(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

3) қаржы лизингі шарты бойынша алынуға жататын барлық лизингтік төлемдердің жалпы сомасы, осы шартқа сәйкес өткізу бойынша айналым жасаудың алдындағы күніне келетін салық салынатын айналымдар мөлшерінің сомасы ретінде белгіленетін салық салынатын айналым мөлшері арасындағы айырма ретінде, сыйақы мен қосылған құн салығы сомаларын енгізбестен, осы Кодекстің 237-бабы 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген айналым жасау күніне айқындалады.

11. Лизинг алушының (сатушының) негізгі құрал, жылжымайтын мүлікке инвестициялар, биологиялық активтер ретінде алуына жататын мүлікті қайтарымды лизинг шарты бойынша беру кезінде өткізу бойынша айналым мөлшері осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалады.

12. Көлік экспедициясының шарты бойынша қызмет көрсету кезінде экспедитордағы салық салынатын айналым мөлшері оның сыйақысы негізінде айқындалады.

13. Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде тұтастай сату кезінде салық салынатын айналымның мөлшері бұрын қосылған құн салығы есепке жатқызылған кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сату кезінде берілген мүліктің:

1) кәсіпорынды сатып алу-сату шарты бойынша өткізу құны мен өткізу күніне бухгалтерлік есеп деректері бойынша берілетін міндеттемелердің баланстық құнына азайтылған, берілетін активтердің баланстық құны арасындағы оң айырмаға ұлғайтылған;

2) кәсіпорынды сатып алу-сату шарты бойынша өткізу құны мен өткізу күніне бухгалтерлік есеп деректері бойынша берілетін міндеттемелердің баланстық құнына азайтылған, берілетін активтердің баланстық құны арасындағы теріс айырмаға азайтылған баланстық құнының негізінде айқындалады.

14. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, осы тараудың салық салынатын айналымның (оның ішінде оны түзетудің) мөлшерін айқындау жөніндегі ережелер салық салынбайтын айналымның мөлшерін айқындау кезінде де қолданылады.

15. Комиссия шартының талаптарына сай келетін жағдайларда тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде комиссионердің салық салынатын айналым мөлшері оның комиссиялық сыйақысы негізінде айқындалады.

 

239-бап. Салық салынатын айналым мөлшерін түзету

1. Өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны қандай да бір өзгеріске түскен жағдайда, салық салынатын айналым мөлшері тиісті түрде түзетіледі.

2. Салық төлеушінің салық салынатын айналым мөлшерін түзету:

1) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;

2) мәміленің шарттары өзгерген;

3) өткізілген тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер үшін бағалар, өтемақылар өзгерген;

4) бағаны түсірген, сату бағасын түсірген;

5) өткізілген тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер үшін теңгемен төлеу кезінде құнының айырмасын алған;

6) осы Кодекстің 231-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес өткізу бойынша айналымға енгізілген ыдыстарды қайтарған жағдайларда жүргізіледі.

3. Осы бапқа сәйкес салық салынатын айналымның мөлшерін түзету бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:

1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларда, түзету жүргізу үшін негіз болып табылатын құжаттар болған;

2) салық салынатын айналым және қосылған құн салығы бойынша теріс (оң) мәні бар қосымша шот-фактура болған кезде жүргізіледі.

Салық салынатын айналым мөлшерін азайту жағына қарай түзету осындай тауарларды өткізу, осындай жұмыстарды атқару, осындай қызметтерді көрсету бойынша бұрын көрсетілген айналым мөлшерінен аспауға тиіс.

 

240-бап. Күмәнді талаптар бойынша салық салынатын айналым  мөлшерін түзету

1. Егер өткізілген тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер үшін талаптың бір бөлігі немесе бүкіл мөлшері күмәнді талап болып табылса, қосылған құн салығын төлеушінің мынадай жағдайларда:

1) күмәнді талаптың туындауына байланысты қосылған құн салығы ескерілген салық кезеңі аяқталғаннан кейін үш жыл өткен соң;

2) банкрот деп танылған дебиторды Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен шығару туралы әділет органдарының шешімі шығарылған салық кезеңінде қосылған құн салығының сомасын осындай талаптар бойынша азайтуға құқығы бар.

