Ескерту: тауарлар номенклатурасы ЕурАзЭҚ СЭҚ ТН кодымен және (немесе) тауар атауымен айқындалады.
39-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ӨНДІРІЛЕТІН, ӨТКІЗІЛЕТІН АКЦИЗДЕЛЕТІН ТАУАРЛАРҒА САЛЫҚ САЛУ
281-бап. Салық салу объектісі
1. Мыналар:
1) акциз төлеушінің өзі шығарған және (немесе) өндірген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялары:
акцизделетін тауарларды өткізуі;
акцизделетін тауарларды алыс-берістік негізде қайта өңдеуге беруі;
алыс-берістік, оның ішінде акцизделетін шикізат пен материалдарды, қайта өңдеу өнімдері болып табылатын акцизделетін тауарларды беруі;
жарғылық капиталға жарнасы;
заттай ақы төлеген кезде акцизделетін тауарларды пайдалануы;
өндірушінің акцизделетін тауарларды өзінің құрылымдық бөлімшелеріне тиеп жөнелтуі;
өндірушінің жасап шығарған және (немесе) өндірген және (немесе) ыдысқа құйған тауарларды өздерінің өндірістік мұқтаждарына және акцизделетін тауарларды өзі өндіруі үшін пайдалануы;
өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарларды лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан ауыстыруы;
2) бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын көтерме саудада өткізуі;
3) бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткізуі;
4) конкурстық массаны, тәркіленген және (немесе) иесіз, мұрагерлік құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншігіне өтеусіз берілген акцизделген тауарларды өткізуі;
5) акцизделетін тауарлардың бүлінуі, жоғалуы акциз салынатын объект болып табылады.
2. Акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлінуі, жоғалуы акцизделетін тауарларды өткізу ретінде қарастырылады.
3. Мыналарға:
1) егер осы Кодекстің 288-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетін тауарлардың экспортына;
2) этил спирті мен алкогол өнімін өндіруді және оның айналымын бақылау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін квоталар шегіндегі:
өндірушінің аталған өнімді өндіру құқығына арналған Қазақстан Республикасының лицензиясы болған жағдайда емдік және фармацевтік препараттарды дайындау үшін;
тиісті лицензиясы болған кезде мемлекеттік медицина мекемелеріне босатылатын этил спиртіне;
3) жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау немесе акциздік маркалармен қайта таңбалауға жататын, осы Кодекстің 643-бабының 2-тармағында аталған акцизделетін тауарларға, егер аталған тауарлар бойынша акциз бұрын төленсе;
4) 0,1 литрден аспайтын тұтыну ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген медициналық мақсаттағы (бальзамдардан басқа) құрамында спирт бар өнімге акциз салынбайды.
282-бап. Операция жасалған күн
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, барлық жағдайларда акцизделетін тауарларды алушыға тиеп жөнелту (беру) күні операция жасалған күн болып табылады.
2. Өндіруші өзі өндірген акцизделетін тауарларды өзінің құрылымдық бөлімшелер желісі арқылы өткізген жағдайда, тауарларды құрылымдық бөлімшелерге тиеп жөнелткен күн операция жасалған күн болып табылады.
3. Акцизделуге тиіс алыс-берістік тауарларын беру кезінде аталған тауарларды мердігерге (қайта өңдеушіге) берген күн операция жасалған күн болып табылады.
Алыс-берістік тауарларынан акцизделетін тауарлар дайындаған кезде дайындалған акцизделетін тауарларды тапсырыс берушіге немесе тапсырыс беруші көрсеткен тұлғаға берген күн операция жасалған күн болып табылады.
4. Акцизделетін тауарларды өздерінің өндірістік мұқтаждарына және акцизделетін тауарларды өзі өндіруі үшін пайдаланған кезде аталған тауарларды осындай пайдалануға берген күн операция жасалған күн болып табылады.
5. Өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарларды өндіріс мекенжайынан ауыстыру кезінде акцизделетін тауарларды лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан ауыстырған күн операция жасалған күн болып табылады.
6. Акцизделетін өнім, акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген жағдайда, бүлінген акцизделетін өнімді (акциз маркаларын, есепке алу-бақылау маркаларын) есептен шығару туралы акт жасалған күн немесе оны өндірістік процесте одан әрі пайдалану туралы шешім қабылданған күн операция жасалған күн болып табылады.
Акцизделетін тауарлар, акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары жоғалған жағдайда, акцизделетін тауарлар, акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары жоғалған күн операция жасалған күн болып табылады.
