(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

Осы Кодекстің 100-бабының 11-тармағына сәйкес алынған мүліктің, оның ішінде жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны өтеусіз алынған мүлік деп танылмайды.

 

97-бап. Әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған табыс

1. Әлеуметтік сала объектілеріне осы бапта көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын, салық төлеушіге меншік құқығында тиесілі мүлік жатады.

2. Салық төлеушінің жылдық жиынтық табысына мынадай қызмет түрлерін:

1) медициналық қызметті;

2) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру; қосымша білім беру саласындағы қызметті;

3) ғылым, дене тәрбиесі және спорт, мәдениет саласындағы, тарихи-мәдени мұраларды, мұрағат құндылықтарын сақтау жөнінде қызметтер көрсету саласындағы қызметті;

4) қызметкерлердің, олардың отбасы мүшелерінің, өзара байланысты тұлғалар қызметкерлерінің және отбасы мүшелерінің демалысын ұйымдастыру, сондай-ақ тұрғын үй қорының объектілерін пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынуға жататын (алынған) табыстардың іс жүзінде келтірілген шығыстардан асып кетуі енгізіледі.

3. Қызметкерлердің қоғамдық тамақтануын, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды, балаларды, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде алынған табыстар жылдық жиынтық табысқа енгізілуге жатады.

 

98-бап. Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс (залал)

1. Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан түсетін табыс кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша өткізілу құны мен берілетін міндеттемелердің өткізілген күнгі бухгалтерлік есеп деректері бойынша баланстық құнына азайтылған, берілетін активтердің баланстық құны арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.

2. Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан шегетін залал кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатып алу-сату шарты бойынша өткізілу құны мен берілетін міндеттемелердің өткізілген күнгі бухгалтерлік есеп деректері бойынша баланстық құнына азайтылған, берілетін активтердің баланстық құны арасындағы теріс айырма ретінде айқындалады.

Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сатудан шегетін залалды ауыстыру осы Кодекстің 137-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

99-бап. Жылдық жиынтық табысты түзету

1. Салық төлеушілердің жылдық жиынтық табысынан:

1) тәуекелдік инвестициялаудың жабық пайлық инвестициялық қорлары мен тәуекелдік инвестициялаудың акционерлік инвестициялық қорлары төлейтінді қоспағанда, дивидендтер;

2) жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым алған банктердің міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарының сомасы;

3) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры алған сақтандыру ұйымдарының міндетті, қосымша және төтенше жарналарының сомасы;

4) жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым мен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры өздерінің өтелген депозиттер мен төленген кепілдікті және өтемақылық төлемдер бойынша талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алған ақша сомасы;

5) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және жеке зейнетақы шоттарына бағытталған инвестициялық табыстар;

6) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес алынған және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық табыстар;

7) Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заңнамасына сәйкес пайлық және акционерлік инвестициялық қорлар кастодиандардағы шоттарға алған және соларда болатын инвестициялық табыстар;

8) Қазақстан Республикасының секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес секьюритилендіру мәмілесі бойынша арнайы қаржы компаниясы алған, борышты талап ету құқығын басқаға беруден алынған табыстар;

9) мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушы алатын (алынуға жататын), мүлікті сенімгерлікпен басқарудан түсетін таза табыс;

10) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры мақта өңдеу ұйымдарынан алатын жыл сайынғы міндетті жарналардың сомасы;

11) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қоры астық қабылдау кәсіпорындарынан алатын жыл сайынғы міндетті жарналардың сомасы;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)

12) мақта (астық) қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры кепілдік төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі талаптарды қанағаттандыру тәртібімен алатын ақша сомасы;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 13) тармақшамен толықтырылды

13) инвестициялық депозиттер түрінде алынған ақшаны басқару процесінде ислам банкі алған, осы инвестициялық депозиттер депозиторларының шоттарына арналған және соларда болатын табыстар алып тасталуға жатады. Мұндай табыстарға ислам банкінің сыйақылары қосылмайды;

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 14) тармақшамен толықтырылды

14) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылған ислам арнайы қаржылық компаниясы алған борышты талап ету құқығын беруден түсетін табыстар алып тасталуға жатады.

2. Тауарлық-материалдық қорларды бағалаудың салық төлеуші осының алдындағы салық кезеңінде қолданған әдісінен өзге әдіске ауысқан кезде салық төлеушінің жылдық жиынтық табысы бағалаудың жаңа әдісін қолдану нәтижесінде түзілген оң айырма сомасына ұлғайтылуға және теріс айырма сомасына азайтылуға жатады.

