V тарау. Басқа жол белгілері мен сигналдары
31-бап. Жөндеу жұмыстарының сигнализациясы
1. Оларда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдың жүріс бөлігі учаскелерінің шекараларын сигналдық белгілермен белгілеу керек.
2. Жөндеу жұмыстарының көлеміне және қозғалыстың қарқындылығына байланысты болғанда, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жолдың жүріс бөлігі учаскелерінің шекараларын белгілеу үшін ақ пен қызыл, сары мен қызыл, қара мен ақ немесе қара және сары жолақтармен кезектесіп боялған үзік немесе тұтас барьерлер қойылады және сонымен қатар түнде, егер барьерлерге жарық қайтарғыш ерекшелік берілмесе, онда жарық және жарық қайтарғыш құрылғы орнатылады. Жарық қайтарғыш құралдар және жыпылықтамайтын жарықтар қызыл немесе қою сары түсті, жыпылықтайтын жарықтар қою сары түсті болуы тиіс. Алайда,
а) жарықтар мен құрылғылар, егер олар қозғалыстың бір бағытында ғана көрінсе және осы қозғалыс бағытының қарама-қарсы жағындағы учаскенің шекарасын білдірсе, ақ түсті болуы мүмкін;
b) жарықтар мен құрылғылар, егер олар қозғалыстың қос бағытын бөліп тұратын учаскенің шекарасын білдіретін болса, ақ немесе ақшыл-сары түсті болуы мүмкін.
32-бап. Жарықтардың немесе жарық қайтарғыш
құрылғылардың көмегімен жасалатын таңбалар
Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің барлық аумағында жүріс бөлігінің шегін белгілеу үшін қолданылатын жарықтар немесе жарық қайтарғыш құрылғылар үшін бір және сол түсті немесе түстердің бір немесе сол жүйесін қолданатын болады.
Темір жол өтпелері
1. а) Егер темір жол өтпесінде пойыздардың жақындағаны немесе шлагбаум мен жартылай шлагбаумның жабылатыны туралы ескерту үшін сигнализация орнатылған болса, онда ол осы Конвенцияның 23-бабы 1-тармағының b тармақшасында көзделгендей, жыпылықтайтын қызыл, сигналдан немесе кезекпен жыпылықтайтын қызыл сигналдардан тұруы тиіс. Алайда
і) жыпылықтайтын қызыл сигналдар осы Конвенцияның 23-бабының 2-тармағында сипатталғандай, қызыл-жасыл-сары үш түсті жарық сигналдары жүйесімен немесе егер темір жол өтпесіне жақын жолда басқа үш түсті жарық сигналдары немесе темір жол өтпесінде шлагбаумдар орнатылған болса, онда жасыл жарығы жоқ сигналмен толықтырылуы немесе алмастырылуы мүмкін;
II) қозғалысы өте аз, қара жолдарда және жаяу жүргіншілер жолдарында тек дыбыстық сигнал ғана қолданылуы мүмкін.
b) Барлық жағдайларда жарық сигнализациясы дыбыстық сигналмен толықтырылуы мүмкін.
2. Бағдаршамдар қозғалыс бағытына сәйкес жолдың жүріс бөлігінің шетіне орнатылады; бұл мән-жайлармен, мысалы сигналдардың көрінуі немесе қозғалыстың қарқындылығы жағдайларымен талап етілсе, сигналдар жолдың қарама-қарсы жағында қайталануы тиіс. Алайда, егер жергілікті жағдайда бұл қажет деп есептелсе, олар жолдың жүріс бөлігінің ортасында қауіпсіздік аралында қайталануы немесе жолдың жүріс бөлігінде орнатылуы мүмкін.
