(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілінде олардың негізінде активтерді, міндеттемелерді, табыстар мен шығыстарды бөлу жүзеге асырылған барлық құжаттардың көшірмелері болуға тиіс.

 

4-БӨЛІМ. КОРПОРАТИВТІК ТАБЫС САЛЫҒЫ

 

10-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

81-бап. Төлеушілер

1. Мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстар алатын резидент емес заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады.

2. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын заңды тұлғалар осы Кодекстің 61-тарауына сәйкес, көрсетілген режим шеңберінде салық салынатын табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын есептейді және төлейді.

3. Ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты төлеушілер осы Кодекстің 411, 420-баптарында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін табыстар бойынша корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылмайды.

 

82-бап. Салық салу объектілері

Корпоративтік табыс салығын салу объектілері мыналар болып табылады:

1) салық салынатын табыс;

2) төлем көзінен салық салынатын табыс;

3) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның таза табысы.

 

11-тарау. САЛЫҚ САЛЫНАТЫН ТАБЫС

 

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңнын 23 бабына сәйкес 83-баптың қолданылуы сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары үшін олардың сақтандыру, қайта сақтандыру қызметтерін жүзеге асыруы бөлігінде 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын

83-бап. Салық салынатын табыс

Салық салынатын табыс осы Кодекстің 99-бабында көзделген түзетулерді ескере отырып жылдық жиынтық табыс пен осы бөлімде көзделген шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.

 

§ 1. Жылдық жиынтық табыс

 

84-бап. Жылдық жиынтық табыс

1. Резидент заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы тұлғаның Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлерде салық кезеңінің ішінде алуына жататын (алынған) табыстарынан тұрады.

Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның жылдық жиынтық табысы осы Кодекстің 198-бабында көрсетілген табыстардан тұрады.

Резидент заңды тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынатын табыстары осы бөлімде және осы Кодекстің 27-тарауында белгіленген тәртіппен салық салынуға жатады.

2. Мыналар салық салу мақсатына орай табыс ретінде қарастырылмайды:

1) жарғылық капиталға салым ретінде алынған мүліктің құны;

2) эмитент өзі шығарған акцияларды орналастырудан алған ақша сомасы;

3) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мүлікті өтеусіз негізде беретін салық төлеуші үшін өтеусіз берілген мүліктің құны. Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстар орындауға, қызметтер көрсетуге байланысты шеккен шығыстар мөлшерінде айқындалады;

4) осы Кодексте көзделген жағдайларда салық міндеттемесінің мөлшерін азайту сомасы;

5) егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, басқа тұлғадан алынуға жататыннан (алынғаннан) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бухгалтерлік есепте табыс деп танылатын активтердің және (немесе) міндеттемелердің құнын өзгертуге байланысты туындайтын табыс;

6) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес активтерді қайта бағалауға арналған резервтерді азайту есебінен бөлінбеген пайданы арттыру.

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 7) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді)

7) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес іс жүзінде орындалуға тиіс міндеттеме мен бухгалтерлік есепте танылған осы міндеттеменің құны арасындағы оң айырма түрінде бухгалтерлік есептегі міндеттеменің танылуына байланысты туындайтын табыс.

 

85-бап. Жылдық жиынтық табысқа енгізілетін табыстар

1. Жылдық жиынтық табысқа салық төлеуші табыстарының барлық түрлері:

1) өткізуден түсетін табыс;

2) құн өсімінен түсетін табыс;

3) туынды қаржы құралдары бойынша табыс;

4) міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табыс;

5) күмәнді міндеттемелер бойынша табыс;

6) банктердің және лицензия негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың құрылған провизияларының (резервтерінің) мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс;

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңнын 23 бабына сәйкес 85-бабы 1-тармағы 7) тармақшасының қолданылуы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын

7) сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдары құрған сақтандыру резервтерін азайтудан түсетін табыс;

8) талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс;

9) кәсіпкерлік қызметті шектеуге немесе тоқтатуға келісім бергені үшін алған табыс;

10) тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін табыс;

11) табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және өндіруге дайындық жұмыстарына арналған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетін табыс;

12) кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып кетуінен түсетін табыс;

13) бірлескен қызметті жүзеге асырудан түсетін табыс;

14) егер бұрын бұл сома шегерімге жатқызылмаса, негізсіз ұсталып, бюджеттен қайтарылған айыппұлдардан басқа, таңылған немесе борышкер таныған айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа санкция түрлері;

15) бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар;

16) өтеусіз алынған мүлік түріндегі табыс;

17) дивидендтер;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

18) депозит, борыштық бағалы қағаз, вексель бойынша сыйақылар, ислам жалдау сертификаты;

19) оң бағамдық айырма сомасының халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес анықталған теріс бағамдық айырма сомасынан асып кетуі;

20) ұтыстар;

21) әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған табыс;

22) кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 22-1) тармақшамен толықтырылды

22-1) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша табыс;

23) сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы алатын (алынуға жататын), мүлікті сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табыс;

24) осы тармақтың 1) - 23) тармақшаларында көрсетілмеген басқа да табыстар енгізіледі.

2. Егер табыстардың бірнеше баптарында бір және сол табыстар көрсетілуі мүмкін болатын жағдайда, көрсетілген табыстар жылдық жиынтық табысқа бір рет енгізіледі.

Табыстың қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес танылу күні табыстың осы Кодекске сәйкес танылу күнінен ерекшеленетін жағдайда, көрсетілген табыс салық салу мақсатына орай бір рет есепке алынады.

Бұл ретте, салық салу мақсатына орай табыстың танылу күні осы Кодекстің ережелеріне сәйкес айқындалады.

3. Егер сенімгерлікпен басқарушы болып табылатын салық төлеушіге мүлікті сенімгерлікпен басқаруды құру туралы актімен мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе пайда алушы үшін салық міндеттемесін орындау жүктелсе, мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының табыстары осы бөлімнің мақсатында осы салық төлеушінің жылдық жиынтық табысына қосылады.

4. Салық төлеушінің осы Кодекстің 131 және 132-баптарына сәйкес табыстарын түзетуге құқығы бар.

 

86-бап. Өткізуден түсетін табыс

1. Егер Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 87 - 98-баптарына сәйкес жылдық жиынтық табысқа енгізілетін табыстардан басқа, өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны өткізуден түсетін табыс болып табылады.

Өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнына қосылған құн салығының және акциздің сомасы енгізілмейді.

2. Қызметтер көрсетуден түсетін табысқа осы бөлімнің мақсатында, сондай-ақ:

1) кредит (қарыз, микрокредит) бойынша, репо операциялары бойынша сыйақылар түріндегі табыс;

2) мүлікті қаржы лизингіне беру бойынша сыйақылар түріндегі табыс;

3) роялти;

4) мүлікті жалға беруден түсетін табыс жатады.

 

87-бап. Құн өсімінен түсетін табыс

1. Құн өсімінен түсетін табыс, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекет мұқтажы үшін сатып алынған активтерді қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтерді өткізу кезінде құралады.

Осы баптың мақсатына орай амортизацияға жатпайтын активтерге:

1) жер учаскелері;

2) аяқталмаған құрылыс объектілері;

3) орнатылмаған жабдық;

4) табыс алуға бағытталған қызметте пайдаланылмайтын, бір жылдан астам қызмет мерзімі бар активтер;

5) бағалы қағаздар;

6) қатысу үлесі;

7) құны Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған салық заңнамасына сәйкес толығымен шегерімге жатқызылған негізгі құралдар;

8) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша инвестициялық жоба шеңберінде пайдалануға берілген, құны толығымен шегерімге жатқызылған активтер;

9) осы Кодекстің 97-бабының 2-тармағына сәйкес әлеуметтік сала объектілеріне жатқызылған мүлік жатады.

2. Өсім, осы баптың 4 және 9-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтердің өткізілу құны мен олардың бастапқы құны арасындағы айырма ретінде айқындалады.