283-бап. Салық базасы
1. Тұрлаулы акциз ставкалары белгіленген акцизделетін тауарлар бойынша салық базасы өндірілген, өткізілген заттай нысандағы акцизделетін тауарлар көлемі ретінде айқындалады.
2. Адвалорлық акциз ставкалары белгіленген акцизделетін тауарлар бойынша салық базасы өндірілген, өткізілген акцизделетін тауарлар құны ретінде айқындалады. Аталған құн осы тауарды акциздер мен қосылған құн салығы енгізілместен өндіруші беретін бағалар бойынша айқындалады.
284-бап. Әртүрлі ставкалар белгіленген жағдайда спирттің
барлық түріне және шарап материалына
салық салу ерекшеліктері
1. Осы Кодекстің 280-бабының 3-тармағына сәйкес спирттің барлық түріне және шарап материалына әртүрлі акциз ставкалары белгіленген жағдайда, салық базасы сол бір ставкамен салық салынатын операциялар бойынша жеке айқындалады.
2. Алкоголь өнімін өндірушілер базалық ставкадан төмен акцизбен сатып алған спирт пен шарап материалын этил спиртін және (немесе) алкоголь өнімін өндіруден басқа мақсатқа пайдаланған кезде, осы спирт пен шарап материалы бойынша акциз сомасы алкоголь өнімін өндірушісі болып табылмайтын тұлғаларға өткізілетін спирттің барлық түрі және шарап материалы үшін белгіленген акциздің базалық ставкасы бойынша қайта есептеліп, бюджетке төленуге жатады. Қайта есептеуді және акциз төлеуді спирт пен шарап материалын алушы жүргізеді.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелері емдік және фармацевтік препартаттар шығару және медициналық қызмет көрсету үшін сатып алынған спирт мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайда да қолданылады. Емдік және фармацевтік препараттарды шығарушылар мен спиртті акцизсіз алған мемлекеттік медициналық мекемелер осы спирт бойынша акциз төлеушілер болып табылады.
285-бап. Акцизделетін тауарлардың бүлінуі, жоғалуы
1. Төтенше оқиғалар салдарынан болған жағдайларды қоспағанда, өндірілген акцизделетін тауарлар бүлінген, жоғалған кезде акциз толық мөлшерде төленеді.
Осы ереже одан әрі өткізу үшін сатып алынған бензин (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отыны бүлінген, жоғалған жағдайда да қолданылады.
2. Осы баптың мақсаттары үшін:
1) тауардың барлық немесе жекелеген сапасының, оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында нашарлауы акцизделетін өнімнің бүлінуі деп түсініледі;
2) оқиғаның нәтижесінде тауардың, оның ішінде оны өндірудің барлық технологиялық сатыларында жойылуы немесе ысырабы акцизделетін өнімнің жоғалуы деп түсініледі.
Салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген табиғи кему нормалары шегінде шеккен акцизделетін тауарлардың ысырабы, сондай-ақ өндіруші нормативтік және техникалық құжаттамамен регламенттейтін нормалар шегіндегі ысыраптар жоғалу болып табылмайды.
286-бап. Акциз маркаларының, есепке алу-бақылау
маркаларының бүлінуі, жоғалуы
1. Егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген, жоғалған кезде акциз мәлімделген ассортимент мөлшерінде төленеді.
Осы Кодекстің 643-бабына сәйкес алкоголь өнімін таңбалауға арналған бүлінген немесе жоғалған (оның ішінде ұрланған) есепке алу-бақылау маркалары бойынша акцизді есептеу маркада көрсетілген сауыттың (ыдыстың) көлеміне қолданылатын белгіленген ставкалар негізінде жүргізіледі.
2. Акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген, жоғалған кезде мынадай жағдайларда:
1) акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары төтенше жағдайлар нәтижесінде бүлінсе, жоғалса;
2) бүлінген акциз маркаларын, есепке алу-бақылау маркаларын салық органдары жоюға жасалған есептен шығару актісі негізінде қабылдаса, акциз төленбейді.
287-бап. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын бензин
(авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын көтерме және бөлшек саудада
өткізуге жатқызу өлшемдері
1. Егер сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша сатып алушы акцизделетін бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын қабылдауға және оларды одан әрі өткізу үшін пайдалануға міндеттенсе, осы сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша:
1) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын өндіруші;
2) осы Кодекстің 574-бабына сәйкес жекелеген қызмет түрлері бойынша тіркеу есебінде тұрған және бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын одан әрі өткізу мақсатында сатып алуды не олардың импортын жүзеге асырған салық төлеуші ұсынушылар болып табылған жағдайда аталған тауарларды өткізу көтерме саудада өткізу саласына жатқызылады.
