғанда, баламалы қаржыландыру көздерін енгізуді;
басым ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруды және олардың нәтижелерін енгізуді;
жергілікті жолдар желісіндегі басқару құрылымын және мемлекеттік реттеуді оңтайландыруды іске асыру қажет болады.
4. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары және тетігі
4.1. Басымдылықтар және жұмыстардың негізгі көлемдері
Бағдарламада мынадай басымдылықтар көзделеді:
негізгі халықаралық транзиттік дәліздерді бірінші кезекте қайта жаңарту;
автомобиль жолдары торабындағы бұзушылықтарды кезең-кезеңмен жою;
жүк көтергіштігі және габариттері жөніндегі талаптарға жауап бермейтін 412 көпір мен жолөткелдерді қайта жаңарту және күрделі жөндеу;
қайта жаңартудан және қалпына келтіруден өткен учаскелерде жөндеуаралық мерзімдердің сақталуы;
республикалық маңызы бар автожолдардағы топырақ бөлінуін жою;
ауылдық жерлердегі елді мекендердің автомобиль көлігі қатынасына жыл бойы қол жеткізуін қамтамасыз ету;
облыс орталықтарының айналма автомобиль жолдары учаскелерін салу және қайта жаңарту;
облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын сақтау және қалпына келтіру;
ауылдық жерлерде өзіндік құны төмен автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту және жөндеу;
ішкі және келімді туристік қызметті және кластерлік бастамаларды дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының тарихи, мәдени және табиғи туристік объектілеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерін қайта жаңарту және күрделі жөндеу.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының учаскелерін қайта жаңарту жоғарыда көрсетілген басымдылықтарға сәйкес мынадай бағыттарда жүргізілетін болады:
Ташкент - Шымкент - Тараз - Алматы - Қорғас;
Шымкент - Қызылорда - Ақтөбе - Орал - Самара, Түркістан және Ақтөбе қалаларының айналма жолдарын қоса алғанда;
Алматы - Қарағанды - Астана - Петропавл - Ресей Федерациясының шекарасы "Астана - Щучин", "Бурабай - Көкшетау - Петропавл - Ресей Федерациясының шекарасы" учаскелерінде;
Астрахань - Атырау - Ақтау - Түркменстан шекарасы;
Қиғаш өзені арқылы өтетін көпір салу;
Омбы - Павлодар - Семей - Майқапшағай (іріктеліп);
Астана - Қостанай - Челябі - Екатеринбург;
Алматы - Аякөз - Георгиевка;
Таскескен - Бақты;
Шонжы - Көлжат; Үшарал - Достық (іріктеліп);
Қызылорда - Жезқазған - Павлодар - Ресей Федерациясының шекарасы (іріктеліп);
Жезқазған - Петропавл - Ресей Федерациясының шекарасы (іріктеліп);
Бейнеу - Ақжігіт - Өзбекстан шекарасы (екінші кезең).
Автомобиль жолдары учаскелерін қайта жаңарту жөніндегі жұмыстардың көлемі қозғалыс қарқындылығының нормативтік өсімін ескере отырып әзірленген және қарасты өсуінің оське 10 тн. есептік жүктемесі бар III техникалық санат талаптарына сәйкес қолда бар жобалық-сметалық құжаттамалардың ішінара қайта жасалуын ескерумен жоспарланды. Автомобиль жолдарының жаңа учаскелерін қайта жаңартудың жобаларын әзірлеу кезінде есептік осьтік жүктемесі кемінде 13 тонна болатындай етіп жол төсемесінің құрылымын күшейту арқылы халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарын ең төмен дегенде II техникалық санатқа ауыстыруды көздейтін қайта жасалған құрылыс нормалары және ережелерінің талаптары ескерілетін болады.
Осылайша 2006-2012 жылдар ішінде республикалық маңызы бар жолдардағы жұмыстардың көлемі мыналарды құрайды:
салу және қайта жаңарту - 7205 км;
күрделі жөндеу - 1660 км;
орташа жөндеу - 16800 км;
көпірлерді қайта жаңарту және күрделі жөндеу - 412 дана.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде орындалу жоспарланған негізгі инвестициялық жобалар картаға түсірілген және 3-қосымшада көрсетілген.
Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының учаскелерін салу, қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу бойынша жұмыстардың болжанған көлемдері - 18089 км құрайды.
Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын ескере отырып, келешекте жетіспейтін автожолдарды салудың қажеттілігін анықтау үшін, республикамыздың транзит көлік әлеуетін кешенді зерттеу жүргізілуі тиіс. Зерттеу шеңберінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктерін енгізу арқылы жаңа учаскелер салудың мынадай басым бағыттары қамтылуы тиіс:
ұзақтығы 200 км Шалқар - Арал (Алматы - Қызылорда - Ақтау бағдарғысын 200-нан астам км-ге қысқарту);
ұзақтығы 500 км Бейнеу - Шалқар (батыс, орталық және шығыс өңірлерінің толассыз автомобиль қатынасын қамтамасыз ету);
ұзақтығы 200 км Қарабұтақ - Торғай ("Астана - Атбасар - Қостанай - Денисовка - Ақтөбе облысының шекарасы - Қарабұтақ" бағдарғысын 500-ден астам км-ге қысқарту);
ұзақтығы 200 км Арал - Жезқазған автожолының (Арал - Қоскөл учаскесінде) (орталық және шығыс өңірлердің Ақтау портымен толассыз қатынасын қамтамасыз ету және тасымалдау қашықтығын 2500-ден астам км-ге қысқарту);
ұзақтығы 62 км Алматы - Ыстықкөл (Ыстықкөлге дейінгі бағдарғыны 200-ден астам км қысқартады);
Одан басқа, ұзақтығы 119 км Төрткөл - Шәуілдір - Түркістан учаскесін республикалық бюджет қаражатынан кейіннен өтеу арқылы мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетігін енгізу есебінен қайта жаңарту көзделіп отыр.
