Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі
(Астана, 2007 жылғы16 мамыр)
Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі — еркін
демократиялық қоғамды жедел дамыту .
Құрметті депутаттар! Қадірлі қауым!
Бүгін - Қазақстан демократиясы үшін тарихи күн.
Сіздердің қарауларыңызға республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы ұсынылып отыр.
Бұл құжат - Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігінде терең өзгерістер жасаудың заңды нәтижесі болып табылады.
Біз еркін демократиялық қоғамды дамытудың жедел бағытын жария ете отырып, тәуелсіз Отанымыздың саяси тарихының жаңа да жарқын бетін ашпақпыз.
Еліміздегі экономикалық табыстар, қазақстандық әрбір отбасының әл-ауқатының артуы, өмір сүру стандарттарының өсуі Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа кезеңіне берік тұғыр жасап берді.
Біз осы тұғырда біртіндеп ашық та демократиялық қоғамы бар құқықтық мемлекет қалыптастырып жатырмыз.
Яғни, дамыған демократияның жетістіктері біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың үздік дәстүрлерімен жарасымды үндестік таппақ.
Сіздер мен біздер елімізді демократияландыруды жеделдету үшін тұрақтылықты, құқықтық мемлекетті және қоғамдық келісімді сақтаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз.
Заңдылық пен конституциялық тәртіп сақталмайтын жерде, экономикалық және әлеуметтік берекесіздік орын алған жерде, адамның іргелі құқықтары, азаматтардың армандары мен үміттері қамтамасыз етілмейтін келешегі бұлдыр жерде демократия құру мүмкін емес екендігін бүгінде әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
Біздің баршамыздың міндетіміз - ешқашан да, ешқандай жағдайда да өз елімізде мұндай берекесіздікке жол бермеу.