«Екінші деңгейдегі банктердің пруденциалдық нормативтерді орындауы
жөніндегі есеп беру ережесін бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен
қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 17 маусымдағы № 136 Қаулысы
Осы редакция 2007 ж. 23 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Екінші деңгейдегі банктердің пруденциалдық нормативтерді орындауы жөніндегі есеп беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және оның қолданысы 2006 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған қатынастарға таратылады.
3. Екінші деңгейдегі банктер нормативті белгілеу үшін 2006 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Пруденциалдық нормативтерді орындауы жөніндегі есеп беру ережесінің 22-қосымшасына сәйкес 2006 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы резидент еместерінің алдында қысқа мерзімді міндеттемелердің ең жоғары лимитінің талдамасын береді.
4. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):
1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне, екінші деңгейдегі банктерге жіберсін.