Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманы соттардың қолдануының
кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004
жылғы 26 қарашадағы № 18 Нормативтік қаулысы
(2006.16.01. берілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2007 ж. 17 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың кейбір нормаларын сот тәжірибесінде біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қараған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 8-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың принциптерін сақтамау әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізілген істі оның сипаты мен мәніне қарай жарамсыз деп тануға, осындай іс жүргізудің барысында шығарылған шешімдердің күшін жоюға не осы орайда жиналған материалдардың дәлелдемелік күшін жоқ деп тануға әкеп соғатынын назарда ұстаған жөн.
2. Тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын, заңда белгіленген тәртіппен мемлекет атынан немесе оның органдарының атынан заңдық маңызы бар актілер шығару құқығы немесе билік ету өкілеттігі берілген не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа әскерлері мен әскери құрылымдарында ұйымдық-билік ету немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтерді атқаратын адамдарды лауазымды адамдар қатарына жатқызу керек.