(БҰРЫНҒЫ РЕДАКЦИЯ) САЛЫҚ ЖӘНЕ БЮДЖЕТКЕ ТӨЛЕНЕТІН БАСҚА ДА МІНДЕТТІ Т...

Предыдущая страница

Осы Кодекстің 643-бабына сәйкес алкоголь өнімін таңбалауға арналған бүлінген немесе жоғалған (оның ішінде ұрланған) есепке алу-бақылау маркалары бойынша акцизді есептеу маркада көрсетілген сауыттың (ыдыстың) көлеміне қолданылатын белгіленген ставкалар негізінде жүргізіледі.

2. Акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары бүлінген, жоғалған кезде мынадай жағдайларда:

1) акциз маркалары, есепке алу-бақылау маркалары төтенше жағдайлар нәтижесінде бүлінсе, жоғалса;

2) бүлінген акциз маркаларын, есепке алу-бақылау маркаларын салық органдары жоюға жасалған есептен шығару актісі негізінде қабылдаса, акциз төленбейді.

 

287-бап. Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын бензин

(авиациялық бензинді қоспағанда)  мен дизель отынын көтерме және бөлшек саудада

өткізуге жатқызу өлшемдері

1. Егер сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша сатып алушы акцизделетін бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын қабылдауға және оларды одан әрі өткізу үшін пайдалануға міндеттенсе, осы сатып алу-сату (айырбастау) шарты бойынша:

1) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын өндіруші;

2) осы Кодекстің 574-бабына сәйкес жекелеген қызмет түрлері бойынша тіркеу есебінде тұрған және бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын одан әрі өткізу мақсатында сатып алуды не олардың импортын жүзеге асырған салық төлеуші ұсынушылар болып табылған жағдайда аталған тауарларды өткізу көтерме саудада өткізу саласына жатқызылады.

Көтерме саудада өткізу саласына одан әрі өткізу үшін құрылымдық бөлімшелерге бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын тиеп жөнелту де жатқызылады.

2. Бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын бөлшек саудада өткізу саласына осы баптың 1-тармағында аталған ұсынушылар жүзеге асыратын:

1) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын заңды тұлғаларға (оның ішінде шетелдік заңды тұлғаларға) және дара кәсіпкерлерге олардың өндірістік мұқтаждары үшін өткізу;

2) бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын жеке тұлғаларға өткізу;

3) өндірілген немесе одан әрі өткізу үшін сатып алынған бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын өзінің өндірістік мұқтаждарына пайдалану операциялары жатады

 

288-бап. Акцизделетін тауарлар экспортын растау

1. Акцизделетін тауарларды экспортқа өткізу кезінде осы Кодекстің 281-бабының 3-тармағына сәйкес салық салудан босатудың негізділігін растау үшін салық төлеуші орналасқан жері бойынша салық органына алпыс жұмыс күні ішінде міндетті түрде мына құжаттарды:

1) экспортталатын акцизделетін тауарларды ұсынуға арналған шартты (келісімшартты);

2) акцизделетін тауарларды экспорт режимінде шығаруды жүзеге асырған кеден органының белгілері бар жүктің кедендік декларациясын немесе оның кеден органы куәландырған көшірмесін табыс етеді.

Акцизделетін тауарларды экспорт режимінде магистральдық құбыр жүйесімен не толық емес мерзімдік декларациялау рәсімін қолдана отырып әкеткен жағдайда кеденді ресімдеуді жүргізген кеден органының белгісі бар жүктің толық кедендік декларациясы экспортты растау болып табылады;

3) Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы өткізу пунктінде орналасқан кеден органының белгісі бар тауардың ілеспе құжаттарының көшірмелерін табыс етеді.

Акцизделетін тауарларды экспорт режимінде магистральдық құбыр жүйесімен әкеткен жағдайда тауардың ілеспе құжаттары көшірмелерінің орнына тауарларды қабылдау-тапсыру актісі табыс етіледі;

4) салық төлеушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында ашылған банк шоттарына акцизделетін тауарларды өткізуден түскен нақты түсімді растайтын төлем құжаттары мен банк көшірмесін табыс етеді.

2. Қазақстан Республикасы акцизделетін тауарлар экспортын акцизден босатуды көздейтін халықаралық шарттар жасасқан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге акцизделетін тауарлар экспортталған кезде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан экспорт режимінде әкетілген акцизделетін тауарларды импорттаған елде ресімделген жүктің кедендік декларациясының көшірмесі қосымша табыс етіледі.

