Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің нарығындағы өнімнің бірыңғай
айналым белгісін қолдану туралы
келісім
(Минск қ. 2006 жылғы 19 мамырда)
2014 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың қызметін тоқтату туралы шартпен 2015 ж. 1 қаңтардан бастап күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 14 қыркүйектегі № 809 Қаулысымен бекітілді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразия экономикалық қоғамдастығына (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
өзара саудадағы негізсіз шектеулерді жоюға ұмтыла отырып,
әкелінетін өнімнің адам өмірі мен денсаулығы, қоршаған орта үшін қауіпсіздігі мен сапасының кепілдіктерін қамтамасыз етуде өзара мүдделілікті ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім мақсаттары үшін пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің нарығындағы өнімнің бірыңғай айналым белгісі», «бірыңғай айналым белгісі» - сатып алушыларды айналымға шығарылатын өнімнің ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі туралы хабардар ету үшін қызмет ететін белгілеу;
«өнімнің сәйкестігін растау» - ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің талаптарына өнімнің сәйкестігін құжаттамалық куәландыру;
«өнім» - материалдық-заттай нысанда ұсынылған және шаруашылық пен өзге де мақсаттарға одан әрі пайдалануға арналған қызмет нәтижесі;
«ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенті» - ЕурАзЭҚ шеңберінде қабылданған және қолдану мен орындау үшін өнімнің қауіпсіздігіне міндетті талаптарды белгілейтін құжат.
Еуразия экономикалық қоғамдастығына мүше мемлекеттердің нарығындағы өнім айналымының бірыңғай белгісі ЕурАзЭҚ техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келетін өнімді таңбалау үшін қолданылады.