Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 22 тамыздағы
№ 798 қаулысымен
Мақұлданған
Жоба
Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы келісімге
қатысушы мемлекеттердің аумағындағы инвестициялық
қызмет пен капиталдың еркін қозғалысының негіздерi туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Беларусь Республикасының Yкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Украинаның Министрлер Кабинетi
2003 жылғы 19 қыркүйекте қол қойылған Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы келісімді назарға ала отырып,
капиталдың еркін қозғалысы үшін бәсекелес орта құрудың, өзара инвестициялауға жәрдем көрсетудің және халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарықтарының жұмыс істеуінің қажеттігін басшылыққа ала отырып,
өзінің Тараптардың экономикалық қауіпсіздікті қорғау қағидаттарын мойындайтынын растай отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Келісімде қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
1. Мемлекеттік реттеуіштер - Тараптың қаржы нарығындағы құқықтық реттеуді және (немесе) қадағалауды жүзеге асыруға осы Тарап уәкілеттік берген органдар.
2. Инвестициялар - пайда алу және (немесе) өзге пайдалы жетістікке қол жеткізу мақсатында кәсіпкерлік және (немесе) өзге қызмет объектілеріне салынатын ақша қаражаты, бағалы қағаздар, кез келген жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік, мүліктік құқық және ақшалай бағасы бар өзге құқықтар.
3. Инвестор - Тараптардың бірінің азаматы болып табылатын жеке тұлға немесе Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес құрылған, оның ішінде мемлекет атынан іс-әрекет жасайтын заңды тұлға немесе Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес құрылған, заңды тұлға болып табылмайтын, Тараптардың аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын ұйым.