(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

1) теріс шешім алынған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде;

2) шешім болмаған жағдайда өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн өткеннен кейін жүгінуге құқығы бар.

Бұл ретте мұндай сұрау салудың көшірмесі теріс шешім қабылдаған салық органына табыс етіледі. Сұрау салу осы Кодекстің 219-бабында белгіленген құжаттар қоса беріле отырып, еркін нысанда ресімделеді.

17. Уәкілетті орган сұрау салу бойынша резидент емес сұрау салуды табыс еткен күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірмей дәлелді шешім шығаруға міндетті.

Уәкілетті орган төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған кезде табыс етілген өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтарылуға жататын табыс салығының сомасы қойылады және өтініштің өзі басшының қолымен және уәкілетті органның мөрімен куәландырылады.

18. Егер резидент емес Қазақстан Республикасында табыстарға салық салу тиісті халықаралық шарттың ережелеріне қайшы келеді деп есептесе, ол өзінің табыстарына салық салуға қатысты халықаралық шарт ережелерін қолданудың заңдылығы туралы мәселені қарау туралы өтінішпен өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органына жүгінуге құқылы.

Бұл ретте резидент емес өзі резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органына осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде Қазақстан Республикасының сотына жүгінгенге дейін уәкілетті органмен өзара келісу рәсімін жүргізу туралы сұрау салумен жүгінуге тиіс.

19. Халықаралық шарт ережелерін резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табысына қолдану мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы сотының шешімі болған кезде уәкілетті органның шет мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісу рәсімін жүргізуге құқығы жоқ.

 

218-бап. Табыс салығын шартты банк салымынан бюджетке аудару тәртібі

1. Салық органы резидент еместің өтініші бойынша теріс шешім алған күнінен бастап күнтізбелік тоқсан күн өткеннен кейін және резидент еместен осы Кодекстің 217-бабының 16-тармағында көрсетілген сұрау салудың көшірмесін алмаған жағдайда, банкке өтініште көрсетілген және шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкімді жіберуге міндетті.

2. Резидент емес осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде салық органына өтінішті табыс етпеген жағдайда, салық органы жоғарыда көрсетілген мерзім өткеннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде банкке шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкімді жіберуге міндетті.

3. Салық органы инкассалық өкіммен бір мезгілде табыс салығының сомасы резидент еместің шартты банк салымында орналастырылған кезден бастап бюджетке аударылғанға дейін банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы сұрау салуды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша банкке жібереді.

4. Банк сұрау салу алынған күннен бастап күнтізбелік екі күн ішінде салық органына уәкілетті орган белгілеген нысандағы банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерді жіберуге міндетті.

Банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу және оларды табыс ету салық есептілігі үшін осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.

5. Салық органы банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерді алғаннан кейін күнтізбелік екі күн ішінде банк сыйақылары сомаларын бюджетке өндіріп алуға арналған инкассалық өкімді банкке жіберуге міндетті.

6. Банк инкассалық өкімді алған күнінен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын және есебіне жазылған банк сыйақыларын бюджетке аударуға міндетті.

7. Банктің кінәсінен шартты банк салымы туралы шарттың талаптары бұзылған және табыс салығының ұсталған сомалары бюджетке уақтылы аударылмаған кезде банк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

8. Банктің шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын бюджетке аудару жөніндегі міндеттемелерді орындауы мүмкін болмаған жағдайда, төлем көзінен табыс салығын, банк сыйақыларын және бюджетке салықты уақтылы аудармағаны үшін айыппұл санкцияларын аудару жөніндегі міндеттеме салық агентіне жүктеледі.

