(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалған зейнетақы жинақтары түрінде жеке тұлғаларға жүзеге асырылатын төлемдер салық салуға жататын зейнетақы төлемдері түріндегі табысқа жатады.

2. Салымшы міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті кәсіби зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін бір айдың ішінде бір мезгілде алған жағдайда, төлемдерді жүзеге асырудың кезеңділігіне қарамастан, табысты есебіне жазудың әрбір айы үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төменгі жалақы мөлшері сомасында салық шегерімі қолданылады. Бұл ретте төлем көзінен салық салынатын зейнетақы төлемдері түріндегі табысты айқындау үшін осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, салық салуға жататын зейнетақы төлемдері түріндегі табыстың жалпы сомасы салық шегерімі сомасына азайтылады. Көрсетілген салық шегерімін салық төлеуші салық шегерімін қолдану үшін өтініш табыс еткен жинақтаушы зейнетақы қорларының бірі жүргізеді.

 

171-бап. Салық сомасын есептеу

Жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстің 170-бабына сәйкес айқындалатын, төлем көзінен салық салынатын, зейнетақы төлемдері түріндегі табыстың сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен есептеледі.

 

§ 4. Дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыс

 

172-бап. Салық сомасын есептеу

1. Жеке табыс салығының сомасы төлем көзінен салық салынатын, дивидендтер, сыйақылар мен ұтыстар түріндегі есебіне жазылған табыс сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1 және 2-тармақтарында белгіленген ставкаларды қолдану жолымен есептеледі.

Салық агенті дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрінде төлейтін, осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, салық салуға жататын табыс төлем көзінен салық салынатын, дивидендтер, сыйақылар мен ұтыстар түріндегі табыс болып табылады.

Осы бөлімнің мақсаты үшін сенімгерлікпен басқару шарты бойынша сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының не сенімгерлікпен басқару туындайтын өзге жағдайларда пайда алушының сенімгерлікпен басқарудан түсетін, сенімгерлікпен басқарушы болып табылатын заңды тұлғадан алған таза табысы да дивидендтерге жатады.

2. Ұтысты, сыйақыны төлеу кезінде ұсталған жеке табыс салығының сомасы төлем көзінен осы салықтың ұсталғанын растайтын құжаттар болған кезде салықтарды есептеу мен төлеуді осы Кодекстің 178 және 179-баптарында белгіленген тәртіппен жүзеге асыратын дара кәсіпкер салық кезеңі үшін есептеген жеке табыс салығының есебіне жатқызылады.

 

§ 5. Стипендиялар

 

173-бап. Стипендиялар

Төлем көзінен салық салынатын стипендия түріндегі табыс осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, салық салуға жататын стипендия түріндегі табыс ретінде айқындалады.

Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салық агенті:

білім беру ұйымдарында оқитындарға;

мәдениет, ғылым қайраткерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне және басқа да жеке тұлғаларға төлеуге арналған ақша сомасы салық салуға жататын стипендия түріндегі табыс болып табылады.

Осы Кодекстің 160-бабының 1) - 4) және 6) тармақшаларында көзделген табыстар салық салуға жататын стипендия түріндегі табыстар болып табылмайды.

 

174-бап. Салық сомасын есептеу

Жеке табыс салығының сомасы төлем көзінен салық салынатын стипендия түріндегі табыс сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен есептеледі.

 

§ 6. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс

 

175-бап. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс

1. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша, төлем көзінен салық салынатын табыс осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, салық салуға жататын жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс пен осы бапта көзделген жағдайларда және мөлшерде салық шегерімі арасындағы айырма ретінде айқындалады.

2. Салық салуға жататын жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс:

1) сақтандыру сыйлықақылары мыналардың:

жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебінен. Осындай төлемдер бойынша жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша төлем көзінен салық салынатын табысты айқындау кезінде төлемдерді жүзеге асырудың кезеңділігіне қарамастан, табысты есебіне жазудың әрбір айы үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төменгі жалақы мөлшері сомасында салық шегерімі қолданылады;

жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықақылары есебінен;

жұмыс берушінің жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша қызметкердің пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықтары есебінен төленген сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері;

2) осындай шарттар мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайларда төленетін құнын төлеп сатып алу сомалары;

3) сақтандыру ұйымы жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері сомасының осы баптың 1) тармақшасында көрсетілмеген қаражат есебінен төленген сақтандыру сыйлықақыларының сомасынан асып кетуі болып табылады.