Осы тармаққа сәйкес салық салынатын айналым мөлшерін түзету осы Кодекстің 105-бабында аталған жағдайлар сақталған кезде жүргізіледі.

2. Күмәнді талаптар бойынша салық салынатын айналым мөлшерін азайту тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызмет көрсетулер бойынша бұған дейін көрсетілген салық салынатын айналым мөлшері шегінде жүргізіледі.

3. Өткізілген тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер үшін төлемақыны қосылған құн салығын төлеуші осы баптың 1-тармағына сәйкес өзіне берілген құқығын пайдаланғаннан кейін алған жағдайда, салық салынатын айналым мөлшері аталған төлемақы алынған сол салық кезеңінде көрсетілген төлемақының құнына арттырылуға жатады.

 

241-бап. Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын және қызметін филиалдар,

өкілдіктер арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместен  жұмыстар, қызмет көрсетулер сатып алу кезінде

салық салынатын айналым

1. Егер Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын және қызметін филиалдар, өкілдіктер арқылы жүзеге асырмайтын резидент емес ұсынған жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылса, олар жұмыстарды, қызмет көрсетулерді алатын Қазақстан Республикасы салық төлеушісінің айналымы болып табылады және осы Кодекске сәйкес қосылған құн салығы салынуға жатады.

2. Осы баптың мақсаты үшін жұмыстарды, қызмет көрсетулерді алушының салық салынатын айналымының мөлшері, қосылған құн салығынан басқа салықтарды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында аталған сатып алынған жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны негізінде айқындалады.

3. Осы бапқа сәйкес төленуге жататын қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 268-бабының 1-тармағында көзделген ставканы салық салынатын айналым мөлшеріне қолдану арқылы айқындалады. Алынған жұмыстар, қызмет көрсетулер үшін төленетін төлем шетел валютасымен жүргізілген жағдайда, салық салынатын айналым валюта айырбастаудың айналым жасалған күнгі нарықтық бағамы бойынша теңгемен есептеледі.

4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес есептелген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 270-бабында белгіленген қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілетін мерзімнен кешіктірілмей төленеді.

5. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының төленгенін растайтын төлем құжаты немесе уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық органы берген құжат осы Кодекстің 256-бабына сәйкес салық сомасын есепке жатқызуға құқық береді.

6. Егер:

1) берілген жұмыстар, қызмет көрсетулер осы Кодекстің 248-бабында аталған жұмыстар, қызмет көрсетулер болып табылса;

2) осы баптың 1-тармағында аталған жұмыстарға, қызмет көрсетулерге қатысты сыртқы сауда мәмілелері бойынша жүзеге асырылатын тауарлардың импорты ретінде кедендік ресімдеу жүргізілсе, осы баптың ережелері қолданылмайды.

 

31-тарау. НӨЛДІК СТАВКА БОЙЫНША САЛЫҚ

САЛЫНАТЫН АЙНАЛЫМДАР

 

242-бап. Тауарлар экспорты

Экспортқа тауарлар өткізу бойынша айналымға нөлдік ставка бойынша салық салынады.

Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тауарлар әкету тауарлар экспорты болып табылады.

 

243-бап. Тауарлар экспортын растау

1. Мыналар:

1) экспортталатын тауарларды беруге арналған шарт (келісімшарт);

2) осы баптың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайлардан басқа, тауарлар шығаруды экспорт режимінде жүзеге асыратын кеден органының белгілері бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы өткізу пунктінде орналасқан кеден органының белгісі бар жүктің кедендік декларациясы тауарлар экспортын растайтын құжат болып табылады.

3) мынадай жағдайларда:

магистралдық құбыр жүйесі бойынша немесе электр беру желілері бойынша тауарларды экспорт режимінде әкету кезінде;

кезең-кезеңдік декларациялау рәсімін қолдана отырып, тауарларды экспорт режимінде әкету кезінде;

уақытша декларациялау рәсімін қолдана отырып, тауарларды экспорт режимінде әкету кезінде кедендік ресімдеуді жүргізген кеден органының белгілері бар жүктің толық кедендік декларациясы;

4) тауардың ілеспе құжаттарының көшірмелері;

Тауарларды магистралдық құбыр жүйесі бойынша немесе электр беру желілері бойынша экспорт режимінде әкеткен жағдайда, тауардың ілеспе құжаттары көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдап алу-тапсыру актісі табыс етіледі;

5) зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның зияткерлік меншік объектісіне құқығы туралы, сондай-ақ зияткерлік меншік объектісін экспорттаған жағдайда, оның құнының растамасы тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.

