4.5. Бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру
Бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыру және алдағы жылдарға жұмыстар көлемін қалыптастыру мақсатында мынадай іс-шараларды іске асыру белгіленіп отыр:
жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының көліктік-пайдаланымдық жай-күйі және жол қозғалысы қарқындылығы туралы электронды дерекқорларды қалыптастыру және мерзімді жаңартып отыру бойынша жұмыстарды жалғастыру;
салаға қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу бойынша жұмыстарды неғұрлым тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретін, бюджеттік шектеулер жағдайында инвестицияларды жоспарлау жөніндегі осы заманғы ақпараттық технологиялар мен бағдарламалық кешендерді одан әрі енгізу;
жол-пайдалану қызметтерінде автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау бойынша жұмыстарды тиімді жоспарлау үшін ақпараттарды автоматтандырылған өңдеу бойынша бағдарламалық кешендерді әзірлеу және енгізу;
автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау бойынша жұмыстарды нормативтік қаржыландыруға кезең-кезеңмен көшіру;
жергілікті жерлерді дамытудың индикативтік жоспарларын уәкілетті органмен міндетті келісудің іс-тәжірибесін енгізу.
Автожол саласындағы техникалық саясат жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, автомобиль жолдарының және жасанды құрылыстардың шыдам мерзімін және сенімділігін арттыруға, жол жұмыстарының құнын төмендетуге, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту және пайдаланудың сапасын арттыруға бағытталатын болады.
Жол шаруашылығындағы техникалық реттеу автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын жобалау және пайдалану кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігі мен экологиялық қауіпсіздік жөніндегі міндетті талаптарды арнайы техникалық регламенттерде белгілеу жолымен жүзеге асырылатын болады.
Жол шаруашылығының нормативтік-техникалық базасын әзірлеу және жасау және оны озық халықаралық стандарттармен үйлестіру айрықша басымдыққа ие болады.
Салаға сапа басқарудың халықаралық стандарттарын енгізу
Салаға сапа басқарудың халықаралық стандарттарын енгізу техникалық саясат саласында жүргізілетін басым бағыттардың бірі болып табылады.
Бағдарламада сапаны басқарудың жүйесін мынадай шаралар кешенін іске асыра отырып жетілдіру көзделеді:
уәкілетті органның қызметінің тиімділігін және сапасын мемлекеттік қызметкерлер үшін сапа менеджментін (ІSО) енгізу арқылы жоғарылату;
сала кәсіпорындарына сапаны басқарудың (ІSО) халықаралық стандарттарын енгізу;
сапаны басқару жүйесіне жаңа институтты - автомобиль жолдарын салудың, қайта жаңартудың және күрделі жөндеудің жобаларын технологиялық қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсету үшін инжинирингтік ұйымдарды енгізу;
жол-пайдалану қызметтерінің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту;
ұлттық техникалық ерекшеліктерді халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында жетілдіру және оларды салада қолдану;
орындалатын жұмыстардың сапасы үшін мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру;
жол төсемесінің және көпір құрылымдарының қызмет ету мерзімдерін болжау әдістемесін жетілдіру;
материалдарды, бұйымдарды және құрылымдарды сынау әдістерін жетілдіру.
Осы мәселе алдағы уақытта Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне байланысты ерекше өзектілікке ие болады.
Автожол саласын ғылыми және инновациялық дамытуды іске асыру мақсатында мыналар көзделеді:
ресурстарды үнемдейтін технологиялар әзірлеуді және жол құрылымдарының пайдаланымдық сенімділігін жоғарылатуды көздейтін басым бағыттар бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу;
қозғалыс қарқындылығын және көлік ағыны құрамын есепке алудың қазіргі заманғы технологиялары мен құралдарын енгізу;
ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибелік учаскелер салу және олардың мониторингін ұйымдастыру жолымен енгізу;
саланың кәсіпорындарын прогрессивтік материалдар мен технологияларды енгізуге ынталандыратын жағдайлар туғызу;
жаңа материалдар мен технологиялардың сапасын анықтау, сынау үшін алдыңғы қатарлы жол технологиялары орталығын құру туралы мәселені қарастыру;
автомобильдердің перспективті салмақтық габариттік көрсеткіштерін және остік жүктемелерін анықтау үшін автомобиль көлігінің даму үдерісін зерттеу және есептік остік жүктемені 13 т. және одан жоғарыға көтерудің орындылығы анықталған жағдайда оларды есепке алу.