3. Акцизделетін тауарларды экспортқа өткізу осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес расталмаған жағдайда, мұндай өткізу Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін тауарларды өткізу үшін осы тарауда белгіленген тәртіппен акциз салынуға жатады.

 

289-бап. Акциз сомасын есептеу

Акциз сомасын есептеу белгіленген акциз ставкасын салық базасына қолдану арқылы жүргізіледі.

 

290-бап. Салық базасын түзету

Салық базасы акцизделетін тауарды қайтару жүргізілген салық кезеңінде түзетіледі.

Осы бапқа сәйкес салық базасының мөлшерін түзету түзетуге жататын акциздің сомасы бөлек жазып көрсетілген қосымша шот-фактураның, сондай-ақ акцизделетін тауарды қайтару үшін негіздемені растайтын екі жақты актілердің және шартта (келісімшартта) аталған қайтару жағдайларын растайтын басқа да құжаттардың негізінде жүргізіледі.

 

291-бап. Салықтан шегерім жасау

1. Салық төлеушінің осы Кодекстің 289-бабына сәйкес есептелген акциз сомасын осы бапта белгіленген шегерімдерге азайтуға құқығы бар.

2. Осы бапқа сәйкес басқа акцизделетін тауарларды өндіру үшін негізгі шикізат ретінде пайдаланылған акцизделетін тауарлар бойынша акциз сомалары шегерімге жатады.

3. Мыналар:

1) акцизделетін тауарларды сатып алған немесе оны Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттаған кезде Қазақстан Республикасының аумағында;

2) өзі өндірген акцизделетін шикізат үшін;

3) алыс-берістік акцизделетін шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомалары шегерімге жатады.

Спирттің барлық түрлеріне, шикі мұнайға, газ конденсатына акциз сомалары шегерімге жатпайды.

4. Салық кезеңінде акцизделетін тауарлар дайындауға нақты пайдаланылған акцизделетін шикізат көлемі негізінде есептелген акциз сомасына шегерім жасалады.

5. Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін шикізатты сатып алу кезінде төленген акциз сомаларының шегерімі мынадай құжаттар:

1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;

2) төлем құжаттары немесе акцизделетін шикізатқа төлем жасалғанын растайтын бақылау-кассалық машинаның чектері;

3) акцизделетін шикізат ұсынудың тауар-көлік жүкқұжаттары;

4) акциздің сомасы бөлек жазып көрсетілген шот-фактура;

5) купаж актілері (алкоголь өнімін өндіру кезінде);

6) өндірісте акцизделетін шикізатты есептен шығару актісі болған кезде жүзеге асырылады.

6. Өз өндірісінде акцизделетін шикізат үшін төленген акциз сомаларының шегерімі мынадай құжаттар:

1) төлем құжаттары немесе акциздің бюджетке төленгенін растайтын өзге де құжаттар;

2) купаж актілері (алкоголь өнімін өндіру кезінде);

3) өндірісте акцизделетін шикізатты есептен шығару актісі болған кезде жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының аумағына акцизделетін шикізаттың импорты кезінде төленген акциз сомаларының шегерімі мынадай құжаттар:

1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;

2) төлем құжаттары немесе кедендік ресімдеу кезінде акциздің бюджетке төленгенін растайтын өзге де құжаттар;

3) импортталатын акцизделетін шикізатқа арналған жүктің кедендік декларациясы;

4) купаж актілері (алкоголь өнімін өндіру кезінде);

5) өндірісте акцизделетін шикізатты есептен шығару актісі болған кезде жүзеге асырылады.

8. Алыс-берістік акцизделетін шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомасы да мынадай құжаттар:

1) алыс-берістік акцизделетін шикізаттың меншік иесі мен қайта өңдеушінің арасындағы шарт;

2) төлем құжаттары немесе алыс-берістік акцизделетін шикізат меншік иесінің акцизді бюджетке төлегенін растайтын өзге де құжаттар;

3) акцизделетін шикізатты босатуға арналған жүкқұжаты немесе қабылдап алу-беру актісі болған кезде шегерімге жатады.

9. Акцизделетін тауарларды өндірушілер Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін шикізатты сатып алу немесе оның импорты кезінде төлеген акциз сомалары осы шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарлар үшін есептелген акциз сомасынан асып түскен жағдайда, мұндай асып кету сомасы шегерімге жатпайды.