3. Осы Конвенцияның 10-бабының 4-тармағына сәйкес «Аялдаусыз өтуге тыйым салынады» В,2 сигналдық белгісі шлагбаумсыз, жартылай шлагбаумсыз немесе пойыздардың жақындағаны туралы ескертетін жарық сигнализациясы жоқ темір жол өтпесінде орнатылуы мүмкін; егер темір жол өтпесінде осы белгі орнатылса, жүргізушілер өздерінің көлік құралдарын аялдау сызығында тоқтатуы немесе аялдау сызығы болмаған жағдайда, өтпеге пойыз жақындап қалмағанына көз жеткізгеннен кейін ғана қозғалысын жалғастыруға тиіс.
1. Темір жолдың әр жағында шахматтық тәртіппен орналасқан шлагбаумдары немесе жартылай шлагбаумдары бар темір жол өтпелерінде осы шлагбаумдардың немесе жартылай шлагбаумдардың көлденең орналасуы жолдың әрбір пайдаланушының өзі жақын келген әр шлагбаумның немесе жартылай шлагбаумның алдында тоқтауға міндетті екендігін білдіреді; шлагбаумдардың және жартылай шлагбаумдардың көлденең түсуге бағытталган қозғалысы да осындай мағынада болады.
2. Қызыл сигналдың немесе осы Конвенцияның 33-бабы 1-тармағының а тармақшасында айтылған қызыл сигналдардың немесе сол 1-тармақта айтылған дыбыстық сигналдың қосылуы ешбір жолды пайдаланушының аялдау сызығын кесіп өтпеуге немесе егер аялдау сызығы болмаса, бағдаршамнан аспауға тиіс екенін білдіреді. 33-баптың 1-тармағының а, і тармақшаларында айтылған үш түсті жүйенің сары сигналының қосылуы ешбір жолды пайдаланушының аялдау сызығынан өту немесе егер аялдау сызығы болмаса, сары сигнал қосылған сәтте көлік құралдары сигналға соншалықты жақын келіп, қауіптілік тудырмастан, олардың алдында аялдай алмайтын жағдайларды қоспағанда, бағдаршамнан асу құқығы жоқ екенін білдіреді.
1. Темір жол өтпелерінің шлагбаумдары мен жартылай шлагбаумдары кезектесіп келетін қызыл және ақ, қызыл және сары, қара және ақ немесе сары және қара жолақтармен анық белгіленуі тиіс. Алайда олар үлкен қызыл дискінің ортасына орналастырылған жағдайда, олар тек ақ немесе сары түске ғана боялуы мүмкін.
2. Шлагбаумдары және жартылай шлагбаумдары жоқ әр темір жол өтпесінде темір жолға тікелей жақын жерде 3-қосымшада сипатталған В,7 сигналдық белгісі орнатылуы тиіс. Пойыздардың жақындағаны туралы ескертетін бағдаршам немесе «Аялдаусыз өтуге тыйым салынады» В,2 белгісі болған кезде В,7 сигналдық белгісі В,2 белгісінің тіреуінде немесе бағдаршамның бағанына орнатылады. В,7 белгісін:
а) оларда темір жол қозғалысы өте төмен жылдамдықта жүзеге асырылатын, ал жол қозғалысын қажетті сигналдарды қолмен көрсететін, темір жол көлігі құралдарына ілесіп жүретін адам реттейтін автомобиль жолдары мен темір жолдардың қиылысында;
b) темір жолдар мен қозғалысы аз қара жолдардың және жаяу жүргінші жолдарының қиылысында орнату міндетті емес.
3. Осы Конвенцияға 3-қосымшада сипатталған А,26 немесе А,27 белгілеулерінің бірі берілген кез-келген ескерту белгісінің астында ұзындығы тігінен қойылған және ақ немесе сары түске салынған қызыл көлбеу жолақтары бар тік бұрышты қалқанша орнатылуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда белгі мен темір жол арасындағы қашықтықтың үштен біріне және үштен екісіне тең аралықта бірыңғай нысандағы қалқандардан тұратын қосымша белгілер орнатылады, оларда ақ немесе сары түске тиісінше бір немесе екі қызыл жолақ салынады. Бұл белгілер жолдың жүріс бөлігінің қарама-қарсы жағында қайталануы мүмкін. Осы тармақта айтылған қалқаншалар осы Конвенцияға 3-қосымшаның С бөлімінде сипатталған.