Құқықтық және нормативтік техникалық базаны жетілдіру
Саланың құқықтық және нормативтік-техникалық базасын жетілдіру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
жол төсемесінің қызмет ету мерзімдерін, оларды 25 жылға дейін және одан да ұзаққа ұлғайтуды есепке ала отырып, регламенттейтін нормативтік құжаттарды қайта әзірлеу;
қазіргі заманғы экономикалық үдерісті есепке ала отырып, қозғалыс қарқынын болжау әдістемесін қайта әзірлеу;
қазіргі заманғы жүктемелерді және көлік ағынының құрамын есепке ала отырып, жол төсемелерінің құрылымын және жолдардың геометриялық параметрлерін жетілдіру;
жер қатынастары және қойнауларды пайдалану туралы қолданыстағы заңнамаға, трасса жанындағы карьерлерге, уақытша айналма жолдарға және уақытша ғимараттар мен құрылыстарға жер учаскелерін уақытша бөлу рәсімін оңайлату бөлігінде, өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу;
автожол саласының нормативтік-техникалық құжаттамасы туралы электрондық дерекқорларды одан әрі жетілдіру және оны іс жүзінде қолдану үшін жағдайлар жасау;
ауыспалы үлгідегі жамылғыларды пайдалану арқылы ауылдық жерлерде автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту үшін нормативтік құқықтық базаны қайта әзірлеу.
Автомобиль жолдарын салу мен пайдалану жергілікті жердің ландшафтын бұзумен, жер топырағын бұзумен, жер асты және жер бетіндегі сулардың табиғи қозғалысын бұзумен тығыз байланысты. Жол саласының өндірістік кәсіпорындары қоршаған орта объектілеріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұдан басқа, қысқы тайғанақтылықтың түрлерімен күресу үшін пайдаланылатын химиялық реагенттер жол бойғы аумақтарды ластауға және көпірлер мен жол өтпелдерінің темір-бетон және металл бөлшектерін коррозияға ұшыратады, сол арқылы олардың беріктілігі мен қызмет ету мерзімін төмендетеді.
Автомобиль жолдарын пайдалану және жол-құрылыс материалдарын өндіру кезінде осы мәселелерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2003 жылғы 9 маусымдағы № 129-п бұйрығымен бекітілген Өндірістік күштерді орналастыру сызбасының экономика саласын дамытудың мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламаларын әзірлеу кезінде қоршаған ортаға әсерін бағалау ережесіне сәйкес және ISO 14000 стандарттарына сәйкес мынадай негізгі бағыттар бойынша шаралар қабылданатын болады:
көлік-жол кешені әсерінен жол бойғы қоршаған ортаның ластануын төмендету мақсатында және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөнінде жол шаруашылығында экологиялық мониторинг жүйесін әзірлеу және енгізу;
жергілікті жердің климаттық жағдайларын ескере отырып, жол бойғы ортаның ластануына және көлік құрылыстары элементтерінің бұзылуына теріс әсерін төмендетуге мүмкіндік беретін әрекеттерді бағалап, автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстаудың жаңа әдістері мен тәсілдерін әзірлеу және енгізу және нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу;
өнеркәсіп қалдықтарын құрылыстық және технологиялық материалдар ретінде пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу есебінен табиғат қорғау іс-шараларын жүргізу және экологиялық қауіпсіздікті ескере отырып, осы материалдардың жарамдылығын бақылауды жүзеге асыру;
жасанды тосқауылдарды, көгалдандыруды және қорғаныш торларын жасауды қоса алғанда, қарқынды қозғалысты жолдарды қоршаған ортаны ластанудан қорғаудың қазіргі заманғы құралдарымен жайғастыру;
уақытша айналма және жергілікті қара жолдарда, өндірістік стационарлық аумақтарда төменгі үлгідегі жамылғылы жолдарда тозаң қалыптасуды төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа тозансыздандыратын материалдар мен технологияларды әзірлеу және енгізу және осы аймақтарда атмосфералық ауа тазалығына мониторинг ұйымдастыру;
көлік-жол кешеніндегі экологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау.