 

176-бап. Салық сомасын есептеу

Жеке табыс салығының сомасы жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша төлем көзінен салық салынатын, осы Кодекстің 175-бабына сәйкес айқындалатын табыс сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен есептеледі.

 

20-тарау. ТӨЛЕМ КӨЗІНЕН САЛЫҚ САЛЫНБАЙТЫН ТАБЫСТАР

 

177-бап. Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар

Мынадай табыс түрлері төлем көзінен салық салынбайтын табыстарға жатады:

1) мүліктік табыс;

2) дара кәсіпкердің табысы;

3) жекеше нотариустар мен адвокаттардың табысы;

4) басқа да табыстар.

 

178-бап. Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеу

1. Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық төлеуші салық кезеңі үшін осы баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетілген салық төлеушілерді қоспағанда, төлем көзінен салық салынбайтын табыс сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен дербес жүргізеді.

Егер осы бапта және осы Кодекстің 182-бабында өзгеше белгіленбесе, төлем көзінен салық салынбайтын табыс осы Кодекстің 156-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, салық салуға жататын табыс пен осы Кодекстің 166-бабы 5 және 6-тармақтарының ережелері ескеріліп, осы Кодекстің 166-бабының 1-тармағында белгіленген салық шегерімдері арасындағы айырма ретінде айқындалады.

2. Жекеше нотариустар мен адвокаттардың табыстарын қоспағанда, салық төлеушіде төлем көзінен салық салынбайтын табыстардың бірнеше түрі болған кезде жеке табыс салығын есептеуді салық төлеуші осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы төлем көзінен салық салынбайтын барлық табыс түрлерінің сомасына қолдану жолымен дербес жүргізеді.

3. Осы Кодекстің 166-бабының 1-тармағында белгіленген салық шегерімдері, егер көрсетілген шегерімдер қызметкердің табысын айқындаған кезде жүргізілмеген болса, төлем көзінен салық салынбайтын табыстардың жиынтық сомасы бойынша жеке табыс салығын есептеу кезінде қолданылады.

4. Осы баптың 5-тармағында көрсетілгендерінен басқа дара кәсіпкерлер салық кезеңі үшін дара кәсіпкердің табысы бойынша салықты есептеуді дербес жүргізеді. Салық сомасы дара кәсіпкердің осы Кодекстің 133-бабында көзделген табыстары мен шығыстары сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабына сәйкес ауыстырылатын шығындар сомасына азайтылған табысына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен есептеледі.

5. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер осы Кодекстің 61-тарауына сәйкес арнаулы салық режимдерінде көрсетілген шеңберде салық салынатын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеуді жүргізеді.

 

179-бап. Салық төлеу мерзімдері

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

1. Салық кезеңінің қорытындысы бойынша жеке табыс салығын төлеуді салық төлеуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша дербес жүзеге асырады.

2. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер осы Кодекстің 61-тарауына сәйкес арнаулы салық режимдерінде көрсетілген шеңберлерде салық салынатын табыстар бойынша жеке табыс салығын төлеуді жүргізеді.

 

§ 1. Мүліктік табыс

 

180-бап. Мүліктік табыс

1. Салық төлеушінің салық салуға жататын мүліктік табысына:

1) мүлікті өткізу кезінде құн өсімінен түскен табыс;

2) салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға мүлікті жалға беруден алынған табыс жатады.

2. Мына мүліктерді:

1) меншік құқығында он екі айдан аз уақыт болған тұрғын жайларды, саяжай құрылыстарын, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін;

2) меншік құқығында он екі айдан аз уақыт болған, жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, саяжай құрылысы, гараж салу үшін берілген, сол жерлерде осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін;

3) егер жер учаскесін және (немесе) жер үлесін сатып алуға және иеліктен айыруға арналған құқық белгілейтін құжаттарды жасау күндері арасындағы кезең он екі айдан аз уақытты құраса, жеке тұрғын үй құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бау-бақша, саяжай құрылысы, гараж салу үшін берілген, осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген объектілер орналаспаған жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін;

4) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілмеген мақсаттар үшін берілген жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін;

5) бағалы қағаздарды, сондай-ақ заңды тұлғадағы қатысу үлестерін;

6) осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, жылжымайтын мүлікті;

7) меншік құқығында он екі айдан аз уақыт болған, мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдарын және тіркемелерді өткізу кезіндегі құн өсімі мүлікті өткізу кезіндегі құн өсімінен түскен табыс болып табылады.

Сенім білдірілген адам механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені иеліктен айыруға құқық беретін басқару сенімхаты негізінде алған механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені өткізген жағдайда мүліктік табысты айқындау үшін көлік құралының иесіне осы көлік құралының өткізілу құнын хабарлайды немесе көлік құралы иесінің атынан жеке табыс салығын төлеуді жүргізеді, бұл көлік құралы иесінің салықтық міндеттемесін орындау болып табылады.

Сенім білдірілген адам механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені иеліктен айыруға құқық беретін басқару сенімхаты негізінде алған механикалық көлік құралын және (немесе) тіркемені өткізген кезде құн өсімі сенім білдірілген адамның меншік иесі атынан осы көлік құралын өткізу құны мен өткізілген көлік құралының меншік иесі сатып алған құн арасындағы оң айырма ретінде айқындалады.

3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мүлікті өткізу құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма, бағалы қағаздар мен қатысу үлестерін қоспағанда, осы баптың 2-тармағында көрсетілген мүлікті өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін табыс болып табылады.

Сатып алу құны болмаған кезде мүлікті өткізу құны мен өткізілетін мүлікке меншік құқығы туындау кезіндегі нарықтық құн арасындағы оң айырма құн өсімі болып табылады.

4. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жолымен сатып алынған жылжымайтын мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу құны мен өткізілген мүлікке меншік құқығы туындау кезіндегі нарықтық құн арасындағы, бірақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шартында көрсетілген сомадан төмен болмайтын оң айырма құн өсімі болып табылады.

5. Меншік құқығы туындау кезінде осы баптың 2-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетілген өткізілген мүліктің нарықтық құнын салық төлеуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кешіктірмей айқындауға тиіс.

Осы тармақтың мақсаты үшін Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн нарықтық құн болып табылады.

6. Меншік құқығы туындау кезінде осы баптың 2-тармағының1) және 6) тармақшаларында көрсетілген өткізілген мүліктің нарықтық құны болмаған жағдайда, мүлікті өткізу құны мен мүлікті бағалау құны арасындағы оң айырма құн өсімі болып табылады. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган өткізілген мүлікке меншік құқығы туындаған жылдың 1 қаңтарына мүлік салығын есептеу үшін айқындаған құн бағалау құны болып табылады.

7. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, бағалы қағаздарды және қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімі осы Кодекстің 87-бабының 4-тармағына сәйкес айқындалады.

8. Өткізу құны мен сатып алу құны арасындағы оң айырма жеке тұлға опцион бойынша сатып алған бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімі болып табылады. Сатып алу құны опционды орындау бағасын және опционды сатып алу жөніндегі шығындарды қамтиды.

 

§ 2. Жекеше нотариустар мен адвокаттардың табысы

 

181-бап. Жекеше нотариустар мен адвокаттардың табысы

Заң көмегін көрсеткені, нотариаттық іс-әрекеттер жасағаны үшін ақы төлеуді қоса алғанда, нотариаттық және адвокаттық қызметті жүзеге асырудан алынған барлық табыс түрлері, сондай-ақ қорғау мен өкілдікке байланысты шығыстарды өтеуден алынған сомалар жекеше нотариустар мен адвокаттардың табысы болып табылады.