 

219-бап. Резиденттікті растайтын құжатқа және төленген табыс  салығын халықаралық шарт негізінде бюджеттен  немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған  салықтық өтінішке қойылатын талаптар

1. Осы Кодекстің 217-бабы қолданылған жағдайда, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті тиісті салық органы мыналар:

1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің) нотариаттық куәландырылған көшірмелері;

2) құрылтайшылар (қатысушылар) және резидент емес заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлері көрсетілген құжаттардың (құрылтайшы құжаттардың не сауда тізілімінен көшірме үзіндінің) нотариаттық куәландырылған көшірмелері;

3) алынған табыстар мен ұсталған (төленген) салықтар сомаларын растайтын бухгалтерлік құжаттардың көшірмелері;

4) резиденттік мемлекетінің құзыретті органы берген, резиденттікті растайтын құжат немесе оның нотариаттық куәландырылған көшірмесі болған кезде қабылдайды. Бұл ретте осы тараудың мақсаты үшін резидент емес резиденттік еліндегі өзінің тіркеу деректері өзгерген жағдайда, өзгертілген деректерді ескере отырып, резиденттікті растайтын құжатты немесе оның нотариаттық куәландырылған көшірмесін осы тарауда белгіленген тәртіппен қайта табыс етуге міндетті.

2. Егер резидент емес депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынған табыстардан төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті берсе, өтінішке мынадай құжаттар:

1) мыналарды:

резидент еместің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде);

депозитарлық қолхаттардың саны мен түрі туралы ақпаратты;

резидент еместің жеке басын куәландыратын құжаттың атауын және деректемелерін (жеке тұлға үшін), резидент еместің мемлекеттік тіркелу нөмірін және күнін (заңды тұлға үшін) қамтитын «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» акционерлік қоғамынан алынған шоттың көшірме үзіндісі;

2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар эмитентінің акционерлері жалпы жиналысының бір акция есебінен дивидендтің мөлшерін және дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күнді көрсете отырып, белгілі бір кезең үшін дивидендтер төлеу туралы шешімі;

3) келіп түскен дивидендтердің сомалары бойынша валюта шотынан көшірме үзінділер;

4) осындай резидент еместің резиденттігін растайтын, осы баптың 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжат қоса беріледі.

3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалса, резидент емес олардың мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі нотариаттық куәландырылған аудармасын қоса беруге міндетті.

4. Осы тараудың ережелерін қолдану мақсатында шетелдік тұлғаның резиденттігін растайтын құжат табыс алушы шетелдік тұлғаның салық кезеңінде шетелдік тұлғаға Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған, табыс есебіне жазылған халықаралық шарттарға сәйкес салық салуға жататын Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылатынын растайтын ресми құжат болып табылады. Мұндай құжатты табыс алушы шетелдік тұлға резиденті болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы куәландырады.

Бұл ретте резидент еместің резиденттігін куәландырған органның қолы мен мөрі (резиденттікті растайтын құжат), сондай-ақ резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесі табыс етілген жағдайда шетелдік нотариустың қолы мен мөрі Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптарының бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық шартта белгіленген тәртіппен дипломатиялық немесе консулдық заңдастыруға жатады.

 

220-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған

табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама

1. Резиденттік елінде Қазақстан Республикасында төленген салықтарды есепке жатқызуды немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар шегерімін алу мақсатында резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы салық органынан алуға құқығы бар.

2. Резидент емес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы алу үшін салықтық өтінішті төменде көрсетілген салық органына:

1) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - салық агенті орналасқан жер бойынша;

2) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша;

3) шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - салық агенті орналасқан жер бойынша;

4) Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстардан салықтарды дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасында болатын (тұрғылықты) жері бойынша табыс етуге міндетті.

3. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтаманы салық органы резидент еместің есебіне жазылған табыстарының және төлеуге жататын салықтардың сомалары көрсетілген салық есептілігінің тиісті нысанын резидент емес және (немесе) салық агенті табыс еткеннен кейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей береді.

4. Салық төлеушінің салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған кезде, сондай-ақ салық төлемі болмаған немесе салық агентінде салық өтініші берілген күні резидент еместердің табысынан салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы резидент емеске анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.

5. Резидент емес салық органына салықтық өтінішті табыс етпеген жағдайда, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама берілмейді.

6. Салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша анықтамаларды тіркеу журналын жүргізуге міндетті.

 

27-тарау. РЕЗИДЕНТТЕРДІҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН ТҮСЕТІН ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

221-бап. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар

1. Осы Кодекстің мақсаты үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар деп төленген жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар болып табылмайтын барлық табыс түрлері танылады.

