(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

26) жеке тұлғаға өтеусіз негізде жарнама түрінде берілген мүліктің тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшері шегінде құны.

 

156-бап. Салық салуға жатпайтын табыстар

1. Жеке тұлғаның салық салынатын табыстарынан табыстардың мынадай түрлері алып тасталады:

1) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;

2) жеке тұлғалардың қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы негізінде банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы салымдары бойынша оларға төленетін сыйақылар;

3) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар;

4) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттік облигациялар бойынша сыйақылар және мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар мен агенттік облигацияларды өткізу кезіндегі құн өсімінен түскен табыстар;

5) дивидендтер мен сыйақыларды есебіне жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде болатын осындай бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар;

6) пайлық инвестициялық қорларды осы қордың басқарушы компаниясы құнын өтеп сатып алған кездегі пай бойынша табыстар;

7) бір мезгілде мынадай талаптар орындалған кезде:

акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленсе;

заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық (акционерлік) капиталы құнының немесе акцияларының (қатысу үлестерінің) 50 және одан көп проценті дивидендтерді төлеу күніне жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылмайтын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкін құраса, резидент заңды тұлғадан алынған дивидендтер;

8) әскери қызмет міндеттерін атқарған кезде әскери қызметшілерге берілетін, ішкі істер органдарының, қаржы полициясының, қылмыстық-атқару жүйесі және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары мен мекемелерінің белгіленген тәртіппен арнаулы атақ берілген қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты алатын төлемдердің барлық түрі;

9) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 50 проценті шегіндегі лотерея бойынша ұтыстар;

10) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінде, қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсіптік оқуға байланысты бюджет және (немесе) гранттар қаражаты есебінен жүзеге асырылатын төлемдер;

11) гранттар қаражаты есебінен төленетін төлемдер (еңбегіне ақы төлеу түріндегі төлемдерден басқа);

12) экологиялық апат немесе ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленетін төлемдер;

13) Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және оларға теңестірілетін адамдардың, І және ІІ топтағы мүгедектердің, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдардың, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде 6 ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдардың, сондай-ақ бала кезінен мүгедек адамның ата-аналарының біреуінің тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің бір жылдағы 45 еселенген мөлшері шегіндегі табыстары;

14) ІІІ топтағы мүгедектердің тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінің бір жылдағы 27 еселенген мөлшері шегіндегі табыстары;

15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы акцияларды және қатысу үлестерін өткізу кезінде құн өсімінен түсетін табыстар.

Егер көрсетілген заңды тұлғаның немесе консорциумның жарғылық (акционерлік) капиталы құнының немесе акцияларының (қатысу үлестерінің) 50 және одан да көп проценті осындай өткізу күніне жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылмайтын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкін құраса, осы тармақша қолданылады;

16) өткізу күні Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімдерінде болатын бағалы қағаздарды осы қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін табыстар;

17) бюджет қаражаты есебінен төленетін біржолғы төлемдер (еңбегіне ақы төлеу түріндегі төлемдерден басқа);

18) күнтізбелік жыл ішінде әрбір төлем түрі бойынша тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 8 еселенген мөлшері шегінде медициналық қызмет көрсетулерге (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақы төлеу үшін, бала туылған кездегі, жерлеуге арналған төлемдер.

Көрсетілген табыстар медициналық қызмет көрсетулерді (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) алуды және оларды төлеуге жұмсалған нақты шығыстарды растайтын құжаттар, баланың туу туралы куәлігі, қайтыс болғаны туралы анықтама және қайтыс болғаны туралы куәлік болғанда салық салудан босатылады;

19) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық қызметкерлердің ресми табыстары;

20) шет мемлекеттің мемлекеттік қызметіндегі, сол елдегі табысы салық салуға жататын шетелдіктердің ресми табыстары;

21) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегі дипломатиялық және соларға теңестірілген өкілдіктерінде қызмет істейтін жеке тұлғалардың бюджет қаражаты есебінен шетелдік валютамен төленетін ресми табыстары;

22) Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері;

23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен төленетін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттің сыйлықақысы);

24) осы Кодекстің 155-бабы 3-тармағының 4)-6) тармақшаларында көзделген қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақыларды қоспағанда, жұмыс берушінің қызметкерлерді өндірістік қызметіне байланысты мамандық бойынша оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмсаған шығыстары. Осы тармақшаның мақсаты үшін жұмыс берушінің өндірістік қызметімен байланысты қызметкерлерді мамандық бойынша оқытуға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жұмсалатын шығыстарға:

оқытуға ақы төлеуге жұмсалған нақты шығыстар;

Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар шегінде тұруға жұмсалған нақты шығыстар;

оқуға түскен кезде оқу орнына және оқу аяқталғаннан кейін қайтуға жұмсалған нақты шығыстар жатады;

жұмыс беруші:

қызметкердің Қазақстан Республикасының шегінде оқудан, біліктілігін арттырудан немесе қайта даярлаудан өткен мерзім ішінде - тәулігіне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 6 еселенген мөлшері;

қызметкердің Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде оқудан, біліктілігін арттырудан немесе қайта даярлаудан өткен мерзім ішінде - тәулігіне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 8 еселенген мөлшері шегінде қызметкерге төлеуге арналған ақша сомасы жатады;

25) осы Кодекстің 133-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес жұмсалған, оқытуға бағытталған шығыстар;

26) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер;

27) білім беру ұйымдарында оқитындарға Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік стипендиялар үшін белгіленген мөлшерде төленетін стипендиялар;

28) жеке тұлға басқа жеке тұлғадан сыйға немесе мұраға алған мүліктің құны. Осы тармақшаның ережелері дара кәсіпкердің қызметін жүзеге асыру мақсатында алған мүлкіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалған, жинақтаушы зейнетақы қорлары төлейтін зейнетақы жинақтарына қолданылмайды;

29) қайырымдылық және демеушілік көмек түрінде алынған мүліктің құны;

30) он алты жасқа толмаған балалар үшін балалар лагерьлеріне жолдамалардың құны;

31) осы Кодекстің 175-бабында көзделген табыстарды қоспағанда, шарттың қолданылу кезеңінде басталған сақтандыру оқиғасымен байланысты, сақтандырудың кез келген түрі кезінде төленетін сақтандыру төлемдері;

32) жұмыс беруші өз қызметкерлеріне міндетті және (немесе) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша төлейтін сақтандыру сыйлықақылары;

33) сақтандырылушы қайтыс болған жағдайда жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;

34) жинақтаушы зейнетақы қорларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшердегі ерікті кәсіби зейнетақы жарналары;

35) қызметкер өз жұмыс берушісінен алған қарыз (кредиттік) қаражатты пайдаланғаны үшін сыйақыны үнемдеуден түсетін материалдық пайда;

36) сенімгерлікпен басқарушы болып табылатын резидент жеке тұлғадан алынған, сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табысы;

37) банк пен клиент арасында жасалған шартта белгіленген процентсіз кезең ішінде төлем карточкасын ұстаушыға банктік қарыз берілген кезде алынған, сыйақыны үнемдеуден түсетін материалдық пайда;

38) эмитент банк төлем карточкасын пайдалана отырып, қолма-қол жасалмайтын ақша төлемдерін жүзеге асырған кезде эмитент банктің қаражаты есебінен төлем карточкасын ұстаушының есебіне жатқызылатын сома;

39) осы Кодекстің 224-бабының 1-тармағында көрсетілген резидент емес заңды тұлғадан алынған, пайдадан немесе оның бір бөлігінен бөлінген, осы Кодекстің 224-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы жеке табыс салығы салынған дивидендтер.

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 40) тармақшамен толықтырылды

40) ислам банкінде орналастырылған инвестициялық депозит бойынша табыс.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген І, ІІ және ІІІ топтардағы мүгедектерді салық салудан босату мүгедектік белгіленген айдан басталған кезең ішінде алынған табыстар бойынша беріледі.