 

182-бап. Салықты есептеу және төлеу

1. Жекеше нотариустар мен адвокаттардың табыстары бойынша жеке табыс салығының сомасы алынған табыстың сомасына осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы қолдану жолымен бір айға алынған табыстар бойынша, әрбір айдың қорытындылары бойынша есептеледі.

2. Есептелген салық сомасы табыстары бойынша салық есептелген айдан кейінгі айдың 5-інен кешіктірілмей ай сайын төлеуге жатады.

 

§ 3. Дара кәсіпкердің табысы

 

183-бап. Дара кәсіпкердің табысы

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, дара кәсіпкердің табысы осы Кодекстің 83 - 133136, 137, 224-баптарына сәйкес корпоративтік табыс салығы салынатын объектіні айқындау үшін белгіленген тәртіппен айқындалады.

2. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің табысы осы Кодекстің 61-тарауына сәйкес айқындалады.

 

§ 4. Басқа табыстар

 

184-бап. Басқа табыстар

1. Мыналар салық төлеушінің салық салуға жататын басқа табыстарына жатады:

1) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар;

2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, салық агенттері болып табылмайтын дипломатиялық және соларға теңестірілген өкілдіктерге Қазақстан Республикасында қызметтер көрсетуден, жұмыстарды орындаудан түсетін табыстар;

3) үй қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасасқан еңбек шарттары бойынша алынған табыстары.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген табыстарға салық салу осы Кодекстің 27-тарауында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүргізіледі.

 

21-тарау. ЖЕКЕ ТАБЫС САЛЫҒЫ БОЙЫНША ДЕКЛАРАЦИЯ

 

185-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларация

1. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны мына резидент салық төлеушілер:

1) дара кәсіпкерлер;

2) жекеше нотариустар, адвокаттар;

3) мүліктік табыс алған жеке тұлғалар;

4) басқа табыстар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде табыстар алған жеке тұлғалар;

5) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарда ақшасы бар жеке тұлғалар табыс етеді.

2. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, судьялар, сондай-ақ жеке тұлғалар табыстары мен Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тысқары жерлерде де орналасқан және салық салу объектісі болып табылатын мүлкі туралы декларацияны табыс етеді.

3. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер осы Кодекстің 427-бабына сәйкес салық салу объектісіне қосылатын табыстар бойынша жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс етпейді.

 

2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен 186-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)

186-бап. Декларацияны табыс ету мерзімдері

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке табыс салығы бойынша декларация орналасқан (тұрғылықты) жердегі салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.

 

187-бап. Салық төлемінің расталмауы

Осы Кодекстің 185-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына және 2-тармағына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларация табыс етуші салық төлеушілер жеке табыс салығын төлегенін растамаған жағдайларда, жеке табыс салығын есептеу осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында белгіленген ставканы жеке табыс салығының төленгені расталмаған табыс сомасына қолдану жолымен жүргізіледі.

 

7-БӨЛІМ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

22-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

188-бап. Халықаралық салық салудың негізгі принциптері

1. Қазақстан Республикасының резиденттері Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан салықтар төлейді.

2. Қазақстан Республикасында резидент еместер осы Кодекстің ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан салық төлейді.

Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместер Қазақстан Республикасында осы Кодекстің ережелеріне сәйкес мұндай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстардан да салық төлейді.

3. Резиденттер мен резидент еместер Қазақстан Республикасында осы Кодексте белгіленген өзге де салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді осындай міндеттемелер туындаған кезде төлейді.

 

189-бап. Резиденттер

1. Қазақстан Республикасында тұрақты болатын немесе Қазақстан Республикасында тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында орналасқан жеке тұлғалар осы Кодекстің мақсатында Қазақстан Республикасының резиденттері деп танылады.

2. Жеке тұлға ағымдағы салық кезеңінде аяқталатын кез келген үздіксіз он екі айлық кезеңде кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күн Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салық кезеңі үшін Қазақстан Республикасында тұрақты болатын жеке тұлға деп танылады.

Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасында болатын күнінің бір бөлігі бір толық күн ретінде есептеледі.

