Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы
1999 ж. 10 желтоқсандағы № 496-І Қазақстан Республикасының Заңы
Осы редакция 2006 ж. 7 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң мемлекет пен туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын және емделуден жалтаратын азаматтардың арасындағы құқықтық қатынастарды реттейдi және азаматтардың денсаулығын айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн аурудан қорғауға бағытталған.
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) туберкулездiң жұқпалы түрi - ауру адамның сыртқы ортаға туберкулез бактерияларын бөлiп шығаруына байланысты айналадағы адамдарға қауiп төндiретiн ауру;
2) медициналық тексеру - аурудың диагнозын қою үшiн зерттеудiң зертханалық және аспаптық әдiстерiн қолдана отырып, адамды медициналық ұйым жағдайында тексеру;
3) мәжбүрлеп емдеу - туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамды сот шешiмiнiң негiзiнде стационарда емдеу;
4) емдеуде болу режимi - туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамның басқа адамдарға ауру жұқтыруына жол бермеу мақсатында туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымында белгiленетiн режим;
5) туберкулезге қарсы мамандандырылған емдеу-алдын алу ұйымы туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге де, ерiктi түрде емдеуге де арналған ұйым (орталықтар, ауруханалар, бөлiмшелер және палаталар);
6) медициналық тексеруден немесе емделуден жалтару - туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауыратын адамның дәрiгер ұйғарған немесе тағайындаған емдердi қасақана орындамауы.
2-бап. Азаматты туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауырады деп танудың тәртібі
1. Азаматты туберкулездiң жұқпалы түрiмен ауырады деп тануды, оны медициналық тексеру нәтижелерiнiң негiзiнде денсаулық сақтау ұйымы жүзеге асырады.
Медициналық тексеру жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының азаматтар денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органы белгiлейдi.