Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау
тәртібі туралы
Қабылданды- 2007 ж. 12 қаңтардағы № 221-III ҚР Заңың қара
ҚР Үкіметінің 2006.25.08 № 820 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Осы Заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында олардың өтініштерін беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) арыз - тұлғаның өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда жәрдем көрсету туралы өтініші не заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің бұзылуы, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарлама не аталған органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметін сынау;
2) иесі бүркемеленген өтініш - оның авторын белгілеу мүмкін емес, қол қойылмаған не арыз берушінің тұрғылықты немесе орналасқан жері көрсетілмеген өтініш;
3) қайта жасалған өтініш - бір тұлғадан бір мәселе бойынша кемінде екі рет келіп түскен:
уәкілетті органға келіп түскен алдыңғы өтініш бойынша қабылданған шешімге шағым жасалған;
бұрын жіберілген өтініш келіп түскен уақыттан бастап заңнамада белгіленген қарау мерзімі өтіп кетсе, алайда арыз беруші жауап алмаған болса, оның уақтылы қаралмауы туралы хабарланған;
алдыңғы өтінішті қарау және ол бойынша шешім қабылдау кезінде жіберілген басқа да кемшіліктер көрсетілген өтініш;
4) өтініш - уәкілетті органға немесе лауазымды тұлғаға жіберілген жеке немесе ұжымдық жазбаша ұсыныс, арыз, шағым немесе сұрау, сондай-ақ ауызша өтініш;