2006 жылы авиакомпания паркті меншікті қаражат есебінен кеңейтуді жоспарлап отыр, ал 2007 жылы акционерлер тарапынан қосымша сыртқы капитал салу талап етіледі. Қосымша қаражатқа қажеттілік сомасы 2007 жылы 9 180 млн. теңгені құрайды (оның ішінде 5 501 млн. теңге - ӘК шығарушыларға арналған болжамды төлемге, қалған сома - авиакомпанияның айналымдағы капиталын қамтамасыз етуге). Тиісінше "Эйр Астана" АҚ акцияларының 51%-ына ие болып отырған Қазақстан Республикасы 2007 жылға арналған бюджетте авиакомпанияның жарғылық капиталын толықтыруға 4 682 млн. теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатты көздеуі қажет.
Басқа қазақстандық авиакомпаниялардың жақын магистральдық әуе кемелерінің тозған паркін (соның ішінде Ан-24 және Як-40) толықтыру үшін 2008 жылға дейінгі кезеңде 2-3 сыныптағы ұшақтардың шамамен 7 бірлігі қажет.
Сондай-ақ, болжанып отырған жолаушылар ағынының жыл сайынғы өсуіне (15-20 %) байланысты жақын магистральдық әуе кемелерінің қосымша 3-4 бірлігі қажет.
Бұл ретте Қазақстанның климат жағдайына жарамды, жылдамдығы мен ұшу алыстығы, сондай-ақ жолаушы сыйымдылығы есебінен пайдалану тиімділігі Ан-24 және Як-40 үлгісіндегі әуе кемелерін пайдалану тиімділігінен екі есе жоғары жаңа буынның әуе кемелеріне бағытталу қажет.
Мыналар үлгі нұсқалар болуы мүмкін:
турбовинттік - Ил-114, ATR-42, ATR-72, Dash-8, SAAB және басқалары;
турбореактивтік - Ан-148, Ту-334, RRJ, Embraer, RJ, CRJ және басқалары.
Меншікті және тартылған қаражатты пайдалана отырып, әуе кемелерінің қажетті санын сатып алуды қамтамасыз ете алатын басқа да ірі ұлттық авиакомпания әуе кемелерінің паркін толықтыру неғұрлым ыңғайлы нұсқа болып табылады.
Бұдан басқа, бюджеттік және бюджеттен тыс көздерді біріктіру арқылы жаңа ұшақтарды сатып алып, кейіннен оларды қазақстандық авиакомпанияларға "жұмсақ" шартпен лизингке бере алатын "Қазавиализинг" АҚ-ның қызметін жандандыру болжанып отыр. Бұл ретте секьюритилендіру мәмілесін жүзеге асыру не мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген облигацияларды шығару сияқты қаржылық тәсілдер қолданылуы мүмкін.
Әуе кемелері паркін жаңарту мақсатында Қазақстан Республикасының авиатасымалдаушыларын экономикалық ынталандыру жөніндегі жағдайларды қазіргі заманғы әуе кемелерін сатып алу кезінде оларға кредиттік жеңілдіктерді беру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Батыс өңірінде тікұшақтық техниканы жаңарту көзделген. Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз бұрғылау қондырғыларына ұшу үшін «Еуро-Азия Эйр» авиакомпаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен 2006 жылдың басында Eurocopter типті (Францияда шығарылған) 2 жаңа тікұшақ сатып алуды жоспарлады. Каспий теңізінің қазақстандық секторы дамыған және осындай түрдегі тікұшақтарда тұтынушылық өскен сайын осы аумақта орналасқан авиакомпаниялар қажетті тікұшақтарды қосымша сатып алып отырады.
Туризмнің қажеттілігі үшін авиакомпаниялар 2005 жылы 4 жаңа тікұшақ, соның ішінде Eurocopter (1 бірлік) және Robinson (2 бірлік) үлгісіндегі тікұшақтар сатып алды. 2008 жылға қарай осы үлгідігі 10 тікұшақ сатып алу жоспарланып отыр.