Салық төлеуші тауарлық-материалдық қорларды бағалаудың өзге әдісіне ауысуды салық кезеңінің басынан бастап жүргізеді.

 

§ 2. Шегерімдер

 

100-бап. Шегерімдер

1. Осы Кодекске сәйкес шегерімге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық төлеушінің табыс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстары салық салынатын табысты айқындау кезінде шегерімге жатады.

2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда шегерімге жатқызылған шығыстардың мөлшері белгіленген нормалардан аспауға тиіс.

3. Шегерімдерді салық төлеуші өзінің табыс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстарды растайтын құжаттары болған кезде жүргізеді. Бұл шығыстар, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақтағы кезеңдердің шығыстарын қоспағанда, олар іс жүзінде жүргізілген салық кезеңінде шегерімге жатады.

Болашақтағы кезеңдердің шығыстары олар қатысты болатын салық кезеңінде шегерімге жатады.

4. Табиғи монополия субъектілері шеккен ысыраптар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген нормалар шегінде шегерімге жатады.

5. Егер шығыстардың бір және сол түрі шығыстардың бірнеше баптарында көзделсе, онда көрсетілген шығыстар салық салынатын табыстың есеп-қисабы кезінде бір-ақ рет шегеріледі.

6. Егер осы Кодекстің 103, 115-баптарында өзгеше белгіленбесе, таңылған немесе танылған айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыптары шегерімге жатады.

7. Құрылысқа алынған, құрылыс кезеңінде есепке жазылған кредиттер (қарыздар) үшін сыйақылар құрылыс объектісінің құнына енгізіледі.

8. Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі салықтық есепке алуды жүргізген жағдайда бірлескен қызмет немесе оның бір бөлігі бойынша шығыстарды шегерімге жатқызу осындай өкіл табыс еткен мәліметтердің негізінде жүзеге асырылады.

9. Салық төлеушінің құрылысқа, тіркелген активтерді сатып алуға арналған шығындары және капитал сипатындағы басқа да шығындар осы Кодекстің 116-125-баптарына сәйкес шегерімге жатқызылады.

10. Осы Кодекстің 97-бабының 3-тармағында көрсетілген әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде шеккен шығыстар шегерімге жатқызылуға жатады.

11. Егер мәміле талаптарында салық төлеушінің өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер сапасына кепілдік беруі көзделсе, онда салық төлеушінің мәміледе белгіленген кепілдік беру мерзімі ішінде өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің кемшіліктерін жою жөнінде жүргізген іс жүзіндегі шығыстарының сомасы осы Кодекске сәйкес шегерімге жатқызылуға жатады.

12. Осы Кодекстің 260-бабына сәйкес қосылған құн салығы жөніндегі декларацияның деректері бойынша есепке жатқызылуға жатпайтын қосылған құн салығы шегерімге жатқызылуға жатады.

Қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген, қосылған құн салығы бойынша салық кезеңін қамтитын салық кезеңінде шегерім жүргізіледі.

13. Салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркелу есебінен шығару кезінде есепке жатқызылуға жататын қосылған құн салығы сомасының есепке жазылған қосылған құн салығының 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан, қосылған құн салығы бойынша алдағы төлемдер шотына есепке жатқызылмаған, нөлдік ставкамен салық салынатын айналымдар бойынша қайтаруға ұсынылмаған сомасынан асып кетуі осы Кодекстің 230-баптың 2-тармағында көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін шегерімге жатқызылуға жатады.

14. «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес салық төлеуші жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігіне, қызметкерлердің жыл ішіндегі орташа тізімдік санына сүйене отырып, бір қызметкерге тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш шегінде төлеген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүшелік жарналары шегерімге жатады.

15. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, төленуге жататыннан (төленгеннен) басқа, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын қолдану кезінде бухгалтерлік есепте активтердің және (немесе) міндеттемелердің өзгеруіне байланысты туындайтын шығыс, салық салу мақсатында шығыс ретінде қарастырылмайды.

16. Туынды қаржы құралдары жөніндегі шығыстар осы Кодекстің ережелеріне сәйкес ескеріледі.

17. Егер сенімгерлікпен басқарушыға мүлікті сенімгерлікпен басқаруды құру туралы актімен мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысы немесе пайда алушы үшін салық міндеттемесін орындау жүктелсе, мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының немесе сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының шығыстары, осы бөлімнің мақсатында осы сенімгерлікпен басқарушының шығыстарына қосылады.