1. Темір жол өтпелерінде туындайтын ерекше қауіптілік сипатына қарай Уағдаласушы Тараптар:
а) әр темір жол өтпесінің алдында А,26 немесе А,27 белгілеулерінің бірі бар ескерту белгілерінің бірін орнату үшін шаралар қабылдауға міндетті; алайда
і) елді мекендерде орын алуы мүмкін ерекше жағдайларда;
іі) оларда механикалық көлік құралдарының қозғалысы өте сирек жағдайларда ғана жүзеге асырылатын қара және ауыл аралық жолдарда ешқандай белгі орнатпауға болады;
b) барлық темір жол өтпелері шлагбаумдармен немесе жартылай шлагбаумдармен, темір жол, әсіресе, пойыздың ең жоғары жылдамдығын ескере отырып, темір жол өтпесіне сол және басқа жағынан жақындап қалған жол көлік құралының жүргізушісі темір жол өтпесіне шығар алдында дер кезінде аялдай алатындай, егер пойыз көрінсе, пойыз өтпеге жеткен сәтте сол жерде болған жолды пайдаланушылар одан түсіп кете алатындай, пайдаланушыларға өтпенің екі жағынан да көрінетін жағдайларды есептемегенде, пойыздардың жақындағаны туралы ескертетін сигнализация жүйесімен жабдықталған болуы үшін шаралар қабылдауға міндетті; алайда Уағдаласушы Тараптар пойыздардың қозғалыс жылдамдығы салыстырмалы түрде жоғары емес немесе жол механикалық көлік құралдары сирек жүретін темір жол өтпелерінде осы тармақтың ережелерінен шегінуге жол бере алады;
с) шлагбаумдар немесе жартылай шлагбаумдар көрінбейтін бекеттен басқарылатын шлагбаумдары немесе жартылай шлагбаумдары бар барлық темір жол өтпелерінің пойыздардың жақындағаны туралы ескертетін және осы Конвенцияның 33-бабының 1-тармағында көрсетілген сигнализация жүйелерінің бірімен жабдықталуы;
d) пойыз жақындағанда автоматты түрде іске қосылатын шлагбаумдары немесе жартылай шлагбаумдары бар барлық темір жол өтпелерінің пойыздардың жақындағаны туралы ескертетін және осы Конвенцияның 33-бабының 1-тармағында көрсетілген сигнализация жүйелерінің бірімен жабдықталуы;
е) олардың жақсы көрінуі үшін шлагбаумдарды немесе жартылай шлагбаумдарды жарық қайтарғыш материалдармен жабу немесе жарық қайтарғыш құрылғылармен жабдықтау және қажет жағдайда, түнде жарықтандыру; сонымен қатар қарқынды түнгі автомобиль қозғалысы бар жолдарда темір жол өтпелері алдында орнатылатын ескерту белгілерін жарық қайтарғыш материалдармен жабу немесе жарық қайтарғыш құрылғылармен жабдықтау және қажет болған жағдайда түнде жарықтандыру;
f) жартылай шлагбаумдармен жабдықталған темір жолға жақын жолдардың жүріс бөлігінің ортасына, мүмкіндігінше, темір жол өтпесіне жақындаған көлік құралдарына тыйым салатын ұзына бойғы таңба салу, қозғалыс бағытына қарама қарсы жүріс бөлігі жағына шығу немесе қозғалыстың қос бағытын бөліп тұратын бағыттаушы аралдарды жарақтау үшін шаралар қабылдауға міндетті.
2. Осы баптың ережелері осы Конвенцияның 35-бабының 2-тармағындағы соңғы сөйлемде көзделген жағдайларда қолданылмайды.