5.7. Азаматтық авиация саласын нормативтік құқықтық, оның
iшінде еуропалық авиациялық ережелерді кезең-кезеңімен енгізу
жолымен қамтамасыз етуді жетілдіру
Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласында Еуропа елдерінде еуропалық бірлескен авиациялық билік орындарының (Joint Aviation Authorities) (бұдан әрі - JАА) шеңберінде қолданылатын еуропалық авиациялық ережелерді енгізу қажет.
Ол үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:
1. Ұлттық авиациялық ережелерді JAR талаптарына сәйкестендіру ол үшін:
JAR құжаттарының толық пакетін сатып алу және оны аударуды қамтамасыз ету;
JAR ережелері мен стандарттары жөніндегі консультант-мамандарды тарту қажет.
2. Азаматтық авиация комитетінің мамандарын JAA мойындаған Еуропалық даярлау орталықтарында мынадай бағыттар бойынша оқыту:
ұшуға рұқсаттары бар ұшу инспекторларын даярлау;
әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын қамтамасыз ету және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі инспекторларды даярлау;
JAR талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының ұйымдары мен оқу орындарын сертификаттау жөнінде мамандар даярлау;
Азаматтық авиация комитетінің мамандарын ағылшын тілін білу деңгейін жоғарылату жөніндегі арнайы орталықтарда оқыту.
3. Қазақстан Республикасында авиациялық техниканы пайдаланудың қолданыстағы ұлттық ережелерін JAR талаптарына бейімдеу.
4. Авиациялық персоналды даярлау мен қайта даярлау орталықтарын JAR талаптарына сәйкестендіру.
5. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жөнінде JAR талаптарына сәйкес келетін техникалық орталықтар құру.
6. Әуежайлардың жердегі және ұшуды қамтамасыз ету қызметтерін JAR талаптарына сәйкестендіру.
7. Азаматтық аэродромдардың инфрақұрылымын JAR талаптарына сәйкестендіру.
Азаматтық авиацияның қызметін реттейтін нормативтік құқықтық кесімдерді сәйкестендіру үшін қолданыстағы ұлттық авиациялық ережелерді JAR талаптарымен үйлестірілген жай-күйге келтіру қажет, ол үшін 2006 - 2008 жылдарға арналған республикалық бюджетте 478,2 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлуді көздеу қажет.
5.8. Кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін жетілдіру
Қазіргі заманғы аппараттық-бағдарламалық кешендердің негізінде құрылатын аса күрделі аэронавигациялық жүйелерді қолдану ұшу, диспетчерлік және инженерлік-техникалық персоналды даярлау деңгейіне жоғары талаптар қояды. Осыған байланысты, даярланатындардың саны мен даярлау сапасы бойынша соңғы уақытта талаптарды қаңағаттандыратын қолданыстағы жүйе кеңейтуді және қайта ұйымдастыруды талап етеді.
Мамандарды даярлауға қойылатын өсіп келе жатқан талаптарды қанағаттандыру үшін "Қазаэронавигация" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:
басшылыққа алынатын құжаттардың талаптарына сәйкес тренажерлік дайындық негізінде барлық жұмыс істейтін диспетчерлік құрамның біліктілігін жоғарылатуды қамтамасыз ету;
Орталық Азия елдері аэронавигациялық қызметтерінің диспетчерлік және инженерлік-техникалық құрамын даярлау үшін Алматы қаласындағы өңірлік біліктілікті арттыру орталығын халықаралық стандарттар бойынша сертификаттау жөнінде іс-шаралар өткізу қажет.
Республика авиакомпанияларының әуе паркін батыста жасалған авиациялық техникамен жабдықтау үрдісін ескере отырып:
шетел мемлекеттерінің ұшу мектептерінде ұшқыштар даярлау жөніндегі екі жылдық курстарда кемінде 40 студентті мемлекеттік қаражат, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясы есебінен оқытуды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы оқу орындарының негізінде, оның ішінде Азаматтық авиация академиясының базасында батыста жасалған әуе кемелерін пайдалану жөніндегі инженерлік-техникалық және ұшу құрамын даярлау мен қайта даярлау жөніндегі ic-шаралар жоспарын әзірлеу;
еуропалық авиациялық бағдарлама бойынша оқытушыларды қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының оқу орындарын техникалық қайта жабдықтау үшін жағдай жасау;
Қазақстан Республикасы оқу орындары мен ұшу орталықтарында кіші авиация үшін ұшу құрамын даярлауды қамтамасыз ету қажет.