2. Резидент - салық төлеуші Қазақстан Республикасындағы салық декларациясында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған, оның ішінде салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердегі көздерден алынған табыстарды көрсетуге міндетті.

 

222-бап. Резидент - заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде табыстар алуымен байланысты

шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі

1. Резидент - салық төлеуші табыс, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осы Кодекстің 4 және 6-бөлімдерінің ережелерінде белгіленген тәртіппен шегерімге жатқызады.

2. Резидент - салық төлеуші өзінің шет мемлекетте орналасқан тұрақты мекемесіне Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алумен байланысты шығыстарды осындай шет мемлекеттің салық заңнамасының ережелеріне сәйкес шегерімге жатқызады.

3. Резидент - заңды тұлғаның шет мемлекеттегі тұрақты мекемесінің салық салынатын табысын айқындау кезінде мұндай шет мемлекеттің салық заңнамасының немесе халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес осындай салық салынатын табысты алу мақсатында Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де шеккен басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол беріледі.

4. Басқару және жалпыәкімшілік шығыстардың сомасы резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекетте осындай шет мемлекеттің салық заңнамасында көзделген тәртіппен шегерімге жатады.

Егер резидент - заңды тұлға сондағы көздерден табыс алған шет мемлекеттің салық заңнамасында немесе халықаралық шартта басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды шегерім жасауға жол берілсе, бірақ бұл ретте шет мемлекеттің салық заңнамасында мұндай шығыстарды шегерімге жатқызудың тәртібі көзделмеген болса, резидент - салық төлеуші көрсетілген шет мемлекеттегі басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды осы Кодекстің 208 - 211-баптарында көзделген тәртіппен шегерімге жатқызады.

 

223-бап. Шетелдік салықты есепке жатқызу

1. Табыстарға салынатын, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде төленген салықтардың немесе резидент - салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған табыстарынан табыс салығының бірдей түрінің сомасы Қазақстан Республикасында корпоративтік немесе жеке табыс салығын төлеу кезінде салықтың төленгенін растайтын құжат болған кезде есепке жатқызылады.

Мұндай құжат шет мемлекеттің салық органы куәландырған, шет мемлекеттегі көздерден алынған табыстардың және төленген салықтардың сомалары туралы анықтама болып табылады.

2. Шетелдік салықты есепке жатқызу Қазақстан Республикасында резидент - салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған:

1) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес салық салудан босатылған;

2) осы Кодекстің 99-бабына сәйкес түзетуге жататын;

3) шет мемлекетте артық төленген салық сомасы шегінде шет мемлекеттегі осындай табыстардан салықтарды төлеу және (немесе) ұстау фактісіне қарамастан, халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында салық салуға жататын табыстарынан берілмейді. Бұл ретте салықтың артық төленген сомасы салықтың іс жүзінде төленген сомасы мен халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес шет мемлекетте төлеуге жататын салық сомасының арасындағы айырма ретінде айқындалады.

3. Осы бапта көзделген есепке жатқызылатын сомалардың мөлшері әрбір шет мемлекет бойынша жеке айқындалады.

Бұл ретте, салықтың есепке жатқызылатын сомасының мөлшері мынадай сомалардың:

1) резидент - салық төлеушінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алған табыстарынан салықтың шет мемлекетте іс жүзінде төленген сомасының;

2) Қазақстан Республикасында осы Кодекстің осы тарауының және 4 немесе 6-бөлімдерінің ережелеріне, сондай-ақ халықаралық шарт ережелеріне сәйкес есептелген, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан табыс салығы сомасының ең төменін білдіреді.

Салық төлеуші осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде көрсетілген табыс алынуға жататын салық кезеңінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан шетелдік табыс салығын есепке жатқызуды жүргізеді.

4. Шет мемлекеттегі көздерден алынған табыстардан осы мемлекетте төленген табыс салығын есепке жатқызудың жалпы сомасын айқындау үшін резидент корпоративтік немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияға тиісті қосымшаны толтырады.

5. Салық төлеуші шет мемлекеттегі көздерден алған табыстарының және төлеген салықтарының сомалары туралы анықтамаға оның нотариаттық куәландырылған мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі аудармасын қоса беруге міндетті.