2. Кеден аумағынан тыс жерлерде қайта өңдеу режимінде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тыс жерлерге бұдан бұрын әкетілген тауарларды немесе олардың қайта өңделген өнімдерін одан әрі экспорттау жүзеге асырылған жағдайда, экспортты растау осы баптың 1-тармағына сәйкес, сондай-ақ мынадай құжаттар:

1) қайта өңдеу режимі экспорт режиміне өзгертілетін жүктің кедендік декларациясы;

2) тауарларды кеден аумағынан тыс жерде қайта өңдеу режимінде ресімделген жүктің кедендік декларациясы;

3) тауарларды шет мемлекет аумағына әкелу кезінде кеден аумағында қайта өңдеу (тауарларды кеден бақылауымен қайта өңдеу) режимінде ресімделген, осындай ресімдеуді жүзеге асырған кеден органы куәландырған жүктің кедендік декларациясының көшірмесі;

4) жүктің кедендік декларациясының көшірмесіне сәйкес шет мемлекеттің аумағында тауарларды кедендік бақылаудағы қайта өңдеу режимін шет мемлекеттің аумағында еркін айналыс үшін тауарларды шығару режиміне немесе экспорт режиміне өзгерту енгізілетін сол декларацияның көшірмесі негізінде жүзеге асырылады.

 

244-бап. Халықаралық тасымалдауға салық салу

1. Халықаралық тасымалдау бойынша мынадай қызмет көрсетулерді іске асыру жөніндегі айналымға:

1) Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын және Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, оның ішінде почтаны тасымалдауға;

2) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзит жүктерін тасымалдауға;

3) халықаралық қатынаста жолаушылар мен багаж тасымалдауға нөлдік ставкамен салық салынады.

2. Егер тасымалдауды ресімдеу бірыңғай халықаралық тасымалдау құжаттарымен, ал экспортталатын тауарларды магистралдық құбыр жүйесі бойынша тасымалдау - экспортталатын тауарларды сатып алушыға не аталған тауарларды экспорттың кедендік режимінде ресімделген жүктің кедендік декларациясын табыс ете отырып, одан әрі жеткізуді жүзеге асыратын басқа тұлғаларға беруді растайтын құжаттармен жүзеге асырған болса, осы баптың 1-тармағының мақсаты үшін тасымалдау халықаралық тасымалдау деп есептеледі.

Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, жолаушыларды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге, экспортталатын тауарларды Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тасымалдауды бірнеше көлік ұйымдары жүзеге асырған болса, Қазақстан Республикасының шекарасына дейін жүзеге асыратын көлік ұйымының жолаушыларды, тауарларды (почтаны, багажды) тасымалдауы басталатын жер халықаралық тасымалдау басталған жер деп танылады.

Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының аумағына жолаушыларды, импортталатын тауарларды (почтаны, багажды) тасымалдауды бірнеше көлік ұйымдары жүзеге асырған болса, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жолаушыларды, тауарларды (почтаны, багажды) көлік ұйымының көлігімен тасымалдау жүзеге асырылатын тасымал халықаралық тасымалдауға жатады.

3. Осы баптың мақсаттары үшін:

1) жүктерді тасымалдау кезінде:

халықаралық автомобиль қатынасында - тауар-көлік жүкқұжаты;

халықаралық және мемлекетаралық теміржол көлігі қатынасында - бірыңғай үлгідегі жүкқұжаты;

әуе көлігінде - жүкқұжаты;

магистралдық құбыр жүйесі бойынша:

есеп-қисап кезеңі ішінде әрбір магистралдық құбыр бойынша тауарлардың транзиттік көлеміне арналған жүктің кедендік декларациясы;

орындалған жұмыстардың актілері, жүктерді қабылдап алу-тапсыру актілері;

шот-фактуралар;

2) жолаушылар мен багажды тасымалдау кезінде:

автомобиль көлігімен:

тұрақты тасымалдау кезінде - Қазақстан Республикасында сатылған жол жүру билеттерін сату туралы есеп, сондай-ақ жол жүру бойындағы автовокзалдар (автостанциялар) жасаған жолаушылар билеттері туралы есеп айырысу ведомостары;

тұрақты емес тасымалдау кезінде - жолаушылардың тізімі;

теміржол көлігімен:

Қазақстан Республикасында сатылған жол жүру, тасымалдау және почта құжаттарын сату туралы есеп;

халықаралық қатынаста Қазақстан Республикасында сатылған жолаушылар билеттері туралы есеп айырысу ведомосы;

теміржол әкімшіліктері арасындағы жолаушылар тасымалдау үшін өзара есеп айырысу жөніндегі баланстық ведомость және жол жүру мен тасымалдау құжаттарын ресімдеу туралы есеп;

әуе көлігімен:

бас декларация;

жолаушы манифесі;

карго-манифест;

лоджит (орталық-тиеу кестесі);

жинақтау-тиеу ведомосы (жол жүру билеті мен багаж квитанциясы) бірыңғай халықаралық тасымалдау құжаттары болып табылады.

 

245-бап. Жекелеген жағдайларда салық салу

1. Нөлдік ставка бойынша қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының аумағында жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде қызметін жүзеге асыратын, сол келісімшарттың талаптарына сәйкес импортталатын тауарлары қосылған құн салығынан босатылатын салық төлеушілерге өзі өндірген тауарларды өткізу бойынша айналымға салынады.

Егер, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта қосылған құн салығынан босатылатын импортталатын тауарлар тізбесі айқындалған болса, нөлдік ставка бойынша осы тізбеде көрсетілген тауарларды өткізу бойынша айналымдарға салық салынады.

Осы баптың мақсатында қосылған құн салығын төлеушінің өзі өндірген және өндіріс процесінде пайдаланылған және өндірілген өнімнің (тауардың) құрамына кірген, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген жеткілікті қайта өңдеу өлшемдеріне сәйкес келетін шикізаттар мен материалдар кодының алғашқы төрт таңбасының кез келгенінің деңгейінен ерекшеленетін сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасының коды бар өнім (тауар) өзі өндірген тауар болып танылады.

Осы бапта аталған салық төлеушілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

2. Осы баптың 1-тармағында аталған салық төлеушілерге:

1) берілетін тауарлардың жер қойнауын пайдалану келісімшартының жұмыс бағдарламасын орындауға арналғанын шартта көрсете отырып, жер қойнауын пайдалану келісімшартының талаптарына сәйкес импортталатын тауарлар қосылған құн салығынан босатылатын келісімшарт шеңберінде қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын салық төлеушілерге тауарлар беру шарты;

2) салық төлеушілерге тауарлардың тиеп жөнелтілгенін растайтын тауардың ілеспе құжаттарының көшірмелері;

3) салық төлеушілердің тауарларды алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері тауарлардың өткізілгенін растайтын құжаттар болып табылады.

 

32-тарау. САЛЫҚ САЛЫНАТЫН ИМПОРТ

 

246-бап. Салық салынатын импорттың айқындамасы

Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес декларациялануға жататын, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін немесе әкелінген тауарлар (осы Кодекстің 255-бабына сәйкес қосылған құн салығынан босатылғандарын қоспағанда) салық салынатын импорт болып табылады.

 

247-бап. Салық салынатын импорт мөлшері

Салық салынатын импорт мөлшеріне Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес айқындалатын импортталатын тауарлардың кедендік құны, сондай-ақ, импортқа қосылған құн салығын қоспағанда, Қазақстан Республикасына тауарлар импорты кезіндегі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомалары кіреді.

 

33-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫНАН БОСАТЫЛҒАН

АЙНАЛЫМДАР ЖӘНЕ ИМПОРТ

 

248-бап. Қосылған құн салығынан босатылған айналымдар

Мынадай тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді:

1) почта төлемақысының мемлекеттік белгілерін;

2) акциздік маркаларды (осы Кодекстің 653-бабына сәйкес акцизделетін тауарларды таңбалауға арналған есепке алу-бақылау маркаларын);

3) уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асыратын, соларға байланысты мемлекеттік баж алынатын қызмет көрсетулерді;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтаждары үшін сатып алынған мүлікті;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мекемелерге немесе мемлекеттік кәсіпорындарға өтеусіз негізде берілетін негізгі құралдарды, жылжымайтын мүлікке салынған инвестицияларды, материалдық емес және биологиялық активтерді;

6) жерлеу бюроларының салт-жора қызмет көрсетулерін, зираттар мен крематорийлердің қызмет көрсетулерін;

7) лотереяларды өткізу жөніндегі қызмет көрсетулерді қоспағанда, лотереялық билеттерді;

8) төлем қарточкаларымен жасалатын операциялар бойынша есеп-қисаптарды қатысушыларға жинау, өңдеу және таратып беру жөнінде қызмет көрсетулерді қоса алғанда, есеп-қисаптарға қатысушылар арасында ақпараттық және технологиялық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетулерді;

9) Қазақстан Республикасының кеден аумағына «Қазақстан Республикасының кеден аумағында тауарларды қайта өңдеу» кеден режимінде әкелінген тауарларды қайта өңдеу және (немесе) жөндеу жөніндегі қызмет көрсетулерді;

10) осы Кодекстің 244-бабына сәйкес халықаралық болып табылатын тасымалдауға байланысты жұмыстар мен қызмет көрсетулерді, атап айтқанда: Қазақстан Республикасының аумағынан экспортталатын, Қазақстан Республикасының аумағына импортталатын тауарларды, оның ішінде почтаны, тиеу, түсіру, қайта тиеу (ағызу-құю), жөнелту жөніндегі жұмыстарды, қызмет көрсетулерді, сондай-ақ транзиттік жүктерді; әуежай қызметіне техникалық және аэронавигациялық қызмет көрсетулер жөніндегі қызмет көрсетулерді; халықаралық рейстерге қызмет көрсету жөнінде теңіз айлақтарындағы қызмет көрсетулерді;

11) тұрғын үй қорын басқару, ұстау мен пайдалану жөніндегі қызмет көрсетулерді;

12) ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын;

13) егер мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ өндірістік ұйымдар мына шарттарға сәйкес келсе:

осындай өндірістік ұйымдардың қызметкерлері жалпы санының кемінде 51 процентін мүгедектер құраса;

мүгедектерге еңбекақы төлеу бойынша шығыстар еңбекақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемінде 51 процентін (есту, сөйлеу, көру қабілетінен айрылған мүгедектер жұмыс істейтін мамандандырылған ұйымдарда - кемінде 35 процентін) құраса, осындай бірлестіктер мен ұйымдардың, сауда-делдалдық қызметтен түскен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдарынан және акцизделетін тауарларды өндіру мен өткізу бойынша айналымдардан басқа, тауарларын, жұмыстарын, қызмет көрсетулерін;

14) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес жалға берілетін үйдің үй-жайларын жалға беру бойынша қызмет көрсетулерді;

15) егер мәміле шарттарында салық төлеушінің өткізген тауарларының, орындаған жұмыстарының, қызмет көрсетулерінің сапасына кепілдік беру көзделсе, тауарларды пайдаланудың мәміледе белгіленген кепілдік мерзімі кезеңінде, олардың қосалқы бөлшектері мен бөлшектерінің құнын қоса алғанда, оларды өтеусіз жөндеу және (немесе) оларға техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды, қызмет көрсетулерді;

16) тазартылған қымбат бағалы металдарды - өз өндірісі шикізатынан дайындалған алтынды, платинаны;

17) осы Кодекстің 411 және 420-баптарында аталған қызмет түрлері бойынша қызмет көрсетулерді;

18) осы Кодекстің 249-254-баптарында аталғандарды;

19) нотариаттық іс-әрекеттерді, адвокаттық қызметті жүзеге асыру бойынша қызмет көрсетулерді;

20) мыналар:

ұлттық басқарушы холдинг;

дауыс беретін акцияларының 100 проценті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар төлемдік, оралымдылық және қайтарымдық жағдайларында жүзеге асыратын ақшалай нысандағы қарыз операцияларын өткізу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады.

Аталған заңды тұлғалардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

 

249-бап. Жерге және тұрғын үй ғимараттарына

байланысты айналымдар

1. Тұрғын үй ғимаратын (тұрғын үй ғимаратының бір бөлігін) өткізу және (немесе) осындай ғимаратты (ғимараттың бір бөлігін) жалға беру, оның ішінде қосалқы жалға беру, мыналарды:

1) қонақ үй қызмет көрсетулері үшін пайдаланылатын тұрғын үй ғимаратын (тұрғын үй ғимаратының бір бөлігін) өткізуді және (немесе) жалға беруді;

2) қонақ үйде тұру бойынша қызмет көрсетулерді қоспағанда, қосылған құн салығынан босатылады.

2. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, жер учаскесін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беру және (немесе) жер учаскесін жалға, оның ішінде қосалқы жалға беру қосылған құн салығынан босатылады.

Мыналар:

1) автомобильдерді, сондай-ақ өзге де көлік құралдарын қоюға немесе сақтауға жер учаскесін беру үшін төлем;

2) қонақ үй қызметін көрсету үшін пайдаланылатын тұрғын үй ғимараты (тұрғын үй ғимаратының бір бөлігі), тұрғын үй ғимаратына жатпайтын (жатқызылмайтын) ғимараты (ғимараттың бір бөлігі) орналасқан жер учаскесін иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын беру, сондай-ақ осындай жер учаскесін жалға беру, оның ішінде қосалқы жалға беру қосылған құн салығанан босатылмайды.

3. Осы тармаққа сәйкес қосылған құн салығын салудан босатылған өткізу бойынша айналымның мөлшері осы Кодекстің 87-бабында көзделген тәртіппен жер учаскелерін сатқан кездегі құнының өсімі ретінде айқындалады.

 

250-бап. Қаржылық қызметтер көрсету

1. Қаржылық қызметті өткізу бойынша айналымдар, егер бұл қызмет көрсету осы баптың 2-тармағында көзделсе, қосылған құн салығынан босатылады.

2. Қосылған құн салығынан босатылатын қаржылық қызмет көрсетулерге:

1) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін мынадай банк операциялары және өзге де операциялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өкілеттіктер шегінде өзге де заңды тұлғалар лицензиясыз жүргізетін операциялар:

депозиттерді қабылдау, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу;

депозиттерді қабылдау, заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу;

банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттарын ашу және жүргізу

жеке және заңды тұлғалардың өздеріне тиесілі тазартылған қымбат бағалы металдардың және қымбат бағалы металдардан жасалған монеталардың нақты мөлшері көрсетілген металл шоттарын ашу және жүргізу;

аударым операциялары;

банктік қарыз операциялары;

кассалық операциялар;

шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру;

төлем құжаттарын (вексельдерді қоспағанда) инкассоға қабылдау;

аккредитив ашу (ұсыну) және оны растау және ол бойынша міндеттемелерді орындау;

банктердің ақшалай нысанда орындау көзделетін банк кепілдіктерін беруі;

банктердің үшінші тұлғалар үшін ақшалай нысанда орындау көзделетін банк кепілгерлігін және өзге де міндеттемелерді беруі;

банктер жүзеге асыратын факторингтік және форфейтингтік операциялар;

2) бағалы қағаздармен жасалатын операциялар;

3) бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті лицензиясыз жүзеге асыратын тұлғалардың қызмет көрсетулері;

4) туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар;

5) сақтандыру (қайта сақтандыру) жөніндегі операциялар, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау бойынша сақтандыру брокерлерінің (сақтандыру агенттерінің) қызмет көрсетулері;

6) банкаралық клиринг бойынша қызмет көрсетулер;

7) төлем карточкаларымен, чектермен, вексельдермен, депозиттік сертификаттармен жасалатын операциялар;

8) зейнетақы активтерін, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін инвестициялық басқару бойынша қызмет көрсетулер;

9) ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын басқару бойынша қызмет көрсетулер;

10) жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту бойынша, зейнетақы активтерінен алынған инвестициялық табысты бөлу мен есептеу бойынша қызмет көрсетулері;

11) кәсіпорынның жарғылық капиталына қатысу үлесін сату;

12) микрокредиттер беру жөніндегі операциялар;

13) ломбардтардың жылжымалы мүлікті кепілге алу арқылы қысқа мерзімді қарыздар беруі бойынша қызмет көрсетулер;