Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2005 жылғы 14 қазандағы
№ 596 бұйрығымен бекітілген
Пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі
Осы редакция 2006 ж. 20 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1. Жалпы ережелер
1. Осы пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Өсімдіктерді қорғау туралы" және "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарын іске асыру мақсатында әзірленген, пестицидтерді (улы химикаттарды) (бұдан әрі - пестицидтер) аэрозольдік және фумигациялық тәсілдермен қолдану жөніндегі қызметті лицензиялау саласындағы заңнаманың қолданылуын регламенттейді және нақтылайды.
2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) аэрозольдік тәсіл - пестицидтерді аэрозольдік генераторларды пайдалана отырып аэрозольді бөлшектер (сұйықтықтың ұсақ тамшыларының немесе пестицидтердің қатты бөлшектерінің ауада қалқып тұрған) түрінде қолдану;
2) фумигациялық тәсіл - ауыл шаруашылығы объектілерін (өсімдік текті өнімді, астықты және басқа карантинге жатқызылған өнімді өсіруші, дайындаушы, қоймалаушы, қайта өңдеуші және сатушы ұйымдардың, шаруашылық субъектілерінің, үй жанындағы және саяжай шаруашылықтарының қоймалық және өзге үй-жайларын, астық қабылдау орындарын, астық қоймаларын, жылыжайларын, топырақтарын) пестицидтердің буларымен немесе газдарымен түтіндету жолымен залалсыздандыру.
2. Лицензия беру тәртібі мен шарттары
3. Пестицидтерді аэрозольдік және фумигациялық тәсілдермен қолдану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беруді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық (Астана және Алматы қалалары) аумақтық басқармалары (бұдан әрі - Лицензиарлар) жүзеге асырады.
Лицензия белгіленген үлгідегі бланкте қосымшасымен қоса беріледі. Қосымшада бекітілген техникалық шарттарға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрі - Лицензиаттар) қолдануға құқы бар пестицидтер тізбесі көрсетіледі. Тиісті қосымшалары жоқ лицензия жарамсыз болып табылады.