«Алматы қалалық сотының 2008 жылғы 16 маусымдағы үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы»
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының 2008 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 2а-252-08 Қаулысынан үзінді
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы төраға - судьяның, алқа мүшелері - судьялардың, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының көмекшісінің, сотталушы Қ., оның қорғаушысы - адвокат А., сотталушы Р.-дың қорғаушысы - адвокат Н.-ның, жәбірленушінің өкілі М.-ның қатысуларымен өткен ашық сот мәжілісінде «Оn-Line» режимінде бейнеконференцбайланыс арқылы Алматы қалалық сотының 2008 жылғы 16 маусымдағы үкіміне сотталушы Қ.-ның, оның адвокаты А.-ның және жәбірленушінің өкілі М.-ның келтірген апелляциялық шағымдарымен түскен қылмыстық істі қарады.
Аталған үкіммен
Қ., 1986 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданында туған, қазақ, орта білімді, бұрын сотталмаған,
- ҚК-нің 96-бабы 2-бөлігінің «в» тармағымен 14 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігімен 2 жылға бас бостандығынан айыруға, ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, осы қылмыстардың жиынтығымен жазаларды ішінара қосу жолымен түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған, жазаның мерзімі 2008 жылғы 14 қаңтардан бастап есептеліп, қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеу тағайындалған;
Р., 1988 жылы Семей облысы Жарма ауданында туған, қазақ, орта білімді, бұрын сотталмаған,
- ҚК-нің 363-бабымен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталған, жазаның мерзімі 2008 жылғы 11 қаңтардан бастап есептеліп, жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу тағайындалған.
Сондай-ақ, осы үкіммен Р. ҚК-нің 175-бабы 2-бөлігінің «а» тармағымен тағылған айып дәлелденбеуіне байланысты ақталған.
Іс жүргізу шығындары мен заттай дәлелдемелер туралы мәселелер ҚІЖК-нің 176 және 121-баптарына сәйкес шешілген.