Бағдарламаны орындау оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының негізінде жүзеге асырылады.
4.2. Автомобиль жолдарын пайдалануды жетілдіру
жеке жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру
Автомобиль жолдарын пайдалануды жетілдіру
Бағдарламада автомобиль жолдарын пайдалану сапасын арттыру және бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында мынадай шараларды іске асыру көзделген:
ақауларды уақтылы анықтау және жою;
жол-пайдаланымдық қызметтерін барынша тиімді орналастыру;
жол-пайдаланымдық қызметтерін техникалық жарақтауды нормативтік талаптарға дейін жеткізу;
пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде үйлесімді халықаралық стандарттарды енгізу ("Қазақстан Республикасындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын пайдалану кезінде жұмыстарды жіктеу жөніндегі нұсқаулық" РД 218 ҚР 69-95 сәйкес күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау);
ақаусыз күтіп ұстау деңгейі бойынша бекітілген желілерді күтіп ұстау сапасын бағалауға бірте-бірте ауысу;
автомобиль жолдарын диагностикалауды және аспаптық тексеруді жүйелі жүргізу;
автомобиль жолдарының және көпірлердің техникалық-пайдаланымдық жай-күйі туралы дерекқорды толықтыру және қамтамасыз ету;
жол-пайдаланымдық кешендердің техникалық жай-күйін жақсарту;
көпір құрылыстарының көліктік-пайдаланымдық жай-күйін жақсарту.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың көліктік-пайдаланымдық жай-күйін жақсарту жөніндегі міндеттерді шешуге жөндеу мен күтіп ұстау жөніндегі жұмыстарды жоспарлау және жүргізу стратегиясын өзгерту есебінен қол жеткізіледі. Облыс орталықтарын аудан орталықтарымен байланыстыратын жолдарда жөндеудің жаңа әдістері кеңінен қолдану көзделеді.
Пайдалануды басқарудың басты міндеттерінің бірі остік жүктемелер және көлік ағыны қарқындылығы артып отырған жағдайларда қолданыстағы жол төсемелерін сақтау болып табылады. Осы міндеттерді шешу үшін:
осьтік жүктемелермен және қозғалыс қарқындылығымен жолдарды сәйкестікке келтіру үшін қайта жаңарту және күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстардың қажеттілігін бағалауды;
есепке алу пункттерін көшіруді қоса алғанда, остік жүктемелерді өлшеу және мониторингі үшін осы заманғы технологияларды енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыс бағдарламасы шеңберінде ұсыныстарды әзірлеуді қамтитын жол төсемелерінің, жер төсемінің және жасанды құрылыстардың осьтік жүктемелермен қозғалыс қарқындылығының осы заманғы деңгейіне сәйкестігіне кешенді талдау жүргізу қажет.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру
Автомобиль жолдарындағы авариялық деңгейді төмендету үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы департаментімен бірлесіп жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, мыналарды қамтитын жұмыстар жүргізілетін болады:
автомобиль жолдарындағы қауіпті учаскелерді анықтау және оларды жою;
жалпы пайдаланымдағы, бірінші кезекте халықаралық бағыттардағы жолдарды жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
жолдардағы авариялық себептерін талдау және оларды төмендету жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
республикалық маңызы бар автожолдардың барлық желілерінде жол белгілерін, қорғаныс және қоршайтын құрылыстарды орналастыруды әзірлеу.
4.3. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль
жолдарын және шаруашылық жолдарын есепке алу
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде шаруашылық жолдарын қоса алғанда, автомобиль жолдарын толық түгендеу көзделеді.
Түгендеу қорытындысы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары тиістілігі бойынша жіктеуге жатады. Баланс ұстаушысы жоқ барлық жолдар олардың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына сәйкес жіктелуі және тиісті жергілікті атқарушы органдарға немесе өзге де шаруашылық субъектілеріне бекітілуі қажет. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың бастамасы бойынша жергілікті жолдардың неғұрлым жүк тасымалды учаскелерін республикалық желіге ауыстыру жоспарлануда.
Жалпы пайдаланымдағы барлық автомобиль жолдары жерді пайдаланудың техникалық паспорттарын және актілерін беру арқылы мемлекеттік және техникалық есепке алуға жатады.
4.4. Автожол саласын басқару жүйесін жетілдіру
Автожол саласын басқарудағы негізгі тірек уәкілетті мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының барлық желілерінде бірыңғай техникалық саясатты жүргізу, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамытудың өңірлік бағдарламаларын келісу, жол-пайдаланымдық қызметтерін орналастыру орындарын келісу саласында өзара қарым-қатынасты жетілдіруге бағытталатын болады.
Барлық облыстарда жергілікті жолдарды дамыту бағдарламаларын іске асыру бойынша Тапсырыс берушінің біріздендірілген қызметін қалыптастыруға қолдау көрсету және облыстарда мамандандырылған коммуналдық жол-пайдалану кәсіпорындарын құру жөнінде іс жүзінде шаралар қабылданатын болады.
Техникалық қадағалау қызметтерін материалдық-техникалық нығайту жөніндегі жүргізіліп отырған саясат одан әрі дамиды. Шаруашылық есепті жол-пайдалану учаскелері деңгейінде енгізу жөніндегі жұмыс жалғасады.
Бағдарламаны іске асыру шеңберінде автомобиль жолдарын пайдалануды басқару мәселелерін шешуде "Қазақавтожол" Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ролін күшейту жоспарлануда, мердігерлік жол ұйымдары мен инжинирингтік компаниялар қауымдастығын құру ынталандырылады.