Аталған шараларды іске асыру автомобиль жолдары мен жол кәсіпорындарының қоршаған ортаға әсерін төмендетуді көздейтін нормативтік техникалық базаны жетілдіру негізінде жүзеге асырылады.
Бағдарламаны сәтті іске асыру үшін жоғары біліктілікті, едәуір еңбек ресурстарын тарту қажет болады. Саладағы жұмысшылардың жалпы саны 18 мыңға жуық адамды құрайды. Жұмыстар көлемінің болжанып отырған өсуі мен бір жұмыс істеушіге жұмыс өндіруін ұлғайтуды есепке ала отырып, салада жұмыс істейтіндердің санын 40 мыңға дейін өсіру күтіледі, бұл негізінен мердігерлік ұйымдардағы жұмысшылардың санын көбейту есебінен.
Саланың кадр әлеуетін дамытуда жұмыс сапасын және жол қозғалысы қауіпсіздігін, көпірлерді пайдалануды бақылау қызметінің тиісті тораптық қызметшілерін және жобаларды басқару жөніндегі мамандарды жасақтауға және нығайтуға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Бағдарламаның сұранысын есепке ала отырып жұмысшылар мен мамандардың әртүрлі санаттары үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесі жетілдірілетін болады. Автожол саласы бюджетінде Комитеттің және оның аумақтық органдарының қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату үшін мақсаттық көздерді қарастыру жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің оқу орындарында жыл сайынғы мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруды көздейтін кадрлардың біліктілігін көтеру бағдарламасын іске асыру жалғастырылады.
Кадр әлеуетін дамыту басқару, техникалық мәселелер, өндірістік қызмет жүйелерін қолдану және ұйымдастыру сияқты бағыттарды қамтуы тиіс. Персоналдың ұйымдастырушылық нормаларды сақтап қана қоймай, оларға талдау жасай алатын, сондай-ақ қол жеткізілімді нұсқалардың ішінен оңтайлысын таңдай білуі маңызды. Бұл үшін ішкі оқу жүргізумен қатар персоналды автожол саласын басқарудың барлық салаларындағы озық халықаралық жетістіктермен тұрақты түрде таныстырып отыру қажет. Басқарудың қолданыстағы жүйесі мен технологиясын жетілдіру қазіргі күнгі талаптарды ескере отырып жүргізілуі тиіс. Басқарушы және инженерлік-техникалық қызметкерлер балама шешімдер қабылдау үшін тиісті біліктілікке ие болулары тиіс.
Автожол саласындағы кадрлардың кәсіптік деңгейін жоғарылату жөніндегі нақты шараларға мыналар кіреді:
жыл сайын саланың кадрларды даярлау және қайта даярлау жөніндегі қажеттілігін анықтау, оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысу, кадрлардың біліктілігін жоғарылату жөніндегі оқу курстарын ұйымдастыру;
алдағы уақытта қолданылатын перспективалы технологияларды анықтау және жаңа технологиялар үшін қажетті кадрларды даярлауды ұйымдастыру;
кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу;
автожол саласындағы кадрлардың біліктілігін жоғарылату институтын қалыптастыруды және дамытуды жалғастыру.
Автожол саласының кәсіби мамандарға болашақтағы қажеттілігін қамтамасыз ету орта-арнаулы және кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамыту жөнінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен өзара іс-әрекет жасау және оқу бітірушілерді жұмысқа орналастыру жөнінде нақты шаралар қабылдау арқылы көзделеді.
4.9. Жол бойғы инфрақұрылымды дамыту
Автомобиль жолдарының қазіргі заманғы желісі қауіпсіз жүріп өту, жүктердің сақталуын қамтамасыз ету, жолды пайдаланушылардың демалысы және автотуризмді дамыту үшін жол бойы сервис деңгейін жоғарылату арқылы қажетті жағдайлар жасауы тиіс.