37-бап
1. Осы Конвенция барлық Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше-мемлекеттердің немесе кез-келген мамандандырылған мекемелердің мүшелерінің немесе Атомдық энергия жөніндегі халықаралық агенттік мүшелерінің немесе Халықаралық Сот Статуты тараптарының және осы Конвенцияның Тарабы болуға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы шақырған кез-келген мемлекеттің қол қоюы үшін Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Мекемелерінде 1969 жылғы 31 желтоқсанға дейін ашық.
2. Осы Конвенция ратификациялауға жатады. Ратификациялық грамоталар Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының сақтауына беріледі.
КСРО Конвенцияны КСРО ЖС Президиумының 1974 жылғы 29 сәуірдегі 5939-VIII Жарлығымен ратификациялаған.
3. Осы Конвенция осы баптың 1-тармағында аталған кез-келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық болып қалады. Қосылу туралы құжаттар Бас Хатшының сақтауына беріледі.
1. Әр мемлекет осы Конвенцияға қол қою, оны ратификациялау немесе оған қосылу кезінде немесе одан кейін кез-келген сәтте Бас Хатшыға жолданған нотификациялау арқылы Конвенцияның барлық аумақта немесе аумақтың бөлігінде қолдануға болатынын, оның сыртқы қатынастары үшін жауапты екенін білдіре алады. Бас Хатшы аталған нотификацияны алған күнінен бастап отыз күн өткеннен кейін немесе Конвенция нотификация жасаған мемлекетке қатысты күшіне енген сәтте, егер бұл уақыт анағұрлым кеш болып табылатын болса, Конвенция нотификацияда аталған аумақта немесе аумақтарда қолданыла бастайды.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған нотификацияны жасайтын әр мемлекет олардың тапсырмасы бойынша осындай нотификация жасалған аумақтардың атынан осы Конвенцияның 46-бабының 2-тармағында көзделген мазмұндағы өтініші бар нотификация жіберуге тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес өтініш жасаған әр мемлекет осыдан кейін кез-келген сәтте Бас Хатшыға жолданған нотификациялау арқылы Конвецияның нотификацияда аталған аумақта қолданылуы тоқтайтынын және Бас Хатшы осы нотификацияны алған күнінен бастап бір жыл өткеннен кейін Конвенцияның нотификацияда аталған аумақта қолданылуы тоқтайтынын білдіре алады.
1. Осы Конвенция ратификациялау туралы немесе қосылу туралы он бесінші құжатты сақтауға берілген күнінен бастап он екі ай өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны ратификациялайтын немесе оған қосылатын әр мемлекетке қатысты ратификациялау туралы немесе қосылу туралы он бесінші құжат сақтауға берілгеннен кейін Конвенция осы мемлекет ратификациялық грамотаны немесе қосылуы туралы құжатты сақтауға тапсырған күнінен бастап он екі ай өткеннен кейін күшіне енеді.
Осы Конвенция күшіне енген сәтінен бастап, ол Уағдаласушы Тараптар арасындағы 1931 жылғы 30 наурыздағы Женева қаласында қол қоюға ашылған Жол белгілері мен сигналдарының біріңғайлылығын енгізу жөніндегі Конвенция және 1949 жылғы 19 қыркүйектегі Женевада қол қою үшін ашық Жол белгілері мен сигналдары туралы Хаттаманың күшін жояды және ауыстырады.
Аталған құжаттың толық атауы: Жол сингализациясының бірізділігі туралы Конвенция (Женева, 1931 жылғы 30 наурыз).
1. Осы Конвенция күшіне енген соң бір жылдан кейін әр Уағдаласушы Тарап Конвенцияға бір немесе бірнеше түзетулер ұсына алады. Кез-келген ұсынылған түзетудің мәтіні түсіндірме меморандуммен бірге Бас Хатшыға жолданады, ол оны Уағдаласушы Тараптардың барлығына жібереді. Уағдаласушы тараптар осы мәтін жіберілген күнінен бастап он екі ай мерзім ішінде: а) олардың түзетуді қабылдайтындығы, b) түзетуден бас тартатындығы немесе с) осы түзетуді қарау үшін конференция шақыруды қалайтыны туралы хабарлай алады. Бас Хатшы ұсынылған түзетудің мәтінін осы Конвенцияның; 37-бабының 1-тармағында аталған барлық басқа да мемлекеттерге жібереді.