 

224-бап. Жеңілдікті салық салынатын мемлекетте алынған табыс

1. Егер резидентке салық салуда жеңілдігі бар мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген резидент емес - заңды тұлғаның жарғылық капиталының 10 және одан да көп проценті тікелей немесе жанама түрде тиесілі болса немесе ол осы резидент емес - заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының 10 және одан да көп процентіне тікелей немесе жанама түрде ие болса, онда резидент емес - заңды тұлғаның осындай резидент емес - заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесіне негізделе отырып айқындалатын пайдасының бір бөлігі резиденттің Қазақстан Республикасында салық салынатын табысына енгізіледі. Осы тармақтың ережесі қатысу үлесі тікелей немесе жанама түрде 10 және одан да көп процентті құрайтын, заңды тұлға құрмайтын кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырудың басқа нысандарына резиденттің қатысуына да қолданылады.

Осы баптың мақсаты үшін пайда резидент емес - заңды тұлғаның қаржылық есептілігінде танылған, табыс салығы шегерілген есепті кезеңнің пайдасы ретінде айқындалады.

2. Салық салуда жеңілдігі бар мемлекетте орналасқан және (немесе) тіркелген пайдасының бір бөлігі Қазақстан Республикасы резидентінің салық салынатын табысына қосылатын резидент емес - заңды тұлға пайдасының жалпы сомасы, резидент еместің қаржылық есептілігімен расталуға тиіс.

3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген резидент өзі орналасқан (тұрғылықты) жердегі салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей, нотариаттық куәландырылған мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі аудармасын қоса бере отырып, мынадай құжаттардың:

1) резиденттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің (егер салық төлеуші еншілес ұйымы бар заңды тұлға болып табылса);

2) осы баптың 1-тармағында көрсетілген резидент емес - заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің;

3) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттерде орналасқан еншілес ұйымдар бойынша ақпараттардың мәнін аша отырып (егер резидент емес - заңды тұлғаның еншілес ұйымы болған жағдайда), резидент емес - заңды тұлғаның шоғырландырылған қаржылық есептілігінің;

4) егер жоғарыда аталған тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттарға аудиторлық есептің көшірмелерін табыс етуге міндетті.

4. Егер шет мемлекет мынадай талаптардың біріне жауап берген жағдайда:

1) мұндай мемлекетте табыс салығының ставкасы 10 проценттен аспайтын мөлшерді құраса;

2) мұндай мемлекетте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, табыстың нақты иесі немесе компанияның нақты иелері, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болса, ол салық салуда жеңілдігі бар мемлекет деп танылады.

Салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

5. Осы баптың мақсатында шет мемлекеттің әкімшілік-аумақтық бірлігі де, егер ол мынадай талаптардың біріне жауап берген жағдайда:

1) мұндай әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекет резидент емес - заңды тұлғаға іс жүзінде қолданатын табыс салығының ставкасы 10 проценттен аспайтын мөлшерді құраса;

2) мұндай әкімшілік-аумақтық бірлікте қаржы ақпаратының құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, табыстың нақты иесі немесе компанияның нақты иелері, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болса, салық салуда жеңілдігі бар мемлекет деп танылады.

6. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы резидентке берген және (немесе) резидент үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктерге, инвестициялық салық преференцияларына, барынша қолайлылық режиміне, сондай-ақ осы Кодексте көзделгендерден неғұрлым қолайлырақ өзге де салық салу шарттарына қарамастан қолданылады.

 

225-бап. Резиденттің халықаралық шартты шет мемлекетте

қолдану тәртібі

1. Резидент Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттегі көздерден табыстар алған жағдайда, тиісті халықаралық шарттың талаптарын орындаған кезде резидент шет мемлекетте мұндай табыстарға салық салудан босатылу немесе төмендетілген салық ставкасын қолдану мақсатында көрсетілген мемлекетте осындай халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы.

2. Халықаралық шарттың ережелері осы Кодекстің 206-бабында белгіленген талаптар орындалған кезде резиденттің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алатын табыстарына қолданылады.

