Қолданылуы тоқтатылғанға дейін ұсыну осы ұсынуды шығарған уәкілетті орган немесе мемлекеттік орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот тоқтата тұруы, өзгертуі не күшін жоюы мүмкін.
Бақылау объектісі шағымданған жағдайда уәкілетті орган (мемлекеттік орган) жоғары тұрған мемлекеттік органға не сотқа енгізген ұсыну осы ұсынудың күшін жою немесе өзгерту туралы тиісті шешім қабылданғанға дейін қолданылуы тоқтатыла тұрады.
Ұсыну Ережеге 5-қосымшаға сәйкес жасалады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.06. № 851 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 26-тармақ өзгертілді
26. Бақылау объектісі немесе оның құрылымдық бөлімшесі ұсыныста белгіленген мерзім ішінде бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамаған немесе толық көлемде қабылдамаған кезде:
1) уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды;
2) ішкі бақылау қызметтері кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін тиісті ақпаратты осы ішкі бақылау қызметі құрылған орталық мемлекеттік органның басшысына жібереді;
3) облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда және аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінен қаржыландырылатын тиісті атқарушы органдарда, сондай-ақ олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметі кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін мемлекеттік органның бірінші басшысына тиісті ақпарат жібереді.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 27-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27. Уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері бюджетті жоспарлау бөлігінде бюджет заңнамасын бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы ақпаратты бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе тиісінше жұмыста басшылыққа алу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға жібереді.
28. Бақылау объектілеріне олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын қамти отырып жүргізілген кешенді бақылаудың нәтижелерін шығару кезінде қорытылған ақпарат жасалады. Оның негізіне бақылаумен қамтылған бақылау объектілерінің толық тізбесі келтіріле отырып бақылау материалдары кіреді.
Ақпарат бұзушылықтарды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кінәлі тұлғаларға шаралар қолдану үшін бақылау объектісінің басшысына жіберіледі.
29. Бақылау іс-шарасының нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес жауапкершілікті көздейтін бұзушылықтардың белгілері анықталған жағдайда уәкілетті орган өкілеттіктері шегінде тиісті шаралар қабылдайды.
Бақылау объектісінің лауазымды адамдарының іс-әрекеттерінде қылмыстар немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, ішкі бақылау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға береді.
Берілетін материалдар мыналарды:
1) уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы, ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы қол қойған бұзушылықтар фактілері туралы ілеспе хатты;
2) бақылау объектісінің басшысы қол қойған актілердің, оның ішінде аралық актілердің көшірмелерін;
3) бақылау материалдарына қоса берілген анықталған фактілерге қатысты құжаттардың расталған көшірмелерін, бақылау объектісі қызметкерлерінің жазбаша түсініктемелері мен келіспеушіліктерін қамтуы тиіс.
Уәкілетті орган және құқық қорғау органдары тиісті құқық қорғау органына берілген бақылау материалдарының қозғалысы туралы тоқсан сайынғы салыстыруларды жүргізеді.
30. Ішкі бақылау органының бақылау материалдарын іске асыруды аяқтауы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы, ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы бекітетін анықтамамен ресімделеді.
31. Ішкі бақылау органдары лауазымды адамдарының, бақылау объектілерінің іс-әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 32-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне ішкі мемлекеттік қаржылық бақылау органдары өткізген бақылау іс-шараларының нәтижелері туралы тоқсан сайын және тиісті қаржы жылының қорытындысы бойынша бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жиынтық есептер тапсырады.
33. Уәкілетті органның бақылау материалдары актіге қол қойған немесе актіге келіспеушіліктерді қараған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде «Қаржылық бақылау» ақпараттық жүйесінде қорытылады.
34. Әрбір бақылау объектісі бойынша «Қаржылық бақылау» ақпараттық жүйесін мынадай құжаттар қалыптастырады:
1) өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда тіркелуі туралы белгісімен бақылауды тағайындау туралы бұйрық;
2) бақылау бағдарламасы;
3) бақылау актісі (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды), сондай-ақ бақылау материалдарын іске асыру жөнінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен хат алмасу болған кезде, сот арыздары, сот шешімдері, сот алқаларының қаулылары, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар мен қаулылар, бақылау материалдарын іске асыру бойынша жұмыстарды аяқтауға анықтама.
35. Мемлекеттік құпия болып табылатын мәселелерді және бюджеттік бағдарламаларды бақылау кезінде бақылау актісі (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды) «Қаржылық бақылау» ақпараттық жүйесіне жіберілмейді.
Мұндай жағдайда бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) бақылау объектісінің, бюджеттік бағдарламалардың атауы, бақылаумен қамтылған мәселелер, анықталған бұзушылықтардың анық жазылуы көрсетілген ақпарат қоса беріледі.
36. Уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде уәкілетті органның сайтында мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының және заңмен қорғалатын өзге де құпияның қамтамасыз етілуін ескере отырып, бақылау нәтижелерін ақпарат түрінде жариялауды қамтамасыз етеді.
37. Ішкі бақылау қызметі мемлекеттік органның басшысына мемлекеттік орган жұмысының тиімділігін арттыру, оның қызметінің тікелей және түпкі нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ондағы бақылау нәтижелері туралы есептерді және ішкі рәсімдерді, ережелерді, процестерді жақсарту жөнінде ұсынымдар береді.
38. Ішкі бақылау қызметтері құрамына өздері кіретін мемлекеттік органның сайтында мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының және заңнамалармен қорғалады өзге де құпияның қамтамасыз етілуін ескере отырып, бақылау нәтижелерін ақпарат түрінде жариялауды қамтамасыз етеді.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 39-тармақпен толықтырылды
39. Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала және астана бюджеттерінен қаржыландырылатын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметтері ішкі мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған бұзушылықтар сомасының бюджетке өтелуінің жай-күйін бақылау үшін тоқсан сайын және тиісінше тиісті қаржы жылының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органға және оның аумақтық бөлімшелеріне бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізілген бақылау іс-шаралары мен олар бойынша қолданылған шаралар жөніндегі есептер мен ақпаратты ұсынады.
3-тарау. ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 1-қосымша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасында
республикалық және жергілікті
деңгейлерде ішкі мемлекеттік
қаржылық бақылауды жүзеге асыру
ережесіне 1-қосымша
Бақылау тағайындау туралы бұйрықтың үлгі нысаны