 

157-бап. Жылдық жиынтық табыстың салық салынбайтын мөлшері

Дара кәсіпкерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеу мақсатында салық салуға жататын табыстың жеке табыс салығы салынбайтын мөлшерін жеке тұлға үшін күнтізбелік жылда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері құрайды.

 

158-бап. Салық ставкалары

1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген табыстарды қоспағанда, салық төлеушінің табыстарына 10 проценттік ставка бойынша салық салынады.

2. Қазақстан Республикасындағы және одан тысқары жерлердегі көздерден алынған дивидендтер түріндегі табыстарға 5 проценттік ставка бойынша салық салынады.

 

159-бап. Салық кезеңі

1. Салық агенттерінің төлем көзінен салық салынатын табыстардан жеке табыс салығын есептеуі үшін күнтізбелік ай салық кезеңі болып табылады.

2. Төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан жеке табыс салығын есептеу үшін салық кезеңі осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалады.

 

19-тарау. ТӨЛЕМ КӨЗІНЕН САЛЫҚ САЛЫНАТЫН ТАБЫСТАР

 

160-бап. Төлем көзінен салық салынатын табыстар

Төлем көзінен салық салынатын табыстарға табыстардың мынадай түрлері жатады:

1) қызметкердің табысы;

2) жеке тұлғаның салық агентінен түсетін табыстары;

3) жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы төлемдері;

4) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыс;

5) стипендиялар;

6) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс.

 

161-бап. Салықты есептеу, ұстау және төлеу

1. Жеке табыс салығын есептеуді салық агенті төлем көзінен салық салынатын табыстар бойынша, салық салуға жататын табысты есебіне жазу кезінде жүргізеді.

2. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке табыс салығын ұстауды салық агенті төлем көзінен салық салынатын табысты төлеу күнінен кешіктірмей жүргізеді.

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

3. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, салық агенті төленген табыстар бойынша жеке табыс салығын аударуды төлем айынан кейінгі айдың 25-іне дейін өзі орналасқан жері бойынша жүзеге асырады.

Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша оның құрылымдық бөлімшелері салық агенттері ретінде қаралуы мүмкін.

Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша салық агенттері болып танылған құрылымдық бөлімшелер осы Кодекстің 12-бөлімінің мақсаттары үшін әлеуметтік салықты дербес төлеушілер болып танылады.

Салық агентінің құрылымдық бөлімшелері бойынша салық төлеу тиісті бюджеттерге құрылымдық бөлімшелер орналасқан жер бойынша жүргізіледі.

4. Депозитарлық қолхаттар бойынша табыстардан салықты есептеуді және ұстауды осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті жүргізеді.

5. Оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері және шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын салық агенттерінің жеке табыс салығын төлеу мерзімдері осы Кодекстің 438 және 446-баптарында белгіленген.

 

162-бап. Жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация

1. Қазақстан Республикасының резиденттері жеке тұлғалардан жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардан жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей, салық төленетін жердегі салық органдарына табыс етеді.

2. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін және оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдерін қолданатын салық агенттері осы режимдер қолданылатын қызмет бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларация табыс етпейді.

 

§ 1. Қызметкердің табысы

 

163-бап. Қызметкердің табысы

1. Қызметкердің төлем көзінен салық салынатын табысы осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, жұмыс беруші қызметкердің есебіне жазған, салық салуға жататын табыстары мен осы Кодекстің 166-бабында көзделген салық шегерімдерінің сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады.

2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қызметкер жұмыс берушіден ақшалай немесе заттай нысанда алған кез келген табыстар, оның ішінде материалдық пайда түрінде алынған табыстар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші және үшінші тұлғалар арасында жасалған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қызметкер алған, осы Кодекстің 164, 165-баптарында көрсетілген табыстар қызметкердің салық салуға жататын табыстары болып табылады.

