«Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» 2006 жылғы 4 шілдедегі № 149-III Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының Заңы
 
Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария етуге байланысты
рақымшылық жасау туралы

 

Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын заңсыз еңбектенуге көшіп кeлушілерді жария ету жөнінде мемлекеттің біржолғы акция өткізуін реттейді.

 

1-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Жария ету осы Заң қолданысқа енгізілгеннен күнтізбелік алпыс күн бұрын Қазақстан Республикасына келген және осы уақыттан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің азаматтарына қатысты жүзеге асырылады.

2. Осы Заң осы баптың 1-тармағында аталған адамдардың еңбегін пайдаланатын Қазақстан Республикасының жұмыс берушілеріне қолданылады.

3. Осы Заңның күші осы баптың 1, 2-тармақтарында аталған:

Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген;

Қазақстан Республикасында болу құқығына құжаттары жоқ;

өзі туралы, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа тартылуы туралы жалған мәліметтерді хабарлаған немесе қажетті құжаттарды табыс етпеген;

лицензия алуды талап ететін қызметті жүзеге асыратын адамдарға қолданылмайды.

 

2-бап. Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария ету мерзімi

Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария ету 2006 жылғы 1 тамыздан бастап 2006 жылғы 31 желтоқсан аралығында жүргізіледі.

 

3-бап. Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария ету тәртібi

1. Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария етуді осы Заңның 1-бабының 1-тармағында аталған шетелдіктердің еңбегін пайдаланатын жұмыс беруші оларды ішкі істер органдарында еңбектенуге көшіп келушілер ретінде тіркеу жолымен жүргізеді.

2. Заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария ету үшін жұмыс берушілер еңбек қызметін жүзеге асыратын жері бойынша ішкі істер органдарына еңбектенуге көшіп келушілерді тіркеу туралы өтініш береді.

Өтініште:

1) жұмыс беруші туралы деректер:

жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты немесе заңды тұлғаның атауы;

жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі мен берілген күні;

жеке тұлғаның тұрғылықты жері немесе заңды тұлғаның орналасқан жері;

салық төлеушінің тіркеу нөмірі;

2) еңбектенуге көшіп келушілер peтінде тіркелетін шетелдіктер туралы деректер:

тегі, аты, әкесінің аты;

азаматтығы;

Қазақстан Республикасында уақытша тұратын мекенжайы көрсетіледі.

Өтінішке:

Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жасасылған жеке еңбек шартының көшірмесі;

шетелдіктердің жеке басын куәландыратын құжаттары және көші-қон карточкалары қоса беріледі.

3. Тіркеу туралы өтініш берілген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралады.

4. Осы Заңда белгіленген талаптар сақталған кезде ішкі істер органдары ерекше үлгідегі көші-қон карточкасын бере отырып, шетелдікті тіркеуді жүргізеді.

5. Жұмыс берушілер және еңбектенуге көшіп келушілер ретінде тіркелген шетелдіктер туралы мәліметтерді тіркеуді жүзеге асырған аумақтық ішкі істер органы жария етілген еңбектенуге көшіп келушілер тізіліміне енгізеді.

Жария етілген еңбектенуге көшіп келушілер тізілімдерінің көшірмелері жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.

Ерекше үлгідегі көші-қон карточкасының нысаны мен оны беру тәртібін, сондай-ақ жария етілген еңбектенуге көшіп келушілер тізілімінің нысаны мен оны жүргізу тәртібін заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді тіркеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган айқындайды.

6. Осы Заңда белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, тіркеуден бас тарту себептері көрсетіле отырып, өтініш қайтарылуға тиіс.

Өтінішті қайтаруға негіз болған себептер жойылған кезде жұмыс беруші заңсыз еңбектенуге көшіп келушілерді жария ету туралы өтінішті жария ету мерзімі ішінде қайта беруге құқылы.

7. Жұмыс берушілер осы Заңның 1-бабының 1-тармағында аталған адамдардың еңбегін олар ішкі істер органдарында тіркелген күннен бастап пайдалана алады.

8. Осы Заңның 1-бабының 1-тармағында аталған адамдар тіркелген күнінен бастап тіркеу үшін ұсынылған жеке еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде, бірақ ол жасасылған күннен бастап үш жылдан аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыра алады.

 

4-бап. Әкімшілік жауаптылықтан босату

Осы Заңның 1-бабының 1, 2-тармақтарында аталған адамдар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 394, 395 (бірінші бөлігі), 396-баптарында көзделген әкімшілік жауаптылықтан босатылады. Осы Заңның 1-бабының 2-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 207, 209 (бірінші бөлігі) және 210-баптарында көзделген әкімшілік жауаптылықтан босатылады.

 

5-бап. Қылмыстық жауаптылықтан босату

Осы Заңның 1-бабының 2-тармағында аталған адамдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 221, 222, 330-3-баптарында көзделген қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

 

Қазақстан Республикасының

Президентi

Н. Назарбаев

 

Астана, Ақорда, 2006 жылғы шілденің 4-і.

№ 149-III ҚРЗ