Жеке тұрғын үй құрылысына қатысты жер дауларын қарастыратын
заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі жайында
шолу
2005 жылы республика соттарына, жеке тұрғын үй құрылысына қатысты барлығы 125 іс келіп түскен. Шешім шығарумен 90 іс қарастырылып, оның 61 ісі (68 %) талапты қанағаттандырумен аяқталған. Бұл факт негізінен азаматтардың соттарға негізді жүгінгендерін және өздерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіргендерін көрсетеді.
«Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» 1994 жылғы 3 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әрбір азаматының, оның тұрақты тұратын жеріне қарамастан, республика аумағында жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға құқығы бар.
Соттар аталған санаттағы істерді қарау кезінде негізінен 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексін 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін (әрі қарай - АК), Жеке тұрғын үй құрылысы туралы заңын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1998 жылғы 14 мамырдағы № 2 «Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» қаулысын және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алған.
Қорытуға келіп түскен істерді зерттеу соттарда азаматтардың негізінен дауласатыны:
- жер учаскелерін таңдау және беру, жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді беру, жеке тұрғын үйлерді пайдалануға енгізу, жылжымайтын мүлікке жеке меншік құқығын тіркеу кезіндегі жергілікті атқарушы органдардың шешімдері мен әрекеттері;
- өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы;
- жер учаскесінің шекарасын анықтау туралы;
- жер учаскесіне меншік құқығын тану және оны бөтеннің заңсыз иеленуінен қайтаруды талап ету туралы;
- өз бетімен салынған ғимараттарды, жанама салынған құрылыстарды бұзу туралы;
- жер учаскесін иеленудің заңды фактісін анықтау туралы;
- басқа да даулар екендігін көрсетті.