3. Осы баптың мақсатында:

осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылуға жатпайтын шығындардан (шығыстардан);

салық төлеушінің осы Кодекстің 100-бабының 6, 12, 13-тармақтары, сондай-ақ осы Кодекстің 101 - 114-баптары негізінде шегерімге құқығы болатын шығындардан (шығыстардан);

амортизациялық аударымдар шығындарынан (шығыстарынан);

бухгалтерлік есепте туындайтын және осы Кодекстің 100-бабының 15-тармағына сәйкес салық салу мақсатында шығыс ретінде қарастырылмайтын шығындардан (шығыстардан) басқа, активтерді сатып алуға, өндіруге, салуға, монтаждауға арналған шығындардың, сондай-ақ олардың құнын арттыратын, оның ішінде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың құнын сатып алынғаннан кейін арттыратын басқа да шығындардың жиынтығы бағалы қағаздар мен қатысу үлестерін қоспағанда, амортизацияға жатпайтын активтердің бастапқы құны болып табылады.

4. Бағалы қағаздарды және қатысу үлесін өткізу кезінде:

1) борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда, бағалы қағаздар, қатысу үлесі бойынша - өткізілу құны мен бастапқы құн (салым) арасындағы оң айырма;

2) борыштық бағалы қағаздар бойынша - дисконттың амортизациясын және (немесе) өткізілген күнгі сыйлықақыны ескере отырып, өткізілу құны мен бастапқы құн арасындағы купон ескерілмеген оң айырма құн өсімі болып табылады.

5. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарында және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарында көзделген жағдайларда бағалы қағаздар мен қатысу үлестерінің құнын арттыратын сатып алуға байланысты шығындардың, оларды сатып алуға арналған іс жүзіндегі шығындардың жиынтығы, сондай-ақ жарғылық капиталға салымның құны осы баптың мақсатында бағалы қағаздар мен қатысу үлесінің бастапқы құны болып табылады.

6. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құн жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.

7. Осы Кодекске сәйкес тіркелген активтер бойынша шегерімдерді айқындай алмайтын салық төлеуші осы салық төлеушінің меншік құқығында меншік құқығын тіркеген кезден бастап бір жыл және одан да көп жыл болатын тұрғын үй-жайларды, саяжай құрылыстарын, гараждарды, өзіндік қосалқы шаруашылық объектілерін жарғылық капиталға салған кезде берілген мүліктің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалған құны жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.

8. Осы Кодекске сәйкес тіркелген активтер бойынша шегерімдерді айқындай алмайтын салық төлеуші осы баптың 7-тармағында көрсетілмеген мүлікті жарғылық капиталға салған кезде жарғылық капиталға енгізілген мүліктің сатып алыну, өндірілу, салыну, монтаждалу және орнатылу құны жарғылық капиталға салымның құны болып табылады.

Жарғылық капиталға салынған мүліктің сатып алыну, өндірілу, салыну, монтаждалу және орнатылу құны болмаған кезде осы мүлікке меншік құқығы туындаған кездегі мүліктің нарықтық құны салымның құны болып табылады. Бағалаушы мен салық төлеуші арасында Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн осы баптың мақсатына орай нарықтық құн болып табылады.

Салық төлеуші мүліктің нарықтық құнын корпоративтік табыс салығы бойынша декларация табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.

9. Осы баптың 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген активтерді өткізген кезде құн өсімі өткізу құны мөлшерінде айқындалады.

10. Егер амортизацияға жатпайтын активтер өтеусіз алынған болса, онда осы Кодекске сәйкес өтеусіз алынған мүліктің құны түрінде жылдық жиынтық табысқа енгізілген осы активтердің құны осы баптың мақсатына орай бастапқы құн болып табылады.

 

88-бап. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табыс

1. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табысқа:

1) салық төлеушінің міндеттемелерін оның кредиторының есептен шығаруы;

2) салық төлеуші таратылған кезде тарату балансы бекітілген кезде кредитор талап етпеген міндеттемелер;

3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген талап қою мерзімінің өтуіне байланысты міндеттемелерді есептен шығару;

4) соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша міндеттемелерді есептен шығару жатады.

2. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табыс сомасы салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес есептен шығару кезінде төленуге жататын міндеттемелердің сомасына тең болады.

3. Осы Кодекске сәйкес күмәнді деп танылған міндеттемелерге осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылмайды.