Көтерме саудада өткізу саласына одан әрі өткізу үшін құрылымдық бөлімшелерге бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын тиеп жөнелту де жатқызылады.
2. Бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын бөлшек саудада өткізу саласына осы баптың 1-тармағында аталған ұсынушылар жүзеге асыратын:
1) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын заңды тұлғаларға (оның ішінде шетелдік заңды тұлғаларға) және дара кәсіпкерлерге олардың өндірістік мұқтаждары үшін өткізу;
2) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын жеке тұлғаларға өткізу;
3) өндірілген немесе одан әрі өткізу үшін сатып алынған бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын өзінің өндірістік мұқтаждарына пайдалану операциялары жатады
288-бап. Акцизделетін тауарлар экспортын растау
1. Акцизделетін тауарларды экспортқа өткізу кезінде осы Кодекстің 281-бабының 3-тармағына сәйкес салық салудан босатудың негізділігін растау үшін салық төлеуші орналасқан жері бойынша салық органына алпыс жұмыс күні ішінде міндетті түрде мына құжаттарды:
1) экспортталатын акцизделетін тауарларды ұсынуға арналған шартты (келісімшартты);
2) акцизделетін тауарларды экспорт режимінде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгілері бар жүктің кедендік декларациясын немесе оның кеден органы куәландырған көшірмесін табыс етеді.
Акцизделетін тауарларды экспорт режимінде магистральдық құбыр жүйесімен не толық емес мерзімдік декларациялау рәсімін қолдана отырып әкеткен жағдайда кеденді ресімдеуді жүргізген кеден органының белгісі бар жүктің толық кедендік декларациясы экспортты растау болып табылады;
3) Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы өткізу пунктінде орналасқан кеден органының белгісі бар тауардың ілеспе құжаттарының көшірмелерін табыс етеді.
Акцизделетін тауарларды экспорт режимінде магистральдық құбыр жүйесімен әкеткен жағдайда тауардың ілеспе құжаттары көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдау-тапсыру актісі табыс етіледі;
4) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында ашылған банк шоттарына акцизделетін тауарларды өткізуден түскен нақты түсімді растайтын төлем құжаттары мен банк көшірмесін табыс етеді.
2. Қазақстан Республикасы акцизделетін тауарлар экспортын акцизден босатуды көздейтін халықаралық шарттар жасасқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге акцизделетін тауарлар экспортталған кезде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан экспорт режимінде әкетілген акцизделетін тауарларды импорттаған елде ресімделген жүктің кедендік декларациясының көшірмесі қосымша табыс етіледі.
3. Акцизделетін тауарларды экспортқа өткізу осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес расталмаған жағдайда, мұндай өткізу Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін тауарларды өткізу үшін осы тарауда белгіленген тәртіппен акциз салынуға жатады.
289-бап. Акциз сомасын есептеу
Акциз сомасын есептеу белгіленген акциз ставкасын салық базасына қолдану арқылы жүргізіледі.
290-бап. Салық базасын түзету
Салық базасы акцизделетін тауарды қайтару жүргізілген салық кезеңінде түзетіледі.
Осы бапқа сәйкес салық базасының мөлшерін түзету түзетуге жататын акциздің сомасы бөлек жазып көрсетілген қосымша шот-фактураның, сондай-ақ акцизделетін тауарды қайтару үшін негіздемені растайтын екі жақты актілердің және шартта (келісімшартта) аталған қайтару жағдайларын растайтын басқа да құжаттардың негізінде жүргізіледі.
291-бап. Салықтан шегерім жасау
1. Салық төлеушінің осы Кодекстің 289-бабына сәйкес есептелген акциз сомасын осы бапта белгіленген шегерімдерге азайтуға құқығы бар.
2. Осы бапқа сәйкес басқа акцизделетін тауарларды өндіру үшін негізгі шикізат ретінде пайдаланылған акцизделетін тауарлар бойынша акциз сомалары шегерімге жатады.
3. Мыналар:
1) акцизделетін тауарларды сатып алған немесе оны Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттаған кезде Қазақстан Республикасының аумағында;
2) өзі өндірген акцизделетін шикізат үшін;
3) алыс-берістік акцизделетін шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомалары шегерімге жатады.
Спирттің барлық түрлеріне, шикі мұнайға, газ конденсатына акциз сомалары шегерімге жатпайды.
4. Салық кезеңінде акцизделетін тауарлар дайындауға нақты пайдаланылған акцизделетін шикізат көлемі негізінде есептелген акциз сомасына шегерім жасалады.
5. Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін шикізатты сатып алу кезінде төленген акциз сомаларының шегерімі мынадай құжаттар:
1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;
2) төлем құжаттары немесе акцизделетін шикізатқа төлем жасалғанын растайтын бақылау-кассалық машинаның чектері;
3) акцизделетін шикізат ұсынудың тауар-көлік жүкқұжаттары;
4) акциздің сомасы бөлек жазып көрсетілген шот-фактура;
5) купаж актілері (алкоголь өнімін өндіру кезінде);
6) өндірісте акцизделетін шикізатты есептен шығару актісі болған кезде жүзеге асырылады.
6. Өз өндірісінде акцизделетін шикізат үшін төленген акциз сомаларының шегерімі мынадай құжаттар:
1) төлем құжаттары немесе акциздің бюджетке төленгенін растайтын өзге де құжаттар;
2) купаж актілері (алкоголь өнімін өндіру кезінде);
3) өндірісте акцизделетін шикізатты есептен шығару актісі болған кезде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының аумағына акцизделетін шикізаттың импорты кезінде төленген акциз сомаларының шегерімі мынадай құжаттар:
1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;
2) төлем құжаттары немесе кедендік ресімдеу кезінде акциздің бюджетке төленгенін растайтын өзге де құжаттар;
3) импортталатын акцизделетін шикізатқа арналған жүктің кедендік декларациясы;
4) купаж актілері (алкоголь өнімін өндіру кезінде);
5) өндірісте акцизделетін шикізатты есептен шығару актісі болған кезде жүзеге асырылады.
8. Алыс-берістік акцизделетін шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомасы да мынадай құжаттар:
1) алыс-берістік акцизделетін шикізаттың меншік иесі мен қайта өңдеушінің арасындағы шарт;
2) төлем құжаттары немесе алыс-берістік акцизделетін шикізат меншік иесінің акцизді бюджетке төлегенін растайтын өзге де құжаттар;
3) акцизделетін шикізатты босатуға арналған жүкқұжаты немесе қабылдап алу-беру актісі болған кезде шегерімге жатады.
9. Акцизделетін тауарларды өндірушілер Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін шикізатты сатып алу немесе оның импорты кезінде төлеген акциз сомалары осы шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарлар үшін есептелген акциз сомасынан асып түскен жағдайда, мұндай асып кету сомасы шегерімге жатпайды.
292-бап. Акциз төлеу мерзімдері
1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, акцизделетін тауарларға акциз есепті салық кезеңінен кейінгі айдың 15-нен кешіктірілмей бюджетке аударылуға жатады.
2. Алыс-берістік шикізат пен материалдардан өндірілген акцизделетін тауарлар бойынша акциз өнімді тапсырыс берушіге немесе тапсырыс беруші көрсеткен тұлғаға берілген күні төленеді.
3. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген шикі мұнайды, газ конденсатын өнеркәсіптік қайта өңдеуге беру кезінде акциз олар берілген күні төленеді.
4. Шарап материалын және сыраны қоспағанда, осы Кодекстің 279-бабының 2) тармақшасында белгіленген акцизделетін тауарларға акциз есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін төленеді.
293-бап. Акциз төленетін жер
1. Осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, акциз төлеу салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.
2. Бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын акциз төлеушілер акцизді салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша төлейді.
294-бап. Салық төлеушілердің құрылымдық бөлімшелер, салық салуға байланысты объектілер үшін акциз есептеу мен төлеу тәртібі
1. Құрылымдық бөлімшелер, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер салық кезеңі ішінде жүргізген акциз салынатын операциялар бойынша акциздің есеп-қисабы (бұдан әрі бөлім бойынша - акциз бойынша есеп-қисап) жеке жасалады.
Акциз бойынша есеп-қисап негізінде құрылымдық бөлімше, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциздің сомасы айқындалады.
2. Акциз төлеушілер құрылымдық бөлімшенің, салық салуға байланысты объектінің орналасқан жері бойынша салық органына акциз бойынша есеп-қисапты осы Кодекстің 296-бабында белгіленген мерзімде табыс етуге міндетті.
Бір салық органында тіркелген салық салуға байланысты бірнеше объектісі бар акциз төлеушілер барлық объектілері үшін акциз бойынша бір есеп-қисапты табыс етеді.
3. Ағымдағы төлемдерді қоса алғанда, құрылымдық бөлімшелер, салық салуға байланысты объектілер үшін акциз төлеуді акциз төлеуші заңды тұлға тікелей өзінің банк шотынан төлейді немесе ол құрылымдық бөлімшеге жүктеледі.
4. Дара кәсіпкерлер салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциз бойынша есеп-қиспаты салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша табыс етеді.
295-бап. Салық кезеңі
Акцизге қатысты күнтізбелік ай салық кезеңі болып табылады.
296-бап. Салық декларациясы
1. Әрбір салық кезеңі аяқталған соң салық төлеушілер өзінің орналасқан жері бойынша салық органдарына акциз жөніндегі декларацияны есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-нен кешіктірмей табыс етуге міндетті.
2. Акциз төлеушілер декларациямен бір мезгілде акциз бойынша есеп-қисапты табыс етеді.
40-тарау. АКЦИЗДЕЛЕТІН ТАУАРЛАРДЫҢ ИМПОРТЫНА
САЛЫҚ САЛУ
297-бап. Импортталатын акцизделетін тауарлардың салық базасы
1. Тұрлаулы акциз ставкалары белгіленген акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттау кезінде салық базасы импортталатын акцизделетін тауарлардың заттай түрдегі көлемі ретінде айқындалады.
2. Адвалорлық акциз ставкалары белгіленген акцизделетін тауарларды импорттау кезінде салық базасы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес импортталатын акцизделетін тауарлардың кедендік құны ретінде айқындалады.
298-бап. Импортталатын акцизделетін тауарларға акциз төлеу мерзімдері
1. Импортталатын акцизделетін тауарларға акциздер, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында кеден төлемдерін төлеу үшін айқындалған күні кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен төленеді.
2. Акциз маркаларын, есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін осы Кодекстің 653-бабына сәйкес таңбалануға жататын импортталатын акцизделетін тауарларға акциз төленеді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған акцизделетін тауарлардың нақты импортын жүзеге асыру кезінде акциз сомасы нақтылануға жатады.
299-бап. Акцизден босатылған акцизделетін тауарлардың импорты
1. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нормалар бойынша импорттайтын акцизделетін тауарларына акциз салынбайды.
2. Мынадай импортталатын акцизделетін тауарлар:
1) жол бойы бағытында және аралық аялдама пункттерінде халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарын пайдалану үшін қажетті акцизделетін тауарлар;
2) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізгенге дейін бүлінуі салдарынан бұйымдар және материалдар ретінде пайдалануға жарамсыз болып қалған акцизделетін тауарлар;
3) шет елдің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктердің ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ осы өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналы қатарындағы адамдардың, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, жеке пайдалануы үшін әкелінген акцизделетін тауарлар акциз төлеуден босатылады. Аталған тауарлар Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес акциз төленуден босатылады;
4) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізілетін, «Еркін айналым үшін тауарлар шығару» режимін қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген кеден режимдері шеңберінде босатылатын акцизделетін тауарлар;
5) сыйымдылығы 0,1 литрден аспайтын тұтынушы ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім (бальзамдардан басқа) акциз төлеуден босатылады.
10-БӨЛІМ. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
41-тарау. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
300-бап. Төлеушілер
Осы Кодекстің 308-бабының 2-тармағында көрсетілген келісімшарттың шеңберінде өндірілген шикі мұнай, газ конденсаты көлемін экспорттайтын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, шикі мұнайды, газ конденсатын, көмірді экспортқа өткізетін жеке және заңды тұлғалар экспортқа рента салығын төлеушілер болып табылады.
301-бап. Салық салу объектісі
Экспортқа өткізілетін шикі мұнайдың, газ конденсатының, көмірдің көлемі экспортқа рента салығын салу объектісі болып табылады.
302-бап. Есептеу тәртібі
1. Экспортқа нақты өткізілетін шикі мұнай, газ конденсаты бойынша шикі мұнайдың, газ конденсатының көлемі және осы Кодекстің 334-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен есептелген әлемдік баға негізінде есептелген экспортталатын шикі мұнайдың, газ конденсатының құны экспортқа рента салығын есептеу үшін салық базасы болып табылады.
Экспортқа іс жүзінде өткізілетін көмірдің көлемін негізге ала отырып есептелген экспортталатын көмірдің құны көмір бойынша экспортқа рента салығын есептеу үшін салық базасы болып табылады.
2. Экспортқа рента салығын төлеудің ақшалай нысаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шикі мұнай, газ конденсаты жөніндегі шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік орган мен салық төлеушінің арасында жасалатын қосымша келісімде белгіленген тәртіппен заттай нысанға ауыстырылуы мүмкін.
Шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеу тәртібі осы Кодекстің 346-бабында белгіленген.
303-бап. Экспортқа рента салығының ставкалары
Шикі мұнайдың, газ конденсатының экспорты кезінде экспортқа рента салығы мынадай ставкалар бойынша есептеледі: