Қазақстан халқының рухани даму қоры» акционерлік қоғамын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 желтоқсандағы № 1226 Қаулысы
(2015.28.08. берілген өзгерістермен)
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 24 ақпандағы № 90 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан халқының рухани даму қоры» акционерлік қоғамын құру және қызметін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 1 желтоқсандағы № 703 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Қазақстан халқының рухани даму қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - қоғам) құрылсын.
2. Қоғам қызметінің негізгі мәні:
1) Қазақстан халқының мәдени құндылықтары мен дәстүрлерінің дамуына тұрақты мониторинг жүргізу және оны қолдау;
2) қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке кірігуін дамыту және тереңдету жөніндегі серпінді жобаларды іске асыру;
3) Қазақстан Республикасын әлемдік мәдени кеңістікке сәйкестендіру жөніндегі зерттеу мен негіздеме;
4) мәдениет пен өнер саласындағы жобаларды талдау және олардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
5) Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін рухани байытуға және
олардың халықаралық мәдени алмасуға қатысуына жәрдемдесу;
6) елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жыл сайынғы байқау-конкурстар, фестивальдар, семинарлар, мұражай және кітап көрмелерін ұйымдастыруға және өткізуге ықпал ету болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) қоғамның жарғысын бекітуді;
2) қоғамды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
3) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқықтарын беруді;
4) қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды 58400000 (елу сегіз миллион терт жүз мың) теңге мөлшерінде 019 «Бұқаралық ақпарат құралдарын институционалдық дамыту» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2008 жылға арналған республикалық бюджеттен көзделген қаражат есебінен жүзеге асыруды;
5) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
5. «Қазақстан Республикасында Мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қоры туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 31 желтоқсандағы № 1394 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.