Тұрғын үйге меншік құқығына қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселелері туралы
2007 жылғы 16 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы
(2024.25.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Жоғарғы Сотының 2024.28.11. № 4 Нормативтік қаулысымен тақырыбы жаңа редакцияда (2024 ж. 25 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР Жоғарғы Сотының 2024.28.11. № 4 Нормативтік қаулысымен кіріспе өзгертілді (2024 ж. 25 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Тұрғын үйге меншік құқығы туралы заңнаманың дұрыс және біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
ҚР Жоғарғы Сотының 2024.28.11. № 4 Нормативтік қаулысымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 25 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция ) 26-бабының 1-тармағына, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 191-бабына және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 11-бабына сәйкес заңды түрде сатып алынған кез келген тұрғын үй азаматтардың, заңды тұлғалардың жеке меншігінде бола алады. Меншік иелерінің тұрғын үйді иелену, пайдалану және билік ету бойынша құқықтары заңнамалық актілерде көзделген тәсілдермен сот тәртібімен қорғалады.
Конституцияның нормаларында адамның азаматтық құқықтарын шектеуге тек заңдармен ғана жол берілетініне байланысты меншік иесінің құқықтарын шектейтін өзге заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қолданылуға жатпайды.
ҚР Жоғарғы Сотының 2024.28.11. № 4 Нормативтік қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 25 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)