Жол бойғы сервис объектілерін мемлекеттік реттеу және қаржыландыру тетігі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің 2004 жылғы 17 қыркүйектегі № 274-ө өкімімен бекітілген Халықаралық транзиттік дәліздердегі жол бойғы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі 2004-2008 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарында белгіленген.
Бағдарламада автомобиль жолдары кешеніне кіретін жол бойғы инфрақұрылым объектілерін одан әрі дамыту және оларды қайта жаңарту жобалары мен күрделі жөндеуді іске асыру кезінде халықаралық талаптармен сәйкестікке келтіру көзделеді.
Жоспарды іске асыру барысында жол бойғы сервис объектілерін олардың қысқаша сипаттамасымен көшіру жөніндегі электрондық дерекқорды қалыптастыру және жаңарту жалғастырылады. Мұндай дерекқорлар барлық пайдаланушылар мен кәсіпкерлер үшін ашық болады.
4.10. Ақылы жолдарды құру үшін құқықтық негізді қалыптастыру
Басқа елдердегі ақылы жолдар жобаларын іске асыру тәжірибесі ақылы жолдарды ойдағыдай жасау мен пайдалану қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 10-15 мың автомобиль болған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін екендігін көрсетеді. Осыған байланысты Бағдарламаны іске асыру кезеңінде жолдарды қаржыландырудың балама жүйесіне көшу мүмкіндігі зерттелетін және ақылы жолдар жүйесін құру үшін құқықтық негіз қалыптастырылатын болады.
Қарастырылып отырған кезеңде ақылы автомобиль жолдары мен көпірлерді салу үшін жеке инвестицияларды тарту тетіктері зерттелетін болады. Автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жобаларын іске асыру кезінде мемлекеттік-жеке серіктестік тетіктерін зерттеу және енгізуге ерекше көңіл бөлінетін болады.
Бағдарламаны іске асыру барысында ақылы автомобиль жолдарын пайдаланушылардың, инвесторлардың және мемлекеттің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық негіз әзірленеді. Ақылы автомобиль жолдарының көліктік-пайдаланылымдық және техникалық жай-күйіне ең аз талап регламенттейтін және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нормативтік құқықтық құжаттар әзірленеді.
5. Қажетті ресурстар мен қаржыландыру көздері
Қазақстан Республикасының Көлік стратегиясына сәйкес жолдардың бүкіл желісін кезең-кезеңмен қалпына келтіруді, инвестициялардың жалпы сомасы 1,9 трлн. теңгеге жуық, болған жағдайда 2020 жылы аяқтау күтіліп отыр.
Осы Бағдарламаны қаржыландыру көлемі республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісін дамытудың ағымдағы басымдықтарын және ұзақтығы 22996 км бүкіл желідегі пайдаланымдық жұмыстардың толық кешенінің орындалуын негізге ала отырып анықталды.
Осылайша, Автожол саласын дамытудың 2006-2012 жылдарға арналған Бағдарламасын іске асыру үшін ресурстардың жалпы қажеттілігі республикалық маңызы бар жолдарға 830 млрд. теңгені, жергілікті маңызы бар жолдарға 271 млрд. теңге және мемлекеттік-жеке серіктестік қағидаттарында тартылған 182 млрд. теңгені қоса алғанда, 1283 млрд. теңгені құрайды.
Сараптамашылардың бағалауы бойынша жолдардың жай-күйін ескере отырып, республикалық маңызы бар барлық желілерді қалпына келтіру үшін қаржы қаражаттарына нақты қажеттілік 1,56 трлн. теңгені құрайды.
Барлық желілерді 7 жылда қалпына келтіру талаптары кезінде Бағдарламада көзделген қаржылық ресурстар мен қаражаттарға саланың жыл сайынғы қажеттілігін салыстырмалы талдау 7-диаграммада келтірілген.
7-диаграмма. Саланың нақты қажеттілігін және
қаржыландыру көлемін салыстырмалы талдау (млрд. теңге).
Шығындарды жылдар бойынша және шығыстардың негізгі баптары бойынша бөлу 8-кестеде ұсынылған.
8-кесте. Шығындарды жылдар және шығыс баптары бойынша бөлу