 

292-бап. Акциз төлеу мерзімдері

1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, акцизделетін тауарларға акциз есепті салық кезеңінен кейінгі айдың 15-нен кешіктірілмей бюджетке аударылуға жатады.

2. Алыс-берістік шикізат пен материалдардан өндірілген акцизделетін тауарлар бойынша акциз өнімді тапсырыс берушіге немесе тапсырыс беруші көрсеткен тұлғаға берілген күні төленеді.

3. Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген шикі мұнайды, газ конденсатын өнеркәсіптік қайта өңдеуге беру кезінде акциз олар берілген күні төленеді.

4. Шарап материалын және сыраны қоспағанда, осы Кодекстің 279-бабының 2) тармақшасында белгіленген акцизделетін тауарларға акциз есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін төленеді.

 

293-бап. Акциз төленетін жер

1. Осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, акциз төлеу салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.

2. Бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынын көтерме, бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын акциз төлеушілер акцизді салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша төлейді.

 

294-бап. Салық төлеушілердің құрылымдық бөлімшелер, салық салуға байланысты объектілер үшін акциз  есептеу мен төлеу тәртібі

1. Құрылымдық бөлімшелер, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер салық кезеңі ішінде жүргізген акциз салынатын операциялар бойынша акциздің есеп-қисабы (бұдан әрі бөлім бойынша - акциз бойынша есеп-қисап) жеке жасалады.

Акциз бойынша есеп-қисап негізінде құрылымдық бөлімше, сондай-ақ салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциздің сомасы айқындалады.

2. Акциз төлеушілер құрылымдық бөлімшенің, салық салуға байланысты объектінің орналасқан жері бойынша салық органына акциз бойынша есеп-қисапты осы Кодекстің 296-бабында белгіленген мерзімде табыс етуге міндетті.

Бір салық органында тіркелген салық салуға байланысты бірнеше объектісі бар акциз төлеушілер барлық объектілері үшін акциз бойынша бір есеп-қисапты табыс етеді.

3. Ағымдағы төлемдерді қоса алғанда, құрылымдық бөлімшелер, салық салуға байланысты объектілер үшін акциз төлеуді акциз төлеуші заңды тұлға тікелей өзінің банк шотынан төлейді немесе ол құрылымдық бөлімшеге жүктеледі.

4. Дара кәсіпкерлер салық салуға байланысты объектілер үшін төленуге жататын акциз бойынша есеп-қиспаты салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша табыс етеді.

 

295-бап. Салық кезеңі

Акцизге қатысты күнтізбелік ай салық кезеңі болып табылады.

 

296-бап. Салық декларациясы

1. Әрбір салық кезеңі аяқталған соң салық төлеушілер өзінің орналасқан жері бойынша салық органдарына акциз жөніндегі декларацияны есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-нен кешіктірмей табыс етуге міндетті.

2. Акциз төлеушілер декларациямен бір мезгілде акциз бойынша есеп-қисапты табыс етеді.

 

40-тарау. АКЦИЗДЕЛЕТІН ТАУАРЛАРДЫҢ ИМПОРТЫНА

САЛЫҚ САЛУ

 

297-бап. Импортталатын акцизделетін тауарлардың  салық базасы

1. Тұрлаулы акциз ставкалары белгіленген акцизделетін тауарларды Қазақстан Республикасының кеден аумағына импорттау кезінде салық базасы импортталатын акцизделетін тауарлардың заттай түрдегі көлемі ретінде айқындалады.

2. Адвалорлық акциз ставкалары белгіленген акцизделетін тауарларды импорттау кезінде салық базасы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес импортталатын акцизделетін тауарлардың кедендік құны ретінде айқындалады.

 

298-бап. Импортталатын акцизделетін тауарларға акциз төлеу мерзімдері

1. Импортталатын акцизделетін тауарларға акциздер, осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында кеден төлемдерін төлеу үшін айқындалған күні кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен төленеді.

2. Акциз маркаларын, есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейін осы Кодекстің 653-бабына сәйкес таңбалануға жататын импортталатын акцизделетін тауарларға акциз төленеді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған акцизделетін тауарлардың нақты импортын жүзеге асыру кезінде акциз сомасы нақтылануға жатады.

 

299-бап. Акцизден босатылған акцизделетін тауарлардың импорты

1. Жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нормалар бойынша импорттайтын акцизделетін тауарларына акциз салынбайды.