18. Салық төлеушінің осы Кодекстің 131 және 132-баптарына сәйкес шегерімдерді түзетуге құқығы бар.

 

101-бап. Қызметтік іссапарлар кезінде өтемақылар сомасының шегерімі

Қызметтік іссапарлар кезінде шегерімге жататын өтемақыларға:

1) жол жүру мен броньға (оның ішінде құнының төлену фактісін растайтын құжат болған кезде электрондық билетке) жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттар негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, іссапарға баратын жерге жетуге және кері қайтуға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;

2) тұрғын үй-жайды жалдауға және броньға жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, броньға жұмсалған шығыстардың төлемақысын қоса алғанда, тұрғын үй-жайды жалдауға іс жүзінде жүргізілген шығыстар;

3) қызметкерге іссапарда болған уақытта салық төлеушінің шешімі бойынша белгіленген мөлшерде төленетін тәулікақы жатады.

Іссапарда болу уақыты:

жұмыс берушінің қызметкерді іссапарға жіберу туралы жазбаша өкімі;

жол жүруді растайтын құжаттарда көрсетілген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін негізге ала отырып іссапар күндерінің саны негізінде айқындалады. Мұндай құжаттар болмаған кезде іссапар күндерінің саны салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатында көзделген, іссапар орнына кету күні мен кері қайтып келу күнін растайтын басқа да құжаттар негізге алына отырып айқындалады;

4) салық төлеуші келу визасын ресімдеген кезде жүргізген шығыстар (визаның, консулдық қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құны) келу визасын ресімдеуге арналған шығыстарды (визаның, консулдық қызметтердің, міндетті медициналық сақтандырудың құнын) растайтын құжаттар негізінде айқындалады.

 

102-бап. Өкілдік шығыстар сомасының шегерімі

1. Өкілдік шығыстарға мынадай:

1) өзара ынтымақтастықты орнату немесе қолдау мақсатында;

2) салық төлеушінің атқарушы органдарынан басқа, директорлар кеңесінің, өзге басқару органының отырыстарын ұйымдастыру және өткізу мақсатында, көрсетілген іс-шаралардың өткізілу орнына қарамай жүргізілетін, тұлғаларды, оның ішінде салық төлеушінің штатында тұрмайтын жеке тұлғаларды қабылдау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстар жатады.

Өкілдік шығыстарға аталған тұлғаларды көлікпен қамтамасыз етуге, келіссөздер уақытында тамаққа, ұйымның штатында тұрмайтын аудармашылар көрсететін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстар да жатады.

Бос уақытты, көңіл көтеруді немесе демалысты ұйымдастыруға арналған шығыстар өкілдік шығыстарға жатпайды және олар шегерімге жатпайды.

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

2. Өкілдік шығыстар осы Кодекстің 163-баптың 2-тармағында көрсетілген салық салуға жататын қызметкердің табыстары бойынша жұмыс берушінің шығыстар сомасының 1 процентінен аспайтын мөлшерде, өкілдік шығыстардың сомасы есептелмей, шегерімге жатқызылады.

 

103-бап. Сыйақы бойынша шегерімдер

1. Сыйақы шегерімі осы баптың ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

Осы баптың мақсатына орай мыналар сыйақылар болып танылады:

1) осы Кодекстің 12-бабында айқындалған сыйақылар;

2) өзара байланысты тараптар арасындағы кредит (қарыз) шарты бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);

3) өзара байланысты тарапқа кепілдік үшін төлемақы.

2. Сыйақыны шегеру мынадай формула бойынша есептелетін сома шегінде жүргізіледі:

(А+Д)+(ЖК/МС)*(ШК)*(Б+В+Г),

мұнда:

А - Б, В, Г, Д көрсеткіштеріне енгізілген соманы қоспағанда, осы баптың 1-тармағында айқындалған сыйақы сомасы;

Б - Д көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, өзара байланысты тарапқа төленетін сыйақы сомасы;

В - Б көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, осы Кодекстің 224-бабына сәйкес айқындалатын жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаларға төленетін сыйақы сомасы;

Г - В көрсеткішіне енгізілген соманы қоспағанда, кепілдіктерді, кепілгерлікті немесе қамтамасыз етудің өзге нысанын орындаған жағдайда депозитке немесе қамтамасыз етілген кепілдікке, кепілгерлікке немесе өзара байланысты тараптардың қамтамасыз етуінің өзге нысанына берілген қарыздар бойынша тәуелсіз тарапқа төленетін сыйақы сомасы;

Д - Қазақстан Республикасында құрылған кредиттік серіктестік беретін кредиттер (қарыздар) үшін сыйақы сомасы;

ШК - шекті коэффициент;

ЖК - жеке капиталдың орташа жылдық сомасы;

МС - міндеттемелердің орташа жылдық сомасы.