Егер ағымдағы салық кезеңінде және алдыңғы екі салық кезеңінде Қазақстан Республикасында болған күндердің саны кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күнді құраса, жеке тұлға ағымдағы салық кезеңі үшін Қазақстан Республикасында тұрақты болатын жеке тұлға деп танылады. Бұл ретте тұрақты болу әрбір салық кезеңіне төменде көрсетілген коэффициенттер қолданылып мынадай формула бойынша айқындалады:

1 х ағымдағы салық кезеңінде болған күндер санына + 1/3 х алдыңғы бірінші салық кезеңінде болған күндер санына + 1/6 х алдыңғы екінші салық кезеңінде болған күндер санына, мұндағы:

1 - ағымдағы салық кезеңіне арналған коэффициент;

1/3 - алдыңғы бірінші салық кезеңіне арналған коэффициент;

1/6 - алдыңғы екінші салық кезеңіне арналған коэффициент.

Егер жеке тұлға ағымдағы салық кезеңінде Қазақстан Республикасында күнтізбелік отыз күннен аз тұрған болса, онда мұндай жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты болатын адам деп танылмайды.

Егер жеке тұлға Қазақстан Республикасында болуы аяқталатын жылдан кейінгі жылда резидент болмаса, мұндай тұлға осы тармақтың мақсатында Қазақстан Республикасында болуының соңғы күнінен кейінгі кезең үшін резидент емес ретінде қарастырылады.

3. Бір мезгілде мынадай талаптар орындалған кезде:

1) жеке тұлғада Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;

2) жеке тұлғаның отбасы және (немесе) жақын туыстары Қазақстан Республикасында тұрса;

3) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасында кез келген уақытта тұруы және (немесе) оның отбасы мүшелерінің тұруы үшін қолжетімді, оған және (немесе) оның отбасы мүшелеріне меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса, жеке тұлғаның өмірлік мүдделерінің орталығы Қазақстан Республикасында орналасқан деп қарастырылады.

4. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдамай, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ету туралы өтініш берген:

1) мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген адамдар, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ аталған жеке тұлғалардың отбасы мүшелері;

2) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына немесе азаматтарына тиесілі көлік құралдарының экипаж мүшелері;

3) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан әскери базалардың, әскери бөлімдердің, топтардың, контингенттердің немесе құрамалардың әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;

4) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан және Қазақстан Республикасының немесе Қазақстан Республикасының субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтіндер;

5) оқу немесе практикадан өту мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген студенттер, тағылымдамадан өтушілер мен практиканттар оқу немесе практикадан өтудің бүкіл кезеңінде;

6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер сабақ берудің немесе аталған жұмыстарды орындаудың бүкіл кезеңінде;

7) емделу немесе сауықтырудан өту, профилактикалық ем алу мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасында тұрған уақытына және осы бапта көзделген басқа да кез келген өлшемдерге қарамастан, резидент жеке тұлғалар деп танылады.

5. Осы Кодекстің мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және (немесе) тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын өзге заңды тұлғалар да Қазақстан Республикасының резиденттері деп танылады.

Нақты органның (директорлар кеңесінің немесе сол сияқты органның) негізгі басқару және (немесе) бақылау жүзеге асырылатын, сондай-ақ заңды тұлғаның кәсіпкерлік қызметін жүргізу үшін қажетті стратегиялық коммерциялық шешімдер қабылданатын жиналысы өткізілетін орын тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) деп танылады.

 

190-бап. Резидент еместер

Осы Кодекстің мақсатында мыналар:

1) осы Кодекстің 189-бабының ережелеріне сәйкес резидент болып табылмайтын жеке және заңды тұлғалар;

2) осы Кодекстің 189-бабының ережелеріне қарамастан, қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резидент еместер болып танылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар резидент еместер деп танылады.

2. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес резидент емес болып танылатын жеке тұлға болатын (тұрғылықты) жеріндегі салық агентіне немесе салық органына табысты алған күннен кешіктірмей немесе салық есептілігін табыс ету кезінде мынадай құжаттарды:

резидент еместің резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабының 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін құжатты;

жеке басын куәландыратын құжаттың (паспорттың) нотариаттық куәландырылған көшірмесін табыс етуге міндетті.