4. Міндеттемелерді есептен шығарудан түсетін табысқа кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелердің берілуіне байланысты олардың мөлшерін азайту жатпайды.

 

89-бап. Күмәнді міндеттемелер бойынша түсетін табыс

Сатып алынған тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша, сондай-ақ қызметкерлердің есебіне жазылған табыстар мен осы Кодекстің 163-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да төлемдер бойынша туындаған және туындаған күнінен бастап үш жыл ішінде қанағаттандырылмаған міндеттемелер күмәнді деп танылады.

Көрсетілген міндеттемелер олардың туындауы күніне қабылданған ставка бойынша бюджетпен өзара есеп айырысуда осы міндеттемелердің бұрын шегерімге жатқызылған сомасына барабар түрде қалпына келтірілуге жататын қосылған құн салығын қоспағанда, осы міндеттемелердің бұрын шегерімге жатқызылған сомасы шегінде салық төлеушінің жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.

 

2009.13.02. № 135-ІV ҚР Заңымен 90-баб өзгертілді (бұр.ред.қара)

90-бап. Құрылған провизиялардың (резервтердің) мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс

1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші құрған провизиялардың (резервтердің) мөлшерін азайтудан түсетін табыстар деп:

1) борышкер талапты орындау сомасына барабар мөлшерде орындаған кезде бұрын шегерімдерге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;

2) цессия шартын жасасу жолымен басқаға қайта табыстау туралы шарттың, жаңартпа, талап ету құқықтарын беру шартының негізінде және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде борышкерге қойылатын талаптардың мөлшерін азайтқан кезде бұрын шегерімге жатқызылған провизиялар (резервтер) сомасы;

3) талаптарды қайта сыныптау кезінде бұрын шегерімге жатқызылған провизияларды (резервтерді) азайту сомасы танылады.

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңнын 13 бабына сәйкес 90-бабы 2-тармағының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын

2. Осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші құрған провизиялардың (резервтердің) мөлшерлерін азайтудан түскен, бұрын шегерімге жатқызылған провизиялардың (резервтердің) сомалары борышкерге талаптар мөлшерін азайтқан кезде:

1) борышкер заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген негіздер бойынша сот шешімімен таратылуына байланысты Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен алып тасталған;

2) борышкер заңды тұлға соттың күшіне енген шешімі негізінде хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болды, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, оған І, ІІ топтағы мүгедектік белгіленген жағдайларда, сондай-ақ борышкер жеке тұлға қайтыс болған жағдайда;

3) осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші алдында жауапты болатын борышкерде және борышкермен бірлесіп ортақ немесе субсидиарлық жауапты болатын үшінші тұлғаларда өндіріп алуды қолдануға болатын мүлік, оның ішінде ақша, бағалы қағаздар немесе табыстар болмаған жағдайда, осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушіге атқару құжатын қайтару туралы сот орындаушысының қаулысы заңды күшіне енген және оның мүлкін немесе табыстарын анықтау бойынша сот орындаушысы қолданған, Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген шаралар нәтижесіз болған;

4) соттың борышкердің мүлкіне, оның ішінде ақшасына, бағалы қағаздарына немесе табыстарына осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушінің өндіріп алуды қолдануынан бас тарту туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда, провизиялардың (резервтердің) бұрын шегерімге жатқызылған, борышкерге қойылатын талаптар мөлшері азайтылған кездегі сомасы осы Кодекстің 106-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес провизияларды (резервтерді) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеуші құрған провизиялардың (резервтердің) мөлшерін азайтудан түсетін табыс деп танылмайды.

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңнын 23 бабына сәйкес 90-бабы 3-тармағының қолданылуы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын

3. Құрылған сақтандыру резервтерінің осы Кодексте белгіленген мөлшерде және тәртіппен бұрын шегерімге жатқызылған мөлшерлерін азайту сомасы сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымы құрған сақтандыру резервтерінің мөлшерлерін азайтудан түсетін табыс деп танылады.