А, Б, В, Г, Д сомаларын есептеу кезінде құрылысқа алынған және құрылыс кезеңіне есепке жазылған сыйақылар алып тасталады.

Өзара байланысты болып табылмайтын тарап осы баптың мақсатына орай тәуелсіз тарап деп танылады.

3. Осы баптың 2-тармағының мақсатына орай:

1) жеке капиталдың орташа жылдық сомасы есепті салық кезеңінің әрбір айының соңындағы жеке капиталдың орташа арифметикалық сомасына тең;

2) міндеттемелердің орташа жылдық сомасы есепті салық кезеңінің әрбір айындағы міндеттемелердің орташа арифметикалық ең көп сомасына тең. Міндеттемелердің орташа жылдық сомасын есептеу кезінде мыналар:

салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;

қызметкерлердің жалақысы және өзге де табыстары;

өзара байланысты тараптан алынатын табыстарды қоспағанда, болашақ кезеңдердің табыстары;

сыйақылар мен комиссиялар;

дивидендтер бойынша есепке жазылған міндеттемелер есеп-қисапқа алынбайды;

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңнын 14 бабына сәйкес 103-бабы 3 тармағы 3) тармақшасының қолданылуы 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын

3) шекті коэффицент қаржылық ұйымдар үшін - 7-ге, өзге заңды тұлғалар үшін 4-ке тең.

4. Резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің жеке капиталының сомасы осы баптың 2-тармағының мақсатына орай осы тұрақты мекеменің активтері мен міндеттемелері арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Бұл ретте, резидент емес заңды тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің жеке капиталының сомасы осы тармақтың қолданылу мақсатына орай осы тұрақты мекеме оқшауландырылған және жеке заңды тұлға болғандай және өзі тұрақты мекемесі болып табылатын резидент емес заңды тұлғадан тәуелсіз әрекет ететіндей түрде қарастырылады.

 

104-бап. Төленген күмәнді міндеттемелер бойынша шегерім

Егер салық төлеуші бұрын табыс деп танылған күмәнді міндеттемелерді кредит берушіге төлесе, онда жүргізілген төлемнің шамасында шегерім жасауға жол беріледі. Мұндай шегерім төлем жасалған салық кезеңінде бұрын табысқа жатқызылған шама шегінде жүргізіледі.

Осы бапта көзделген шегерімдерге жатқызу тәртібі осы Кодекстің 88-бабына сәйкес бұрын табыс деп танылған міндеттемелерді төлеген жағдайда да қолданылады.

 

105-бап. Күмәнді талаптар бойынша шегерім

1. Күмәнді талаптар деп заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге, сондай-ақ тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету нәтижесінде туындаған және туындаған кезден бастап үш жыл ішінде қанағаттандырылмаған талаптар танылады. Өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша туындаған және салық төлеуші-дебиторды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп тануға байланысты қанағаттандырылмаған талаптар да күмәнді талаптар болып танылады.

2. Осы Кодекске сәйкес күмәнді деп танылған талаптар шегерімге жатады.

Салық төлеушінің күмәнді талаптарды шегерімге жатқызуы бір мезгілде мынадай талаптар сақталған кезде жүргізіледі:

1) талаптар туындауын растайтын құжаттардың болуы;

2) шегерімдерге жатқызу кезіне бухгалтерлік есепте талаптардың көрсетілуі не осындай талаптарды алдыңғы кезеңдердегі бухгалтерлік есептегі шығыстарға (есептен шығаруға) жатқызу.

3. Дебитор банкрот деп танылған жағдайда, осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, оған қосымша конкурстық іс жүргізудің аяқталғаны туралы сот ұйғарымы көшірмесінің болуы қажет. Салық төлеуші жоғарыда көрсетілген шарттар сақталған кезде, конкурстық іс жүргізу аяқталғаны туралы сот ұйғарымы күшіне енген салық кезеңінің қорытындылары бойынша күмәнді талаптың сомасын шегерімге жатқызуға құқылы.

4. Күмәнді талаптар бұрын тауарлар өткізуден, жұмыстар орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табыс деп танылған табыстың мөлшері шегінде шегерімге жатқызылады.