3. Қазақстан Республикасының резиденттігін растау қажет болған жағдайда, резидент орналасқан (тұрғылықты) жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына (уәкілетті органды қоспағанда) салық резиденттігін растауды алуға салықтық өтініш береді.

Бұл ретте төменде көрсетілген салық төлеушілер салық органына салық резиденттігін растауды алуға салық өтінішімен қоса мыналардың:

1) өзінің тиімді басқару орны Қазақстан Республикасында орналасқаны негізінде резидент болып табылатын шетелдік заңды тұлға - заңды тұлғаны тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болуын растайтын құжаттың (өткізілген орны көрсетіле отырып, директорлар кеңесінің немесе осы сияқты органның жалпы жиналысы хаттамасының немесе негізгі басқару және (немесе) бақылау, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылдау орнын растайтын өзге де құжаттардың);

2) резидент болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы - жеке куәлігінің немесе Қазақстан Республикасы паспортының;

3) резидент болып табылатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам:

жеке куәлігінің немесе паспортының;

Қазақстан Республикасында болу кезеңін растайтын құжаттың (визаның немесе өзге де құжаттардың) нотариаттық куәландырылған көшірмелерін табыс етуге міндетті.

4. Резиденттікті растайтын құжатты орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органы (уәкілетті органды қоспағанда) резидент салық өтінішін берген күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей береді.

5. Егер резидент шет мемлекеттегі табыстарға салық салу тиісті халықаралық шарттың ережелеріне қайшы келеді деп есептесе, ол шет мемлекеттің ішкі заңнамасында көзделген қорғану құралдарына қарамастан, шет мемлекеттің құзыретті органына немесе уәкілетті органға халықаралық шарт ережелерінің өз табыстарына салық салуға қатысты қолданылуының заңдылығы туралы мәселені қарау туралы өтінішпен жүгіне алады.

 

226-бап. Өзара келісу рәсімі

1. Егер резидент уәкілетті органға халықаралық шарт ережелерінің өз табыстарына салық салуға қатысты қолданылуы туралы мәселені қарау туралы өтінішпен жүгінген жағдайда, ол:

1) жұмыстарды орындауға (қызметтер көрсетуге) немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің);

2) құрылтайшылар (қатысушылар) және резидент емес - заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлері көрсетілген құжаттардың (құрылтайшы құжаттардың не сауда тізілімінен көшірме үзіндінің);

3) есебіне жазылған және төленген табыстардың және ұсталған салықтардың сомасын растайтын бухгалтерлік құжаттардың;

4) осы Кодекстің 225-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттардың нотариаттық куәландырылған көшірмелерін қоса беруге міндетті.

2. Резидент өтінішті, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, шет мемлекетте халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес келмейтін салық салу туындаған кезден бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде табыс етуге тиіс.

3. Уәкілетті орган резиденттен өтініш алынған кезден бастап күнтізбелік қырық бес күн ішінде оның өтінішін қарауға және резиденттің шет мемлекетте халықаралық шарт ережелерін қолдануы заңды болған жағдайда шет мемлекеттің құзыретті органына өзара келісу рәсімін жүргізу туралы сұрау салумен жүгінуге міндетті.

 

227-бап. Салық жинаудағы көмек

1. Уәкілетті орган орындалмаған салық міндеттемесін орындау мақсатында халықаралық шарт ережелеріне сәйкес уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық талабын жіберу жолымен шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдем сұрауға құқылы. Салық талабы резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан, сондай-ақ резидент еместің тұрақты мекемесінің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстарынан салық міндеттемесін орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда осы Кодексте белгіленген мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық ықтимал шаралары қолданылғаннан кейін ғана шет мемлекеттің құзыретті органына жіберіледі.

2. Шет мемлекеттің құзыретті органынан жәрдемдесуге сұрау салу келіп түскен кезде уәкілетті органның резиденттің шет мемлекетте туындаған салықтық міндеттемесінің атқарылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ретте уәкілетті орган халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резиденттің шет мемлекеттегі көздерден алынатын табыстарынан салық төлеудің заңдылығын қарайды және қорытынды шығарады.