2. Мынадай импортталатын акцизделетін тауарлар:

1) жол бойы бағытында және аралық аялдама пункттерінде халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарын пайдалану үшін қажетті акцизделетін тауарлар;

2) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізгенге дейін бүлінуі салдарынан бұйымдар және материалдар ретінде пайдалануға жарамсыз болып қалған акцизделетін тауарлар;

3) шет елдің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктердің ресми пайдалануы үшін, сондай-ақ осы өкілдіктердің дипломатиялық және әкімшілік-техникалық персоналы қатарындағы адамдардың, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, жеке пайдалануы үшін әкелінген акцизделетін тауарлар акциз төлеуден босатылады. Аталған тауарлар Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес акциз төленуден босатылады;

4) Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізілетін, «Еркін айналым үшін тауарлар шығару» режимін қоспағанда, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген кеден режимдері шеңберінде босатылатын акцизделетін тауарлар;

5) сыйымдылығы 0,1 литрден аспайтын тұтынушы ыдысына құйылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім (бальзамдардан басқа) акциз төлеуден босатылады.

 

10-БӨЛІМ. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ

 

41-тарау. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ

 

300-бап. Төлеушілер

Осы Кодекстің 308-бабының 2-тармағында көрсетілген келісімшарттың шеңберінде өндірілген шикі мұнай, газ конденсаты көлемін экспорттайтын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, шикі мұнайды, газ конденсатын, көмірді экспортқа өткізетін жеке және заңды тұлғалар экспортқа рента салығын төлеушілер болып табылады.

 

301-бап. Салық салу объектісі

Экспортқа өткізілетін шикі мұнайдың, газ конденсатының, көмірдің көлемі экспортқа рента салығын салу объектісі болып табылады.

 

302-бап. Есептеу тәртібі

1. Экспортқа нақты өткізілетін шикі мұнай, газ конденсаты бойынша шикі мұнайдың, газ конденсатының көлемі және осы Кодекстің 334-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен есептелген әлемдік баға негізінде есептелген экспортталатын шикі мұнайдың, газ конденсатының құны экспортқа рента салығын есептеу үшін салық базасы болып табылады.

Экспортқа іс жүзінде өткізілетін көмірдің көлемін негізге ала отырып есептелген экспортталатын көмірдің құны көмір бойынша экспортқа рента салығын есептеу үшін салық базасы болып табылады.

2. Экспортқа рента салығын төлеудің ақшалай нысаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шикі мұнай, газ конденсаты жөніндегі шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік орган мен салық төлеушінің арасында жасалатын қосымша келісімде белгіленген тәртіппен заттай нысанға ауыстырылуы мүмкін.

Шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеу тәртібі осы Кодекстің 346-бабында белгіленген.

 

303-бап. Экспортқа рента салығының ставкалары

Шикі мұнайдың, газ конденсатының экспорты кезінде экспортқа рента салығы мынадай ставкалар бойынша есептеледі:

 

 

Көмірді экспорттау кезінде экспортқа рента салығы 2,1 проценттік ставка бойынша есептеледі.

 

304-бап. Салық кезеңі

Күнтізбелік тоқсан экспортқа рента салығын төлеу бойынша салық кезеңі болып табылады.

 

305-бап. Төлеу мерзімдері

Салық төлеуші бюджетке салықтың есептелген сомасын салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-нен кешіктірмей төлеуге міндетті.

 

306-бап. Салық декларациясы

Экспортқа рента салығы жөніндегі декларация салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-нен кешіктірілмей табыс етіледі.

 

11-БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАРҒА

САЛЫҚ САЛУ

 

42-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

307-бап. Осы бөлімде реттелетін қатынастар

1. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шеңберінде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушылар осы Кодексте белгіленген барлық салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлейді.

2. Осы бөлім жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізген кезде жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтарын есептеу және төлеу тәртібін белгілейді.

3.Жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары:

1) жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерін;

а) қол қойылатын бонусты;

б) коммерциялық табу бонусын;

в) тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемдерді;

2) пайдалы қазбаларды өндіру салығын;

3) үстеме пайда салығын қамтиды.

Осы бөлімдегі арнайы ұғымдар мен терминдердің Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында айқындалған маңызы бар.