 

91-бап. Талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс

Мыналар:

1) талап ету құқығын алатын салық төлеуші үшін - негізгі борышты талап ету бойынша борышкерден алынуға жататын сома, оның ішінде талап ету құқығын басқаға берген күнгі негізгі борыштан тыс сома мен талап ету құқығын алу құны арасындағы оң айырма;

2) талап ету құқығын басқаға беретін салық төлеуші үшін - салық төлеушінің бастапқы құжаттарына сәйкес басқаға беру жүргізілген талап ету құқығының құны мен борышкерден талап ету құқығын басқаға беру күні алынуға жататын талап ету құны арасындағы оң айырма талап ету құқығын басқаға беруден түсетін табыс болып табылады.

 

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 92-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

92-бап. Тіркелген активтердің шығып қалуынан түсетін табыс

Егер осы Кодекстің 119-бабына сәйкес айқындалған кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) шығып қалған тіркелген активтерінің құны салық кезеңінің басындағы кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) салық кезеңінде түскен тіркелген активтер құны ескерілген құндық балансынан, сондай-ақ салық кезеңінде жұмсалған және осы Кодекстің 122-бабының 3-тармағына сәйкес ескерілетін кейінгі шығыстардан асып кетсе, асып кету шамасы жылдық жиынтық табысқа енгізілуге жатады. Осы кіші топтың (І топ бойынша) немесе топтың (ІІ, ІІІ және ІV топтар бойынша) құндық балансы салық кезеңінің соңында нөлге тең болады.

 

93-бап. Табиғи ресурстарды геологиялық зерттеуге және өндіруге дайындық жұмыстарына жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың басқа да шығыстарын түзетуден түсетін табыс

Егер осы Кодекстің 111-бабына сәйкес жеке топты құрайтын шығыстарды түзететін табыстардың мөлшері салық кезеңінің басында салық кезеңінде жұмсалған шығыстар ескерілген жеке топтың мөлшерінен асып кетсе, асып кету шамасы жылдық жиынтық табысқа енгізілуге жатады. Бұл топтың мөлшері салық кезеңінің соңында нөлге тең болады.

 

94-бап. Кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасының кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар сомасынан асып кетуінен түсетін табыс

1. Егер кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі іс жүзіндегі шығыстар көрсетілген қорға жүргізілген аударымдардан төмен болса, онда айырма жер қойнауын пайдаланушының жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.

2. Егер жер қойнауын пайдаланушы кен орындарын әзірлеу салдарын жою жөніндегі жұмыстарды тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен кен орындарын әзірлеу салдарын жою бағдарламасында көзделген кезеңде жүргізбесе, онда есепті кезең ішінде шегерімге жатқызылған, кен орындарын әзірлеу салдарын жою қорына аударымдар сомасы ол жүргізілуге тиіс болған салық кезеңінің жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.

 

95-бап. Бұрын жүргізілген шегерімдер бойынша алынған өтемақылар

1. Бұрын жасалған шегерімдер бойынша өтемақы түрінде алынған табыстарға:

1) бұрын шегерімге жатқызылған және кейінгі салық кезеңдерінде өтелген, күмәнді деп танылған талаптар сомасы;

2) мемлекеттік бюджет қаражатынан шығындарды (шығыстарды) жабуға арнап алынған сома;

3) осы Кодекстің 119-бабында көрсетілген сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру ұйымы немесе нұқсан келтірген тұлға төлеген нұқсанды өтеу сомасы;

4) бұрын шегерімге жатқызылған шығындарды өтеу бойынша алынған басқа да өтемақылар жатады.

Алынған өтемақы ол алынған салық кезеңінің табысы болып табылады.

2. Сақтандыру ұйымының сақтанушыға жинақтаушы емес сақтандыру шартының қолданылуы аяқталғаннан кейін немесе оны мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда қайтаруына жататын немесе қайтарған және сақтанушы бұрын шегерімге жатқызған сақтандыру сыйлықақыларының сомасы олар сақтанушыға қайтарылуға жатқан немесе қайтарылған салық кезеңінің жылдық жиынтық табысына жатқызылады.

 

96-бап. Өтеусіз алынған мүлік

Салық төлеуші өтеусіз алған кез келген мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны оның табысы болып табылады.

Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, өтеусіз алынған мүліктің, оның ішінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құны халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.