3. Мыналар қызметкердің салық салуға жататын табыстары болып табылмайды:

1) жинақтаушы зейнетақы қорларынан алынатын зейнетақы төлемдері;

2) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыс;

3) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс;

4) осы Кодекстің 177-бабында айқындалған, төлем көзінен салық салынбайтын табыстар;

5) қызметкерлерге олардан сатып алынған жеке мүлкі үшін төлемдер;

6) жұмыс берушіден алынған кредиттерді (қарыздарды, микрокредиттерді) пайдаланғаны үшін проценттерді үнемдеуден түсетін материалдық пайда.

 

164-бап. Қызметкердің заттай нысандағы табысы

1. Қызметкердің салық салуға жататын, ол заттай нысанда алған табысына:

1) еңбегіне заттай нысанда ақы төлеу;

2) жұмыс берушіден өтеусіз негізде алынған мүліктің құны. Өтеусіз орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны осындай жұмыстарды орындаумен, қызметтер көрсетумен байланысты шеккен шығыстар мөлшерінде айқындалады;

3) қызметкер үшінші тұлғалардан алған тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құнын жұмыс берушінің төлеуі кіреді.

2. Қосылған құн салығының тиісті сомасын және акциздерді қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны қызметкердің салық салуға жататын, оның заттай нысанда алған табысы болып табылады.

 

165-бап. Қызметкердің материалдық пайда түріндегі

табысы

Қызметкердің салық салуға жататын, материалдық пайда түрінде алған табысына:

1) қызметкерге өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны мен осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырма;

2) жұмыс берушінің шешімі бойынша қызметкердің оның алдындағы қарызының немесе міндеттемесінің сомасын есептен шығару;

3) жұмыс берушінің өз қызметкерлерінің сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге жұмсаған шығыстары;

4) қызметкердің жұмыс берушінің қызметіне байланысты емес шығындарын өтеуге жұмыс берушінің жұмсаған шығыстары кіреді.

 

166-бап. Салық шегерімдері

1. Қызметкердің төлем көзінен салық салынатын табысын анықтау кезінде төлемдердің кезеңділігіне қарамастан, күнтізбелік жыл ішіндегі әрбір ай үшін мынадай салық шегерімдері қолданылады:

1) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақы мөлшеріндегі, табыс есебіне жазылатын тиісті айдағы сома. Бір жылдағы салық шегерімінің жалпы сомасы осы Кодекстің 157-бабында белгіленген жылдық жиынтық табыстың салық салынбайтын мөлшерінің сомасынан аспауға тиіс;

2) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген мөлшердегі міндетті зейнетақы жарналарының сомасы;

3) өз пайдасына енгізілетін ерікті зейнетақы жарналарының сомасы;

4) жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықақыларының сомасы;

5) Қазақстан Республикасының резиденті жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге тұрғын үй құрылыс жинақ банктерінен алған қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге бағытталған сомалар;

6) осы баптың 6-тармағында белгіленген мөлшерде және шарттарда медициналық қызметтерге (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар.

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

2. Егер осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген салық шегерімінің сомасы осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, салық салуға жататын, міндетті зейнетақы жарналарының сомасына азайтылған, қызметкердің бір айға айқындалған табысының сомасынан асып кетсе, онда асып кеткен сома қызметкердің салық салынатын табысын азайту үшін күнтізбелік жыл шегінде келесі айларға рет-ретімен ауыстырылады.

Салық кезеңі ішінде жұмыс орны өзгерген жағдайда осы тармақтың ережелері қызметкердің жаңа жұмыс орны бойынша қолданылмайды.

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

3. Егер жеке тұлға бір ай ішінде күнтізбелік он алты күннен аз уақыт қызметкер болса, онда қызметкердің табысын айқындау кезінде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес салық шегерімі жүргізілмейді.

4. Осы баптың 1-тармағының 1), 3) - 6) тармақшаларына сәйкес салық шегерімі құқығы салық төлеушіге өзі берген өтініштің негізінде, жұмыс берушілердің біреуінен ғана алатын табыстары бойынша беріледі.