2. а) Жоғарыдағы тармаққа сәйкес таратылған, кез-келген ұсынылған түзету, егер жоғарыда айтылған он екі ай мерзім ішінде Уағдаласушы Тараптардың үштен бір бөлігінен кем бөлігі Бас Хатшыға олардың түзетуді қабылдамайтындықтары немесе осы түзетуді қарау үшін конференция шақыруды ұсынатындығы туралы хабарласа, қабылданды деп есептеледі. Бас Хатшы барлық Уағдаласушы Тараптарға ұсынылған түзетудің қабылданғандығы немесе олардан бас тартылғандығы туралы және конференция шақыру туралы келіп түскен әрбір өтініш туралы хабарлайды. Егер белгіленген он екі ай мерзім ішінде осындай бас тартулар мен өтініштерді барлық Уағдаласушы Тараптардың үштен бір бөлігінен кем бөлігі ғана алса, Бас Хатшы түзетудің алдыңғы тармақта айтылған он екі ай мерзімі өткен соң алты ай өткеннен кейін, белгіленген мерзім ішінде түзетуден бас тартқан немесе оны талқылау үшін конференция шақыруға өтініш білдіргендерді қоспағанда, барлық Уағдаласушы Тараптар үшін күшіне енетіндігі туралы хабарлайды.
b) Жоғарыда аталған он екі ай мерзім ішінде ұсынылған түзетуден бас тартқан немесе оны қарау үшін конференция шақыруға өтініш білдірген әрбір Уағдаласушы Тарап осы мерзім өткеннен кейін кез-келген уақытта оның түзетуді қабылдағандығы туралы Бас Хатшыға мәлімдей алады, Бас Хатшыға бұл мәлімдемені қалған Уағдаласушы Тараптардың барлығына жолдайды. Түзету қабылдау туралы осындай мәлімдеме жіберген Уағдаласушы Тараптарға қатысты оны Бас Хатшы алған соң алты ай өткеннен кейін күшіне енеді.
3. Егер ұсынылған түзету осы баптың 2-тармағына сәйкес және осы баптың 1-тармағында көзделген он екі ай мерзім ішінде қабылданбаған болса, Уағдаласушы Тараптардың жалпы санының жартысынан кемі олардың ұсынылған түзетуден бас тартатындығы және барлық Уағдаласушы Тараптардың үштен бірі, бірақ кемінде он бөлігі оны қабылдайтындары немесе осы түзетуді қарау үшін конференция шақыруды қолдайтындығы туралы Бас Хатшыға хабарласа, Бас Хатшы ұсынылған түзетуді немесе осы баптың 1-тармағына сәйкес оған жіберілген кез-келген басқа ұсынысты қарау үшін конференция шақырады.
4. Егер Конференция осы баптың 3-тармағына сәйкес шақырылатын болса, Бас Хатшы оған осы Конвенцияның 37-бабының 1-тармағында көрсетілген барлық мемлекеттерді шақырады. Бас Хатшы конференцияға шақырылған мемлекеттердің барлығына конференцияның ашылуына кем дегенде алты ай қалған мерзімге дейін ұсынылатын түзетуге қосымша қарау үшін кез-келген ұсыныстарды жіберуді сұрайды және осы ұсыныстар туралы конференцияның ашылуына кемінде үш ай мерзім қалғанға дейін конференцияға шақырылған барлық мемлекеттерге мәлімдейді.
