166. Осы тарауда аталған лауазымды адамдардың шет мемлекетке сапарын ұйымдастыру үшін мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылған жұмыс тобы жіберіледі.
Мүдделі мемлекеттік органдар болжанатын шығу күніне дейін кемінде он жұмыс күні бұрын Сыртқы істер министрлігіне өз өкілдерін жұмыс тобының құрамына енгізу жөнінде ұсыныстар жібереді.
Жұмыс тобының түпкілікті құрамын өкілдері межелі пунктке іссапарға жіберілетін мемлекеттік органдармен келісу бойынша Сыртқы істер министрлігі айқындайды.
18-тарау. Конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік орындардың басшылары, мемлекет басшыларына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, орталық атқарушы органдардың басшылары, үкіметтің құрамына кірмейтін ведомстволардың басшылары қатысатын іс-шараларды қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық мәселелері
167. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының шақыруы бойынша келетін шет мемлекеттердің конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік органдары басшыларының, шет мемлекеттер басшыларына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының, шет мемлекеттер министрлерінің, шет мемлекеттердің орталық атқарушы органдарының басшылары мен үкіметтерінің құрамына кірмейтін ведомстволары басшыларының Қазақстан Республикасына сапары шақырған мемлекеттік орган пысықтаған, Сыртқы істер министрлігімен келісілген бағдарлама негізінде жүзеге асырылады.
168. Бағдарламада тараптардың келісуі бойынша кездесулер мен келіссөздер, қабылдау және басқа да іс-шаралар көзделеді.
169. Сапардың іс-шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының құрамын қабылдаушы мемлекеттік орган Сыртқы істер министрлігімен келісу бойынша айқындайды.
170. Шетелдік делегацияны қабылдау және оған қызмет көрсету деңгейі екіжақты қатынастар деңгейімен, сондай-ақ өзара сыйластық қағидаты ескеріле отырып айқындалады.
171. Қарсы алуға (шығарып салуға) тараптардың болу бағдарламасында айқындалған лауазымды адамдары қатысады.
172. Шақырушы мемлекеттік органның ұсынысы бойынша мейманның қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін.
173. Шетелге (шетелден) шыққан (келген) кезде конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік органдардың басшыларын, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларын, министрлерді, республикалық ведомстволардың басшыларын әуежайда шығарып салуға (қарсы алуға) тиісті мемлекеттік органның өкілдері қатысады.
174. Конституциялық мәртебесі бар мемлекеттік органдардың басшылары, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер қатысатын іс-шараларды, оның ішінде шет мемлекеттердің өкілдерімен кездесулер мен келіссөздерді олардың аппараттары (хатшылықтары) Сыртқы істер министрлігінің тиісті құрылымдық бөлімшесімен бірлесіп жоспарлайды, келіседі және өткізеді.
19-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының және шетелдік үкіметтер басшыларының арнаулы өкілдері қатысатын іс-шараларды протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
175. Шет мемлекеттер басшыларының арнаулы өкілдері Президенттің меймандары, ал шетелдік үкіметтер басшыларының арнаулы өкілдері Үкіметтің меймандары ретінде қабылданады.
Сапардың форматы, осы санаттағы адамдарды қарсы алу (шығарып салу), орналастыру, тамақтандыру, оларға көліктік қызмет көрсету мәселелері Премьер-Министрдің өкімімен айқындалады.
Президенттің және Премьер-Министрдің арнаулы өкілдерін әуежайда шетелге (шетелден) шығарып салуға (қарсы алуға) шетелдік сапарды ұйымдастыруға жауапты адамдар қатысады.
Арнаулы өкілдің шет елде болу бағдарламасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп жасалады.
20-тарау. Халықаралық ұйымдар басшыларының және олардың орынбасарларының Қазақстан Республикасына сапарын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
176. Халықаралық ұйымдардың басшылары (олардың орынбасарлары) Қазақстан Республикасы Үкіметінің меймандары ретінде қабылданады.
Әуежайда мейманды Сыртқы істер министрінің орынбасары (Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы) және халықаралық ұйымның Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы қарсы алады (шығарып салады).
Мейманның автомобиліне халықаралық ұйымның туы орнатылады.
177. Тараптардың келісуі бойынша халықаралық ұйым басшысының болу бағдарламасында Президентпен, Премьер-Министрмен, Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталарының төрағаларымен және басқа да лауазымды адамдарымен кездесу көзделеді.
178. Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша халықаралық ұйымдар басшыларының қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін.
21-тарау. Шет мемлекеттердің бұрынғы мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының және сыртқы саясат ведомстволары басшыларының сапары
179. Шет мемлекеттердің бұрынғы мемлекет басшыларының, үкімет басшыларының және сыртқы саясат ведомстволары басшыларының сапарын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру мәселелерін шешуді Қазақстан Республикасының шақырушы мемлекеттік органы Сыртқы істер министрлігімен келісу бойынша жүзеге асырады.
22-тарау. Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысатын іс-шараларды протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
1-параграф. Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер басшыларының келуі және кетуі
180. Шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі Қазақстан тарапының тиісті келісімін (агреманын) алғаннан кейін жаңадан тағайындалған шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі басшысының (бұдан әрі - жаңадан тағайындалған Елші) Қазақстан Республикасына келетін күні мен уақыты туралы Сыртқы істер министрлігіне хабарлайды.
181. Астана қаласына келген кезде жаңадан тағайындалған Елшіні Мемлекеттік протокол қызметінің қызметкері қарсы алады.