4. Кен орындарын (кен орындары тобын, кен орындарының бір бөлігін) рентабельдігі төмен, қоюлығы жоғары, суланған, шағын дебетті және игерілген санатқа жатқызу тәртібін, олардың тізбесі мен салық салу тәртібін осы бөлімде белгіленген салықтар мен арнаулы төлемдер бөлігінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

 

308-бап. Жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды

жүргізу жөніндегі қызметке салық салу

1. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салық міндеттемелерін есептеу, осы баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған, міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта айқындалған салық режимі салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер үшін сақталады, мұндай келісімнің (келісімшарттың) ережелеріне сәйкес оларға қатысты салық режимінің тұрақтылығы тікелей көзделген, мұндай келісімнің (келісімшарттың) белгіленген бүкіл қолданылу мерзімі ішінде тек қана оның тараптарына қатысты, сондай-ақ осы баптың 3-тармағына сәйкес сенім білдірілген адамдарға (операторларға) қатысты қолданылады, мұндай келісімнің (келісімшарттың) тараптары болып табылмайтын тұлғаларға немесе осы баптың 3-тармағына сәйкес сенім білдірілген адамдарға (операторларға) қолданылмайды және тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін.

Төлем көзінен ұсталуға жататын, жер қойнауын пайдаланушы салық агенті ретінде әрекет ететін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты салық міндеттемелерін орындау оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Жер қойнауын пайдаланушы осы міндеттемені орындауды Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта, төлем көзінен ұсталатын салық салу тәртібін реттейтін ережелерде болуына қарамастан, осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) салық режимінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың салық режимінде көзделген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жекелеген түрлерінің күші жойылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген тәртіппен және мөлшерде, олардың қолданылу мерзімі аяқталғанға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізгенге дейін оларды бюджетке төлеуді жалғастырады.

3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы жай серіктестік (консорциум) құрамындағы бірнеше жеке және (немесе) заңды тұлғаларға тиесілі болса, онда жер қойнауын пайдалануға арналған мұндай келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылар шоғырландырылған салық есебін жүргізу үшін сенім білдірілген тұлғаны (операторды) айқындауға міндетті.

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша салық міндеттемелерін орындауды осы Кодекстің 4 және 5-баптарында белгіленген тәртіппен жай серіктестікке (консорциумға) қатысушы (қатысушылар) және (немесе) сенім білдірілген тұлға (оператор) жүргізеді.

Егер Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасында 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және міндетті салық сараптамасынан өткен өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт ережелерінде сенім білдірілген тұлғаны (операторды) айқындау көзделсе және осы келісім (келісімшарт) бойынша салық салу міндеттемесін орындауды сенім білдірілген тұлға (оператор) жүзеге асырса, онда осы сенім білдірілген тұлға (оператор) осы баптың 2-тармағына сәйкес мұндай келісімнің (келісімшарттың) тараптарына қатысты қолданылатын салық режиміне сәйкес аталған келісімнің (келісімшарттың) салық міндеттемесін орындайды.

4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметін жүзеге асыратын резидент емес жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 198 - 200-баптарына сәйкес қосымша салық салынуға жатады.

5. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалануға жасалған әрбір келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша, сондай-ақ рентабельдігі төмен, қоюлығы жоғары, суланған, шағын дебетті және игерілген кен орындарын (кен орындары тобын, осындай кен орындары тобы бойынша қызметті жүзеге асырған кезде кен орындарының бір бөлігін, бір келісімшарт шеңберіндегі кен орындарының тобын) әзірлеу кезінде, осындай кен орындары (кен орындарының тобы, бір келісімшарт шеңберіндегі осындай кен орындарының тобы бойынша қызметті жүзеге асырған кезде кен орындарының бір бөлігі) бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді осы Кодексте белгіленгендерден ерекшеленетін тәртіппен және ставкалар бойынша есептеген жағдайда, салық міндеттемелерін есептеу үшін осы Кодекстің 310-бабына сәйкес бөлек салық есебін жүргізуге міндетті.

Осы ереже кең таралған пайдалы қазбаларды, жерасты суларын, емдік балшықты өндіру жөніндегі келісімшарттарға, сондай-ақ барлаумен және (немесе) өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға қолданылмайды.

Өндірілуі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың талаптарында көзделмеген және қорларын осы мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы бекіткен мұнайды, минералды шикізатты, жерасты суларын, сондай-ақ емдік балшықты коммерциялық өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы олар бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенге дейін осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуге міндетті.

 

309-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға

жатпайтын қызметке салық салу

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салық міндеттемелерін орындау жер қойнауын пайдаланушыны салық міндеттемелері туындаған күні Қазақстан Республикасының қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінен тыс қызметті жүзеге асыру бойынша салық міндеттемелерін орындаудан босатпайды.