5. а) Осы Конвенцияға кез-келген түзету, егер ол Конференцияға қатысқан мемлекеттердің үштен екісінің басым дауысымен қабылданса және бұл көпшілік кем дегенде, Конференцияға қатысқан барлық Уағдаласушы тараптардың үштен екісін қамтыған жағдайда қабылданды деп есептеледі. Бас Хатшы түзетудің қабылданғандығы және оның осы хабарланған күннен бастап он екі ай өткеннен кейін, осы мерзім ішінде Бас Хатшыға түзетуден бас тартатындықтары туралы хабарлағандарды қоспағанда, барлық Уағдаласушы Тараптарға қатысты күшіне енетіндігі туралы Уағдаласушы Тараптардың барлығына хабарлайды.
b) Жоғарыда аталған он екі ай мерзім ішінде ұсынылған түзетуден бас тартқан немесе оны қарау үшін конференция шақыруға өтініш білдірген әрбір Уағдаласушы Тарап оның түзетуді қабылдағандығы туралы Бас Хатшыға мәлімдей алады, Бас Хатшы бұл мәлімдемені қалған Уағдаласушы Тараптардың бәріне жолдайды. Оны қабылдағаны туралы мәлімдемеген Уағдаласушы Тарапқа қатысты түзету осы мәлімдемені Бас Хатшы алғаннан кейін алты ай өткен соң, егер бұл мерзім кешірек аяқталатын болса, жоғарыда аталғаннан он екі ай мерзім өткеннен кейін күшіне енеді.
6. Егер ұсынылған түзету осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданбады деп есептелсе және Конференцияны шақырудың осы баптың 3-тармағында ұйғарылған шарттары орындалмаса, ұсынылған түзетуден бас тартылды деп есептеледі.
Әрбір Уағдаласушы Тарап Бас Хатшыға жолданған жазбаша нотификация арқылы осы Конвенцияның күшін жоя алады. Күшін жою Бас Хатшы осы нотификацияны алған күнінен бастап бір жыл өткен соң күшіне енеді.
Егер Уағдаласушы тараптардың саны кейінгі он екі айдан соң қандайда бір кезең ішінде бесеуден кем болса, осы Конвенция күшін жояды.
Екі немесе одан да көп Уағдаласушы Тараптардың арасында осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты туындаған барлық дау, оны Тараптар келіссөздер немесе басқа да реттеу құралдары арқылы шеше алмаса, мүдделі Уағдаласушы Тараптардың бірінің өтініші бойынша Халықаралық Сотқа шешу үшін берілуі мүмкін.
Осы Конвенцияның ешбір ережесі Уағдаласушы Тараптардың кез-келгеніне Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес келетін және қалыптасқан жағдаймен шектелетін, ол өзінің сыртқы немесе ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті деп есептейтін шараларды қабылдауға кедергі келтіретіндей түсіндірілмеуі тиіс.
1. Осы Конвенцияға қол қою немесе ратификациялық грамотасын немесе қосылуы туралы құжатын сақтауға тапсыру кезінде әрбір мемлекет өзін осы Конвенцияның 44-бабымен байланысты деп есептемейтіндігін айта алады. Басқа Уағлаласушы тараптар осындай өтініш жасаған кез-келген Уағдаласушы Тарапқа қатысты 44-баппен байланысты болып табылмайды.
2. а) Өзінің ратификациялық грамотасын немесе қосылуы туралы құжатын сақтауға тапсыру сәтінде әрбір мемлекет Бас Хатшыға жолданған нотификация арқылы:
і) оның ескерту белгісі (9-баптың 1-тармағы) ретінде А(а) немесе А(b) үлгіерінің қайсысын таңдайтыны; және
іі) осы Конвенцияны қолдану мақсатында «Аялдаусыз өтуге тыйым салынады» (10-баптың 3-тармағы) белгісі ретінде В,2(а) немесе В,2(b) үлгілерінің қайсысын таңдайтыны туралы хабарлайды.