 

2009.13.02. № 135-ІV ҚР Заңымен 106-баб редакцияда жазылды (бұр.ред.қара)

106-бап. Резервтік қорларға аударымдар бойынша шегерімдер

1. Банктер және лицензия негізінде банктік қарыз операцияларын жүргізуге арналған банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар өзара байланысты тұлғалардың пайдасына не өзара байланысты тұлғалардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді қоспағанда (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа), мынадай күмәнді және үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:

1) басқа банктерде орналастырылған корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;

2) басқа банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);

3) құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;

4) өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.

Активтер мен шартты міндеттемелерді күмәнді және үмітсіз санатқа жатқызу тәртібін уәкілетті органмен келісе отырып қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

2008.10.12  № 100-IV ҚР Заңнын 23-бабына сәйкес 106-бабы 2 тармағының қолданылуы 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын

2. Сақтандыру, қайта сақтандыру ұйымдарының сақтандыру, қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру резервтерін құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар. Сақтандыру резервтерін құру тәртібін уәкілетті органмен келісім бойынша қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

3. Микрокредиттік ұйымдардың салық кезеңінің ішінде берілген микрокредиттер сомасының 15 процентінен аспайтын мөлшерде өзара байланысты тараптардың пайдасына не өзара байланысты тараптардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген микрокредиттер мен микрокредиттер бойынша шартты міндеттемелерді қоспағанда, күмәнді және үмітсіз микрокредиттерге, берілген микрокредиттер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы резервтерді құру жөніндегі шығыстардың сомасын шегеруге құқығы бар.

Микрокредиттерді және берілген микрокредиттер бойынша шартты міндеттемелерді күмәнді және үмітсіздер санаттарына жатқызу тәртібі, сондай-ақ резервтерді құру тәртібі микрокредиттік ұйымның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген есепке алу саясатында айқындалады.

4. Ұлттық басқарушы холдингтің, сондай-ақ негізгі қызмет түрі қарыз операцияларын жүзеге асыру немесе талап құқықтарын сатып алу болып табылатын және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз проценті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалардың өзара байланысты тұлғалардың пайдасына не өзара байланысты тұлғалардың міндеттемелері бойынша үшінші тұлғаларға берілген активтер мен шартты міндеттемелерді (кредиттік серіктестіктердің активтері мен шартты міндеттемелерінен басқа) қоспағанда, мынадай күмәнді және үмітсіз активтерге, шартты міндеттемелерге:

банктерде орналастырылған корреспонденттік шоттардағы қалдықтарды қоса алғанда, депозиттерге;

банктер мен клиенттерге берілген кредиттерге (қаржы лизингін қоспағанда);

құжаттық есеп-қисаптар мен кепілдіктер бойынша дебиторлық берешекке;

өтелмеген аккредитивтер, шығарылған немесе расталған кепілдіктер бойынша шартты міндеттемелерге қарсы провизиялар (резервтер) құру жөніндегі шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар.

Активтер мен шартты міндеттемелерді күмәнді және үмітсіз санатқа жатқызу тәртібін, сондай-ақ осы тармақта көрсетілген заңды тұлғалардың тізбесін және осындай тізбені қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Осы тармақтың ережелері осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген салық төлеушілерге қолданылмайды.

 

107-бап. Кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға арналған шығыстар бойынша шегерімдер және салдарды жою қорларына аударымдар сомасының шегерімдері

1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы жылдық жиынтық табыстан салдарды жою қорына аударымдар сомасын шегеруге құқығы бар. Көрсетілген шегерімге жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген банктегі арнаулы депозиттік шотқа іс жүзінде жүргізген аударымдардың мөлшерінде жол беріледі.

Салдарды жою қорына аударымдардың мөлшері мен тәртібі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленеді.

Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының салдарды жою қорының қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісін анықтаған жағдайда мақсатсыз пайдаланылған қаражат сомасы оған жол берілген немесе ол анықталған және жойылмаған және осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімінен асып кеткенде, жер қойынауын пайдаланушының сол салық кезеңіндегі жылдық жиынтық табысына енгізілуге жатады.

2. Жер қойнауын пайдаланушының салық кезеңі ішінде кен орындарын әзірлеу салдарын жоюға іс жүзінде шеккен шығыстары, салдарды жою қорының шартты депозиттік арнайы шотта орналастырылған қаражаты есебінен жүргізілген шығыстарды қоспағанда, сол шығыстарды шеккен салық кезеңінде шегерімге жатады.

3. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген екінші деңгейдегі банктегі арнайы депозиттік шотқа аударылған, қалдықтарды орналастыру полигондарын жою қорына аударымдардың сомасын жылдық жиынтық табыстан шегеруге құқығы бар.