5. Осы баптың 1-тармағының 3) - 5) тармақшаларында белгіленген салық шегерімі құқығы тиісті құжаттар:

1) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт және ерікті зейнетақы жарналарын төлегенін растайтын құжат;

сақтандыру шарты және сақтандыру сыйлықақыларын төлегенін растайтын құжат;

3) тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жүргізуге арналған банктік қарыз шарты және аталған қарыз бойынша сыйақылардың өтелгенін растайтын құжат болған кезде беріледі.

6. Егер:

1) күнтізбелік бір жылдағы салық шегерімінің жалпы сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 8 еселенген мөлшерінен аспаса;

2) қызметкер медициналық қызметтер (косметологиялық қызмет көрсетуден басқа) алғанын және оларды төлеуге арналған нақты шығыстарды растайтын құжаттарды табыс етсе;

3) осындай шығыстар бойынша осы Кодекстің 156-бабының 1-тармағы 18) тармақшасының ережелері қолданылмаса, салық төлеушіге осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасында белгіленген салық шегерімін жасау құқығы беріледі.

 

167-бап. Салықты есептеу және ұстау

Қызметкердің төлем көзінен салық салынатын табысына жеке табыс салығының сомасы қызметкердің осы Кодекстің 163-бабына сәйкес айқындалатын, төлем көзінен салық салынатын табысының сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен есептеледі.

 

§ 2. Жеке тұлғаның салық агентінен алатын табысы

 

168-бап. Жеке тұлғаның салық агентінен алатын табысы

1. Жеке тұлғаның салық агентінен алған, төлем көзінен салық салынатын табысы осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, жеке тұлғаның салық агентінен алған, салық салуға жататын табысы ретінде айқындалады.

Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар:

1) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық агентімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыстары;

2) жеке тұлғаларға төлемдер жеке тұлғаның салық агентінен алған, салық салуға жататын табысы болып табылады.

2. Осы баптың мақсаты үшін мыналар салық салуға жататын табысқа жатқызылмайды:

1) осы Кодекстің 177-бабында айқындалған, төлем көзінен салық салынбайтын табыстар;

2) жеке тұлғаларға олардан жеке мүлкін сатып алғаны үшін төлемдер;

3) осы Кодекстің 160-бабының 1) және 3) - 6) тармақшаларында көрсетілген табыстар;

4) заңды тұлғалардан және дара кәсіпкерлерден алынған кредиттерді (қарыздарды, микрокредиттерді) пайдаланғаны үшін проценттерді үнемдеуден түсетін материалдық пайда.

 

169-бап. Салық сомасын есептеу

Жеке табыс салығының сомасы жеке тұлғаның салық агенттерінен алатын, осы Кодекстің 168-бабына сәйкес айқындалатын, төлем көзінен салық салынатын табысының сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен есептеледі.

 

§ 3. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы төлемдері

 

170-бап. Зейнетақы төлемдері

1. Зейнетақы төлемдері түріндегі, төлем көзінен салық салынатын табыс осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, салық салуға жататын, осы бапта көзделген салық шегерімдері сомасына азайтылған зейнетақы төлемдері түріндегі табыс ретінде айқындалады.

Жинақтаушы зейнетақы қорлары:

1) салық төлеушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті кәсіби жарналар, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарына сәйкес ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан. Осы тармақшада көзделген төлемдер бойынша, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, төлем көзінен салық салынатын зейнетақы төлемдері түріндегі табысты айқындау кезінде төлемдерді жүзеге асырудың кезеңділігіне қарамастан, табысты есебіне жазудың әрбір айы үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төмен жалақы мөлшері сомасында салық шегерімі қолданылады;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасына жеткен және Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға шығатын немесе шыққан Қазақстан Республикасының резиденті жеке тұлғаларына. Осы тармақшада көзделген төлемдер бойынша төлем көзінен салық салынатын зейнетақы төлемдері түріндегі табысты айқындау кезінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінде салық шегерімі қолданылады;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасына жетпеген және Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға шығатын немесе шыққан Қазақстан Республикасының резиденті жеке тұлғаларына;