Жаңадан тағайындалған Елші мен оның отбасы мүшелері үшін әуежай VIP-залының көрсетілетін қызметтерімен қамтамасыз ету төлемақысыз жүзеге асырылады.
182. Дипломатиялық өкілдік Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясын аяқтайтын шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі басшысының (бұдан әрі - кететін Елші) миссиясы аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасынан кететін күні мен уақыты туралы Сыртқы істер министрлігін алдын ала хабардар етеді.
Тараптардың келісуі бойынша кететін Елшінің мемлекет, Сыртқы істер министрлігі басшылығымен және Қазақстан Республикасының басқа да лауазымды адамдарымен кездесуі көзделеді.
2-параграф. Сенім грамоталарын тапсыру
183. Дипломатиялық өкілдік жаңадан тағайындалған Елшінің сенім грамоталарын тапсыруға әзір екендігі туралы Сыртқы істер министрлігіне нота тәртібімен хабарлайды, сондай-ақ сенім грамоталарының көшірмесін тапсыру және сенім грамоталарын тапсыру рәсімімен танысу үшін Сыртқы істер министрлігінде кездесуге сұрау салады.
184. Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі Президент Әкімшілігімен келісу бойынша Сыртқы істер министрлігі белгілеген тәртіппен өткізіледі.
185. Жаңадан тағайындалған елшілердің келу кезектілігі Қазақстан Республикасына келген күні мен уақытына сәйкес айқындалады.
186. Сенім грамоталарын тапсыру рәсіміне Президент Әкімшілігінің Басшысы, Сыртқы істер министрі және Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі қатысады.
3-параграф. Шет мемлекеттердің ұлттық мерекелеріне орай олардың дипломатиялық өкілдіктеріндегі іс-шаралар
187. Шет мемлекеттердің ұлттық мерекелеріне орай олардың дипломатиялық өкілдіктері ұйымдастыратын қабылдаудағы бас мейманды шет мемлекетпен қарым-қатынас деңгейі мен өзара сыйластық қағидатын ескере отырып, Сыртқы істер министрлігі айқындайды. Тиісті мемлекеттік органдар бас мейманның сөйлейтін сөзінің жобасын дайындайды және оны Сыртқы істер министрлігіне келісуге жібереді.
Шет мемлекеттердің ұлттық мерекелеріне орай олардың дипломатиялық өкілдіктері ұйымдастыратын қабылдауларда екі елдің мемлекеттік гимндерін орындау (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні бірінші болып орындалады) және мемлекеттік туларды орнату (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы бірінші болып немесе тулардың тақ саны орнатылатын болса, ортада орналастырылады) көзделеді.
4-параграф. Шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері басшыларының Қазақстан Республикасының басшылығына протоколдық баруы
188. Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары сенім грамоталарын тапсырғаннан кейін, Қазақстан Республикасы басшылығының тиісті шет мемлекеттерге шетелдік сапарының алдында, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай олардың Қазақстан Республикасының басшылығына протоколдық баруын ұйымдастырады.
5-параграф. Президенттің дипломатиялық миссиялар басшыларымен жыл сайынғы кездесуі
189. Сыртқы істер министрлігі Президент Әкімшілігімен бірлесіп Президенттің шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында тұрақты резиденциялары бар дипломатиялық өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен жыл сайынғы кездесуін ұйымдастырады.
Кездесу аяқталғаннан кейін қабылдау өткізу көзделеді.
23-тарау. Шет мемлекеттердің ұлттық мерекелеріне орай құттықтау хаттары
190. Дипломатиялық қатынастар орнатылған шет мемлекеттердің ұлттық мерекелеріне орай осы мемлекеттердің басшыларына Президенттің атынан құттықтау хаттары жолданады.
191. Дипломатиялық қатынастар орнатылған шет мемлекеттердің мемлекет, үкімет және сыртқы саясат ведомствосы басшыларының лауазымына кірісуіне орай тиісінше Президент, Премьер-Министр және Сыртқы істер министрі қол қоятын құттықтау хаттары жолданады.
192. Құттықтау хаттары шарттар жасасқан күндерге жыл толуына орай, екіжақты қатынастарға қатысты мерейтойлық күндер мен жыл толу күндеріне байланысты жіберілуі мүмкін.
Құттықтау хаттарының жобаларын Сыртқы істер министрлігі дайындайды, белгіленген тәртіппен бекітеді және тиісті елдердегі Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері арқылы жібереді.
193. Ұлттық мереке болып табылмайтын мерекелерге орай құттықтау хаттары бастама түрінде жіберіледі.
24-тарау. Шет мемлекеттердегі аза тұту оқиғаларына байланысты хаттар
194. Көңіл айту хаттарының (жеделхаттарының) жобаларын Сыртқы істер министрлігі дайындайды, белгіленген тәртіппен бекітеді және тиісті елдердегі Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы жібереді.
195. Шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасына сапары кезінде Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының атынан естелік сыйлықтар беру көзделеді.
196. Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының шетелге сапары кезінде шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың лауазымды адамдарына естелік сыйлықтар беру көзделеді.
ҚР Президентінің 2025.12.02. № 779 Жарлығымен 1-қосымша өзгертілді (2025 ж. 6 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасының
1-ҚОСЫМША
Мемлекетішілік іс-шараларды өткізу кезіндегі Қазақстан Республикасы лауазымды адамдарының
ПРОТОКОЛДЫҚ ҮЛКЕНДІГІ