Кейіннен кез-келген уақытта әрбір мемлекет Бас Хатшыға жолданған нотификация арқылы өзінің өтінішін басқамен алмастырып, таңдауын өзгерте алады.
b) Өзінің ратификациялық грамотасын немесе қосылуы туралы құжатын сақтауға тапсыру сәтінде әрбір мемлекет Бас Хатшыға жолданған нотификация арқылы осы Конвенцияны қолдану мақсатында велосипедтерді аспалы двигателі бар мотоциклдерге теңестіретінін (1-баптың 1-тармағы) білдіре алады.
Кейіннен әрбір мемлекет кез-келген уақытта Бас Хатшыға жолданған нотификация арқылы өз өтінішін қайтарып ала алады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген өтініштер Бас Хатшы нотификацияны алғаннан кейін алты айдан соң немесе егер бұл уақыт анағұрлым кеш болып табылмаса, өтініш жасаған мемлекетке қатысты Конвенция күшіне енген сәтте күшіне енеді.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген ескертпелерден өзге, осы Конвенциядағы және оның қосымшаларындағы ескертпелерге олар жазбаша нысанда ұсынылған жағдайда және олар ратификациялық грамотаны немесе қосылу туралы құжатты сақтауға ұсынғанға дейін жасалса және олар ратификациялық грамотада немесе қосылу туралы құжатта расталған жағдайда рұқсат беріледі. Бас Хатшы аталған ескертпелер туралы осы Конвенцияның 37-бабының 1-тармағында көрсетілген барлық мемлекеттерге хабарлайды.
5. Ескертпе немесе осы баптың 1 және 4-тармақтарына сәйкес өтініш жасаған әрбір Уағдаласушы Тарап өз ескертпесін Бас Хатшыға жолданған нотификация арқылы кез-келген сәтте қайтарып ала алады.
6. Осы баптың 4-тармағына сәйкес жасалған кез-келген ескертпе
а) жоғарыда аталған ескертпені жасаған Уағдаласушы Тарап үшін осы ескертпе шеңберінде оған қатысты Конвенция ережелерін өзгертеді;
b) ескертпе жасаған Уағдаласушы Тараппен өзара қарым-қатынаста басқа Уағдаласушы Тараптар үшін де осындай ережелерді өзгертеді.
Бас Хатшы осы Конвенцияның 41 және 46-баптарында көзделген өтініштерден, нотификациялар мен хабарландырулардан басқа 37-баптың 1-тармағында аталған барлық мемлекеттерге,
а) 37-бапқа сәйкес Конвенцияға қол қоюлар, ратификациялар және қосылулар туралы;
b) 38-бапқа сәйкес өтініштер туралы;
с) 39-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшіне енген күні туралы;
d) 41-баптың 2 және 5-тармақтарына сәйкес осы Конвенцияға түзетулер күшіне енген күні туралы;
с) 42-бапқа сәйкес күшін жоюлар туралы;
f) 43-бапқа сәйкес осы Конвенцияның күшін жою туралы хабарлайды.
Ағылшын, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде бір данада құрастырылған осы Конвенцияның түпнұсқасы, барлық бес мәтін де тең түпнұсқа болады, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады, ол расталған көшірмелерді осы Конвенцияның 37-бабының 1-тармағында аталған барлық мемлекеттерге тиісті түрде жібереді.
Өз үкіметтері тиісті түрде уәкілеттіктер берген, төменде қол қойған өкілдер оны куәландыру үшін осы Конвенцияға қол қойды.
Вена қаласында бір мың тоғыз жүз алпыс сегізінші жылдың қараша айында жасалды.
_________________
* Конвенция мәтінінің типографиялық тәсілмен басылған тиісті жерлерінде сигналдық белгілер, таңбалар мен табличкалар бейнеленуі мүмкін.
Осы Конвенцияның 2-бабына сәйкес төмендегі қосымшалар олардың ажырамас бөлігі болып табылады
Жол қиылыстарына немесе темір жол өтпелеріне жақын орнатылатын белгілерді
қоспағанда, ескерту белгілері
Ескертпе: Жол қиылыстарына жақын орнатылатын ескерту белгілеріне қатысты 2-қосымшаның В бөлімін қараңыз. Темір жол өтпелеріне жақын орнатылатын ескерту белгілеріне қатысты 3-қосымшаның А және С бөлімдерін қараңыз.
А бөлімі. Ескерту белгілерінің үлгілері
А(а) немесе А(b) үлгілері ескерту белгілерінің үлгілері болып табылады. А(а) үлгісі тең қабырғалы үшбұрышты болып келеді, оның бір қабырғасы көлденең, ал оған қарама қарсы бұрышы жоғары қарайды; фоны ақ немесе сары түсті, жиегі қызыл түсті болады. А(b) үлгісі квадрат болып, оның диогоналының бірі тігінен орналасады; фоны сары түсті, жиегі қара түсті жіңішке жолақпен көмкеріледі. Осы белгілердегі таңбалар оларды сипаттауда өзге нұсқамаларсыз берілуі және қара немесе қою көк түсті болуы тиіс.
Қалыпты мөлшердегі А(а) белгілері үшін қабырғаларының ұзындығы 0,9 м (3 фут), кіші мөлшердегі А(а) белгілері үшін - 0,6 м (2 фут) құрайды; Қалыпты мөлшердегі А(b) белгілері үшін қабырғаларының ұзындығы 0,6 м (2 фут), кіші мөлшердегі А(b) белгілері үшін 0,4 м (1 фут 4 дюйм) құрайды;
А(а) және А(b) үлгілерін таңдауға қатысты осы Конвенцияның 5-бабының 2-тармағын және 9-баптың 1-тармағын қараңыз.
В бөлімі. Ескерту белгілері мен осы белгілерді пайдалануға
қатысты ұйғарымдардың белгілеулері
1. Қауіпті бұрылыс немесе қауіпті бұрылыстар
Қауіпті бұрылысқа немесе бірінен соң бірі келетін қауіпті бұрылыстарға жақындағанын ескерту үшін жағдайларға байланысты мына белгілердің бірі пайдаланылады:
А,1(а): Солға бұрылыс
А,1(b): Оңға бұрылыс
А,1(с): Екі еселенген бұрылыс немесе бірінші солға бұрылып, бірінен соң бірі жалғасатын екеуден көп бұрылыстар
А,1(d): Екі еселенген бұрылыс немесе бірінші оңға бұрылып, бірінен соң бірі жалғасатын екі бұрылыстан да көп бұрылыстар.
2. Тік еңіс
Үлкен ылдиы бар тік еңіске жақындағаны туралы ескерту үшін А(а) белгісінің үлгісіндегі А,2(а) белгілеуі және А(b) белгісінің үлгісіндегі А,2(b)белгілеуі пайдаланады.
А,2(а) белгілеуінің сол жағы сигналдық белгі қалқанының сол бұрышын, ал оның негіздемесі осы қалқанның барлық енін алады.
А,2(а) және А,2(b) белгілеулеріндегі сан еңістің пайызын көрсетеді; бұл нұсқау қатыстылықпен, алмастырылуы (1:10) мүмкін. Алайда, Уағдаласушы Тараптар А,2(а) немесе А,2(b) белгілеулерінің орнына, бірақ Конвенцияның 5-бабының 2-тармағы b тармақшасының ережелерін мүмкіндігінше ескере отырып, егер олар А(а) белгісінің үлгісін қабылдаса, А,2(с) белгілеуін, А(b) белгісінің үлгісін қабылдаған болса, А,2(d) белгілеуін таңдай алады.
3. Тік өрлеу
Тік өрлеуге жақындағаны туралы ескерту үшін А(а) белгісінің үлгісіндегі А,3 белгілеуі және А(b) белгісінің үлгісіндегі А,3(b) белгілеуі пайдаланылады.