2008 жылдың наурызынан бастап әуе қозғалысына қызмет көрсететін диспетчерлердің және халықаралық ұшуларды орындайтын пилоттардың ағылшын тілін еркін білуіне қатысты ИКАО стандартының қолданысқа енгізілуіне байланысты авиациялық персоналға ағылшын тілін үйрету және тіл меңгерудің талап етілетін деңгейін қолдау жүйесін қамтамасыз ету қажет.
Азаматтық авиация саласында ғылымды дамыту мен ғалым мамандарды даярлауды жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз ету.
6. Қажетті ресурстар және қаржыландыру көздерi
Бағдарламаның 2006 - 2008 жылдарға арналған жалпы құны 121471,5 млн. теңгені құрайды, оның ішінде: республикалық бюджеттен - 33782,8 млн. теңгені және де 87688,7 млн. теңге мөлшерінде бюджеттен тыс қаражат тарту жоспарланып отыр.
(млн. теңге)
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
Бүгінгі күні Қазақстанның макроэкономикалық даму процестерінің басым көпшілігі оң үрдістердің жалғасуы мен жалпы ішкі өнімнің өсуін көрсетіп отыр. Авиациялық тасымалдардың өсу үрдісі тұрғындардың жүріп-тұруы мен жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің тұрғындарға деген деңгейі арасындағы өзара байланыстан, сондай-ақ әуе тасымалдары қауіпсіздігіндегі сенімділікке байланысты әуе тасымалдары тартымдылығын қамтамасыз етуден шығып отыр.
Бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етуге, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін саланы құруға, сапалы авиациялық қызметтерге тұрғындардың және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттілігін қанағаттандыруға, әуе кемелерінің жаңа үлгілерін пайдалану есебінен ұшу қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз етуді, аэронавиагациялық жүйені жаңғыртуды, әуежайлардың негізгі өндірістік қорларын қайта жаңарту мен жаңғыртуды қанағаттандыруды, авиациялық персоналды даярлау және оның біліктілігін жоғарылату жүйесін құруды қамтамасыз етуге қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын дамытуға ықпал етеді.
Күтілетін нәтижелер:
ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру;
2008 жылдан бастап еуропалық авиациялық стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу;
Қазақстан Республикасының әуежайлары арқылы жыл сайын жолаушылар ағынын кемінде 10 %-ға өсіру;
жыл сайын жүк ағынының кемінде 4 %-ға өсіру;
әлемдік стандарттарға жауап беретін әуе кемелері паркін жылына орта есеппен 5 бірлікке жаңғырту мен жаңарту арқылы отандық авиакомпаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықаралық ұшуларды көбейту;
еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдалану үшін әлемдік стандарттарға жауап беретін жылына кемінде 2 әуежайды дамыту және қайта жаңартуды, халықаралық әуежайлар санын сегізге дейін ұлғайту;
кадр резервін қалпына келтіру.
ҚР Үкіметінің 2007.24.12. № 1266 қаулысымен 8-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын
дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын іске
асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
9. Ескертпелер:
* - тиісті жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде жыл сайын нақтыланатын қаржыландыру көлемі;
** - шығыстар сомасы алдын ала есептелген және ол кәсіпорындардың даму жоспарларында нақтыланатын болады;
*** - шығыстар сомасы алдын ала есептелген.
Аббревиатуралардың толық жазылуы:
ККМ - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
БҒМ - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі;
РБ - республикалық бюджет;
АҚ - акционерлік қоғам;
ИКАО - Халықаралық азаматтық авиация ұйымы;
АҚҚ - авиациялық қауіпсіздік қызметі;
ҰҚЖ - ұшу-қону жолағы;
ӘҚБ АЖ - әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесі.